Былтыр елімізде төтенше жағдай жарияланғанда Өзбекстанның жүздеген азаматының шекарадан өте алмай, бірнеше күн шатырларда қонуға мәжбүр болғаны хабарланды. Олар – Ресей мен Қазақстанда еңбек етіп жүрген өзбекстандық мигранттар. Жақында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) мигранттарға қатысты зерттеуін жариялады.
Оған назар салсақ, Еуропаның кей елдері еңбек мигранттарына қатысты эпидемиялық ережелерді жеңілдеткенін көреміз. Мәселен, Германия қалалар арасындағы қатынас тоқтаған кезде де егін жинауға келген жұмысшыларды еліне қайтармай, қызметін жалғастыруға мүмкіндік берген. Бұдан олардың экономикадағы маңызын айтпасақ та түсінікті. Дегенмен де ЭЫДҰ ұйғарымы бойынша, вирус жұқтыру қаупі еңбек мигранттары арасында екі есе жоғары болған.
Пандемия кезінде шағын бизнес пен туризм жапа шекті, соның салдарынан бұл секторда қызмет еткендер де жұмыссыздар қатарына ауысты. Еуропа қонақүйлерінде қызмет ететіндердің төрттен бірі – мигранттар. Олардың көбі қысқа мерзімді келісімшартпен жұмысқа тұрғандар. Сондықтан алғашқы болып жұмыстарынан айырылды. Еңбек мигранттары дегенде қара жұмысты кәсіп қылғандар туралы ойлайтынымыз рас. Бірақ Еуропа дәрігерлерінің – 24 пайызы, ал медбикелерінің 16 пайызы – шетелдіктер.
ЭЫДҰ мәліметінше, 2020 жылдың алғашқы жартысында еңбек көші-қоны былтырғыға қарағанда екі есе азайған. Сарапшылар бұл көрсеткіштің биыл өсуі екіталай деген ой айтады. Өйткені шекаралар әлі де жабық, оның үстіне еңбек нарығының трансформациясын ескермеуге болмайды. Көп ұйым қашықтан жұмыс істеуге көшіп, тіпті оның оң тұстары туралы жиі айтып жүр. Мұндай өзгеріс еңбек мигранттарының отанына теріс әсер ететіні анық. Көші-қонның төмендеуінен сол елге келетін қаржы көлемі де азаяды. Оған қоса жергілікті еңбек нарығында бәсекелестік туғызатыны бар. Дүниежүзілік банктің дерегі бойынша, 2018 жылы еңбек мигранттары өз елдеріне 529 млрд АҚШ долларын аударған. Ресейге Орталық Азия елдерінен келген жұмысшылар отбасыларына 6 млрд АҚШ долларын жіберген.
Зерттеуге қатысқан ЭЫДҰ Еңбек және әлеуметтік қатынастар бөлімінің директоры Стефано Скарпетта «Пандемия қай еңбек нарығы болсын «бөтендердің» қажет екенін көрсетті» деген пікір айтады.
2020 жылғы қазандағы статистика бойынша, Қазақстанда 16 105 шетелдік маман шақыруға рұқсат болған. Оның 641-і басшылық қызмет болса, 1 735 адам маусымдық жұмыстарға келген. Ал қазақстандықтардың көші-қонына келсек, отандастарымыздың 3 511-і – Украинаға, 1 723-і – Таиландқа, 1 669-ы – Түркияға, 1 186-сы – Өзбекстанға, 1 065-і Сербияға кеткен.
Таиландтағы тігін фабрикалары мен қонақүйлер миллиондаған шетелдікті жұмыспен қамтып келді. Пандемия салдарынан Камбоджа мен Мьянма азаматтары жұмыссыз қалды. Шығысазиялықтарға жұмыс беріп келген Таиланд шекарасы жақында ашылды. Дегенмен, жұмысшылардың жаңа легін қабылдауға әзірлігі туралы хабар берген жоқ.
Еңбек мигранттарынан бөлек, босқындар да жапа шекті. Бұл саладағы мәселе тіпті күрделі. Еуропаның үшінші ел тұрғындарына пана болуы уақытша тоқтатылды. Грекиядағы көші-қон лагерьлері де жабылды. Германия, Аустрия, Мажарстан, Бельгия мен Нидерланд мигранттарды қабылдамайтынын ресми хабарлады. Бұған Грекиядағы лагерьлердің бірінде COVID-19 дерегінің анықталуы себеп болды.
Өткен демалыста БАҚ Еуропада вирустың таралуы бәсеңдегенін хабарлап жатты. Қатаң шектеулердің алынып жатқаны мәлім болды. Әрине дәл қазір алдағы жағдайды болжау қиын. Дегенмен, ЭҚДҰ зерттеуі еңбек мигранттарының экономиканың айнымас бөлігі екенін көрсетіп отыр. Сонымен бірге аталған ұйым бұл мәселені мемлекеттер өз жоспарына енгізіп, кешенді шешім ұсынуы керегін де ескертті. Көші-қон жағдайы келешекте қалай өріс алатыны – уақыт еншісінде.