Аймақтар • 11 Ақпан, 2021

Жамбылда диқандар көктемгі дала жұмыстарын бастап кетті

267 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысымен іргелес жатқан Жамбыл ауданының еңбеккерлері көктемгі дала жұмыстарын бастап кетті. Дихандар қазір жер жыртып, егіс алқаптарын әзірлеп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Жамбылда диқандар көктемгі дала жұмыстарын бастап кетті

Жамбыл ауданында ағымдағы жылы 13000 гектарға жаздық арпа себу жоспарланған. Ол үшін 2080 тонна тұқым дайындалыпты. Қазір шаруашылықтар ауа райының қолайлылығын пайдаланып көктемгі дала жұмыстарын бастап үлгерген.

«Қазір алдымызда көктемгі егіс жұмыстарын сапалы және дер кезінде өткізу міндеті тұр. Ауданда үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 57371 гектарды құрайды деп жоспарлануда. Бұл өткен жылғы егіс көлемімен салыстырғанда 568 гектарға артық. Осы орайда жаздық арпа, көкөніс-бақша және мал азығы дақылдарының егіс көлемдері ұлғайтылады. Жаздық дақылдарды орналастыру үшін аудан бойынша 28460 гектар сүдігер көтерілді», дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Темешбаев.

Көктемгі дала жұмыстарын бастағандардың бірі – Ақбастау ауылдық округі аумағында орналасқан «Шарипов» шаруа қожалығы.

«Ауа райы да қолайлы болып тұр. Арпа, бидай, жүгері егеміз деп жоспарлаған 100 гектар жерімізді дайындап жатырмыз. Алдында 220 гектар жерді қызылшаға дайындадық. Өткен жылы 100 гектар еккенбіз. Жақсы өнім алдық. Биыл қызылша егетін жердің көлемін ұлғайттық», дейді агроном Фарух Юнусов.

Қазір егіс алқабында 5 трактор жер жырту үстінде. Шаруашылық су тапшылығын болдырмау мақсатында былтыр тамшылатып суару әдісін қолданған.

Айта кету керек, шаруа қожалықтарында көктемгі дала жұмыстарын атқаратын техникаларды жөндеу аяқталған. Биыл аудан көлемінде пайдаланылатын тракторлар саны 389 дана болса, оның 364-і жөнделіп, көктемгі дала жұмыстарына сақадай сай.