Спорт • 12 Ақпан, 2021

Қазақстанда 2023 жылы биатлоннан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтеді

277 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Халықаралық биатлоншылар одағы (IBU) 2023 жылғы 4-12 наурыз аралығында Щучинск қаласындағы Қазақстанның республикалық шаңғы базасында жасөспірімдер арасында биатлоннан әлем чемпионатын өткізуге келісім берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда 2023 жылы биатлоннан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтеді

Қазақстан биатлоншылар одағы (ҚБО) ұзақ уақыт бойы халықаралық биатлоншылар одағымен тығыз байланыста.

2019 жылы әлем чемпионаты кезінде ҚБО президенті Ермек Қизатов бастаған қазақстандық делегация Швецияның Эстерсунд қаласында IBU президенті Олле Далинмен кездесті. Кездесу барысында Қазақстанда IBU жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын өткізуге өтінім берілді.

«Кеше ғана техникалық комитет пен халықаралық биатлоншылар одағының басқарма мүшелері Щучинск қаласында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын өткізу туралы шешім қабылдағанын растаймыз.

Ұлттық Олимпиада комитетінің (ҰОК) халықаралық спорт ұйымдарының қолдауының арқасында Қазақстанда беделді әрі ауқымды іс-шараны өткізу мүмкіндігіне қол жеткізілді.

Әлемнің 50-ден астам елінен спортшылар қатысады деп күтілуде. Бұл біздің еліміз үшін биатлонды жаңа деңгейге көтерудегі тамаша мүмкіндік болып саналады», - деп түсіндірді Қазақстан биатлоншылар одағының президенті Ермек Қизатов.

Биатлоннан Қазақстан құрамасы жыл сайын әлем кубогы мен IBU кубогының барлық кезеңіне қатысып келеді. Биатлоннан әйелдер эстафетасының ұлттық құрамасы әлем кубогының VII кезеңінің қорытындысы бойынша қазір 14/орында, ал команда көшбасшысы Галина Вишневская әйелдер арасындағы жеке жарыстың қорытындысы бойынша 9-орынға ие болды.

Щучинск қаласында шаңғы-биатлон базасы 2018 жылы ашылды. IBU тарапынан сертификаттаудан өтіп, халықаралық жарыстарды өткізу үшін «А» санатын алды.