Аймақтар • 11 Ақпан, 2021

Батыс Қазақстанда «Жусан» операциясымен 120 адам елге қайтарылған

360 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында шетелдегі қарулы қақтығыс аумағынан қайтарылған 120 адам бар, оның 85-і балалар деп хабарлайды Egemen.kz.

Батыс Қазақстанда «Жусан» операциясымен 120 адам елге қайтарылған

Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасының басшысы Мақсат Раманқұловтың айтуынша, «Жусан» операциясы барысында Ақ Жайық өңіріне әкелінгендердің ішінде 32 әйел, 85 бала), 3 ер адам бар екен. Балалардың 46-сы – мектеп жасында, 38-і – мектепке дейінгі жаста, біреуі – студент көрінеді.

Бұл әйелдердің діни көзқарасын анықтау және дерадикалдандыру мақсатында 70 дәріс сабағы өткізілген. Онлайн форматында 4 дәріс ұйымдастырылған.

«Оларға теологиялық сабақтар, жеке кездесулер, «онлайн» сабақтар ұйымдастырып, мұражайларға, табиғат аясына бірге шықтық. Кинотерапия, ашық конкурстар жүргізу арқылы қазақстандық қоғамның құндылықтарына баулыдық. Осындай 17 іс-шара ұйымдастырылды» дейді Мақсат Раманқұлов.

Басқарма басшысының айтуынша, жасалған жұмыстардың нәтижесі бар, аталған санаттағы әйелдердің көзқарастарында радикалды идеологияның белгілері байқалмайды. Олардың басым көпшілігі қазақстандық қоғам құндылықтарына бейімделген.

Жалпы соңғы бір жыл ішінде өңірде деструктивті діни идеологияның алдын алу және қауіпті діни ағымдардың жақтастарын оңалту бағытында мамандар 778 адамды қамтып, 1246 жеке кездесу өткізген екен. «Оңалту жұмыстарының нәтижесінде 30 ер, 19 әйел адам дәстүрлі дінге ауысты, 82 адам еліміздің қоғамдық құндылықтарына бейімделді, 32 адам кездесуден бас тартты, ал 11 адам діннен мүлдем алыстап кеткен», делінген Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасы таратқан баспасөз хабарламасында.

2020 жыл ішінде облыста діни қарым-қатынас саласы бойынша 23 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі тіркелген екен. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 4 оқиғаға көп. Заң бұзған азаматтарға тиісті құжаттар толтырылып, сот қаулысымен айыппұл салынған.

«Жалпы облыс аумағында діни ахуал тұрақты. Өңірде түрлі этностар мен конфессиялар өкілдері бейбитшілік пен бірлікте өмір сүруде», дейді Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасының басшысы Мақсат Раманқұлов.

Батыс Қазақстан