Басқа басылымдардан
Елбасы Н.Назарбаевтың Ядролық қарусыздану жөніндегі жаһандық саммитте сөйлеген сөзін әлемдік қоғамдастық жоғары бағалауда
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитте сөйлеген сөзі әлемдік жетекші бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен пікір туғызды.
Ықпалды “The Washіngton Tіmes” газетінің журналисі М.Сиф “Қазақстан – қысқа мерзімде пайда мен әскери шамшылдыққа байланысты барлық алдамшы әсерлерге қарсы тұра білген тарихтағы тұңғыш мұсылман мемлекеті, яғни өзіне тиесілі барлық әскери ядролық арсеналын өз еркімен жойған тарихтағы тұңғыш мемлекет болды”, деп мәлімдеді.
М.Сифтің пікірінше, Қазақстанның мұнай-газ кен орындары мен өзге де минералдық ресурстарды игеруде, сондай-ақ халықтың өмір сүру деңгейін арттыруда қол жеткізген ғаламат табыстары әлемдегі көптеген дамушы елдерге жарқын мысал бола алады.
Осы газетте журналист М.Коулманның “Ядролық отын банкі жөніндегі бастама халықаралық қоғамдастық тарапынан қолдау тапты” деп аталатын мақаласы да жарияланды. Онда соңғы 20 жыл бедерінде Қазақстанның ядролық қарусыздану бойынша өзінің әлемдегі орнын дәйектілікпен нығайта түскені атап көрсетіледі.
Мақала авторының пікірінше, Қазақстан қауіпсіз атом энергиясын өзі үшін және өзге де мүдделі мемлекеттер үшін дамыту бағдарламасын кеңейту бағытында өзінің геосаяси ықпалын қолдануға ұмтылып отыр.
“Haffіngton Post” (АҚШ) интернет газетінде “The Hіll” газетінің редакторы А.Айзлидің “Неліктен Қазақстан Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитте де флагман болып табылады” деп аталатын сараптамалық мақаласы жарық көрді. Онда автор Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы теңдессіз рөлі мен жасампаздық көшбасшылығын жан-жақты деректермен дәйектейді.
“Polіtіko” агенттігі (АҚШ) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Семей полигонын жауып, Қазақстанды ядролық қарудан азат етіп, шын мәніндегі көшбасшылығын айғақтады, деп атап көрсетеді. Бүгін бұл полигон қарусыздану мен болашаққа деген үміттің символы болып табылады. Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ деп жариялау туралы келісімге дәл осы жерде қол қойылған болатын.
“Хабар” агенттігінде Смитсон институты Азия бөлімшесінің директоры (АҚШ) П.Тэйлор Қазақстан – 20 жыл ішінде әлемдегі ырғақты дамып келе жатқан елдер санатына қосыла білген ғаламат мемлекет, деп мәлімдеді. П.Тэйлордың есептеуінше, Қазақстан басшысы Н.Назарбаевтың Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитте көпшіліктің назарында болғаны кездейсоқтық емес.
Қазақстан Президентінің Ресейдің “Известия” газетінде жарияланған “Алып ауқымды әлем және ядролық қауіпсіздік” деп аталатын мақаласына үнқосулар да баршылық.
“Caspіonet” телеарнасында Нидерландтың “ROІ Іnternatіonal” мемлекеттік басқару институтының директоры М.Мюйзенберг Қазақстан басшысының мақаласымен танысқаннан кейін Амстердам Қазақстанның ядролық қаруды таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі бастамасын қолдайтынын мәлімдеді.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан жанжалдарға тартылған елдердің спецификасын жақсы білгендіктен, созылмалы жанжалдар деп аталатын кикілжіңдерді реттеуде үлкен рөл атқарады.
“Клингендэйл” халықаралық қатынастар институтының (Нидерланд) қызметкері К.Темпел өз мақаласында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев МАГАТЭ-нің туы астында халықаралық ядролық отын банкін құру туралы идеяларымен бөліседі, деп мәлімдеді. Оның пікірінше, Н.Назарбаевтың барлық бастамалары халықаралық қоғамдастық тарапынан қолдау табатын болады.
“Страна и Мир” газетінде Жапонияның Азия Тынық мұхиты университетінің ғалымдары Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бейбіт антиядролық бастамаларын толықтай қолдайтындарын мәлімдеді. Олар басқа мемлекеттердің азаматтарын ядролық қаруларды таратпауға, ядролық қаруды жалпыға бірдей горизонтальді және вертикальді таратпау туралы жаңа әмбебап келісім түзуге өздерінің үндерін қосуға шақырды.