Парламент • 12 Ақпан, 2021

Дипломаттарға қойылатын талап күшейеді

421 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда бірқатар маңызды заң жобасы талқыланды. Депутаттар «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады.

Дипломаттарға қойылатын талап күшейеді

 

Заң жобасына сәйкес қазақ­стан­дық дипломаттарға қызметке кіру кезінде қойылатын талаптар күшейтіледі. Енді олар мемлекеттік тілмен қатар, шетел тілдерін білуі қа­жет болады. Құқық бұзушылық жа­са­са, дипломатиялық дәрежесі төмен­детіледі немесе одан айыру да қара­лады.

«Біріншіден, дипломатиялық қызмет туралы» заңда «Қазақстан Рес­публикасы дипломатиялық қызме­тінің ардагері» ұғымын бекі­ту ұсы­нылады. Төтенше және өкілетті елші, халықаралық ұйым­дар жанындағы Тұ­рақты (өкілет­ті) өкіл қызметін атқарған не­месе Төтенше және өкі­летті елші дип­ломатиялық дәре­жесі бар дип­ломатиялық қызмет ардагерлеріне Үкімет айқындайтын тәртіп­пен және мөлшерде ай сайын ақша­­лай төлем төленеді. Мұндай төлем­дерді жүзеге асыруға қажетті қара­жатты Республикалық бюджет комиссиясы қолдады.

Екіншіден, әлемдік саясат пен экономика саласында іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеу­лер жүргізу мақсатында дипло­ма­тиялық қызмет органдары жүйе­сіне ғылыми мекемелерді кіргізу ұсы­нылады. Бұл қадам Сыртқы істер министрлігіне қарайтын Сыртқы саяси зерттеулер институтының мәртебесін арттыруға және оның қызметінің негізгі ба­ғыттарын бекітуге мүмкіндік береді.

Үшіншіден, «Дипломатиялық пошта» ұғымын енгізіп, Үкіметтің, Сыртқы істер министрлігінің және басқа да мемлекеттік органдардың жоспарлау, жасақтау, ресімдеу және дипломатиялық поштаны жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі функцияларын бекіту ұсынылады.

Төртіншіден, Сыртқы істер ми­нис­тр­лігінің Алматы қаласындағы Өкіл­дігінің құқықтық мәртебесін заң дең­гейінде бекіту арқылы оның заңды мәртебесін анықтау және шет мемлекеттер мен ха­лық­ара­лық ұйымдардың дипло­ма­тиялық өкі­л­діктері алдында ма­ңыз­дылығын арттыру көзделген.

Бүгінде Алматыда шет мем­ле­кет­тер мен халықаралық ұйым­дардың 100-ге тарта өкілдігі жұ­мыс істейтінін және олармен өзара қарым-қатынас жасау Алматы қала­сындағы Өкілдігімізге жүктел­гендігін атап өту қажет», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

Сонымен қатар құжатта шет ел­дер­дегі мекемелер жұмысының ерек­шелігі ескеріліп, олардың шаруа­шы­лық қызметі мен қаржылық тәрті­біне бай­ланысты мәселелерді жүйе­ге кел­тіруге қатысты өзгерістер қам­тылған.

Заң жобасына қатысты Сенат Төр­ағасы Мәулен Әшімбаев пікір білдіріп, құжаттың ерекше маңызын атап өтті.

«Құжат еліміздің дипло­ма­тия­лық қызметінің құқықтық базасын же­тілдіріп, реттейді және осы саладағы өзекті мәселелерді шешуге ықпал етеді. Жоба дипло­матия саласының ардагерлерін әлеу­меттік тұрғыдан қолдауға бағыт­талған нормаларды да қам­тиды. Заң қабылданғаннан кейін еліміздің дипломатиялық қыз­ме­тінің тиімділігін арттыруға өз үлесін қосады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Депутаттар заң жобасын қарау барысында оған бірқатар түзету енгізуді ұсынды. Сенаторлар, атап айтқанда, «Дипломатиялық қызмет ар­дагері» ұғымын түзетуді және осы санатқа жататын адамдар тобын қайта қарауды ұсынды. Сондай-ақ дипломатиялық пошта бойынша елшіліктер қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерінің жеке пайдалануына арналған заттар мен техниканы жіберу құқығын алып тастауды сұра­ды. Заң жобасы Сенат енгізген түзету­лермен бірге Мәжіліске қайтарылды.

Сенаторлар «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне атом энергиясын пайдалану мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да қарады.

Баяндама жасаған Энер­гети­ка министрі Нұрлан Ноғаев­тың ай­туынша, заң жобасын қа­былдау­дың бірқатар құқықтық және әлеу­меттік-экономикалық аспекті­лері бар. Біріншіден, атом энер­гия­­сын пайдалану саласын­дағы қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету және кыз­мет­ті реттеудегі  қол­даныстағы заңна­ма­дағы құқықтық қайшылықтар жойылады. Атом энергиясы жөнін­дегі халықаралық агенттіктің қауіп­сіздік бойынша халықаралық талап­тары орындалады. Мемлекеттік орган­дардың өкілеттіктерін бөлу қор­шаған ортаны және халықтың денсау­лығын атом энергиясы пайдаланылатын объектілердің зиянды әсерінен қорғаудың тиімділігін арттырады.

Құжат отандық заңнаманың кейбір ережелерін МАГАТЭ-нің қауіпсіздік жөніндегі халықаралық талаптарына сәйкес келтіреді.

«Қабылданып отырған заң жобасы атом энергиясын пайдалануға бағытталған қызметтің қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етеді және осы саладағы заңнаманы жетілдіреді. Құжат радиациялық қауіпсіздікті күшейту мәселелерін де қамтиды. Сондай-ақ зиянды әсерлерден қоршаған ортаны және халықтың денсаулығын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттырады», деді Мәулен Әшім­баев.

Сенаторлар отырыста депу­тат­тық сауалдарын да жария етті. Ақмарал Әлназарова санитарлық авиацияны дамыту мәселесін көтерді. Нариман Төреғалиевтің сауалында ерекше қажеттіліктері бар адамдардың проблемалары және оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жайы айтылды. Нұртөре Жүсіп балалар кардиохирургиясы саласындағы ерекше назар аударуды талап ететін мәселелерге тоқталды. Сұлтан Дүй­сембинов жұмыртқа мен құс етінің қымбаттауына байланысты проблемаларды шешу жолдарын ұсынды.

 

Соңғы жаңалықтар