Қарағанды топырағының басына бақ қонып, пешенесіне болашақ Тұңғыш Президентімізге жар болу жазылған перзентіне деген мұндай ыстық ықыласы мен ерекше құрметі заңды да. Сара Алпысқызы 1941 жылдың 12 ақпанында Қарағанды облысындағы Қызылжар ауылында дүниеге келген.
Ресей, Грузия және Қазақстанның қалаларын байланыстырған телекөпір жұмысына Мәскеу мен Тбилисиден, сонымен бірге Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды және Теміртау қалаларынан есімдері елге мөшһүр қайраткерлер шақырылды.
Іс-шара барысында сондай мәртебелі мейманның бірі, Ресей білім академиясының академигі, гуманистік педагогиканың халықаралық орталығының жетекшісі Шалва Амонашвили еліміздің тұңғыш бірінші ханымымен арада достық қарым-қатынастың қалай өрбігенін айтып берді.
– Бірде Сара Алпысқызы «Өзін-өзі тану» бағдарламасының екі нұсқадағы жобаларын маған жіберіп, оған баға беруімді өтінген болатын. Бұл жұмыстар өте тартымды болып шықты. Біз ұлттық дәстүр негізіндегі үздік нұсқаны таңдадық, – деп естелігімен бөлісті академик.
Сондай-ақ, телекөпірге қатысқан «Гуманистік педагогиканың рыцарлары», халықаралық қайраткерлер Паата Амонашвили мен Марина Таргакова мерейтой иесінің еңбектеріне жоғары баға берді.
Ал «Бөбек «Ұлттық ғылыми-тәжірибелік, білім беру және сауықтыру орталығы» РМҚК бас директоры Елена Сәкенова «Өзін-өзі тану» бағдарламасының бірегейлігі туралы баяндады.
Телекөпірге қатысқан Елбасының серіктестері, металлургия саласының ардагерлері Қуаныш Омашев пен Ермек Төлеубаев Теміртауда тұрған кездегі Назарбаевтар отбасына қатысты қызғылықты әңгімелерді айтып, естеліктерімен бөлісті. Олар бұл отбасының өте қонақжай болғанын атап өтіп, берекелі дастарқанның сәнін қашанда Сара Алпысқызының келтіретінін ерекше ықыласпен айтып берді.
«Bolashaq» академиясының ректоры Құралбай Меңлібаев оқу орнында гуманистік педагогика орталығының қалай құрылғаны және оның қазіргі уақыттағы тыныс-тіршілігі жайында мазмұнды баяндама жасады.
Сара Алпысқызының қыз кезіндегі тегі Қонақаева болыпты. Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы Жоғары техникалық оқу орнын (ВТУЗ) «экономист» мамандығы бойынша тәмамдағаннан кейін, еңбек жолын Қарағанды металлургия комбинатында диспетчер болып бастаған.
Сара Алпысқызының өміріндегі ең маңызды оқиға 1962 жылы болды. Сол жылы Арқаның ару қызы Қазақстанның болашақ Тұңғыш Президенті – жалындаған жас металлург Нұрсұлтан Назарбаевпен отау құрды.
Сара Назарбаева Дариға, Динара және Әлия есімді қыздарды дүниеге әкеліп, жауапты қызметтерде жүрген жұбайына адал жар, мықты сүйеу де бола білді.
Еліміздің кезіндегі Бірінші ханымы қоғамдық өмірге де белсене араласып, көптеген ізгі де игі іс-шаралардың ұйытқысы болды. Атап айтқанда, 1992 жылы «Бөбек» халықаралық қайырымдылық қорын құрды және оны басқарды. 1994 жылы «SOS - Қазақстанның балалар ауылдары» қорының президенті болды. Ал 1999 жылдың наурыз айынан бастап «Демография» қайырымдылық қорының қамқоршылық кеңесін басқарады.
Сара Алпысқызы қайырымдылық саласындағы еңбегі үшін халықаралық ұйымдардың көптеген марапаттарына ие болған. Мысалы, мерейтой иесі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының И.Дограмачи атындағы, Unity, «Кұрманжан Датқа», «Алтын жүрек» және басқа да беделді сыйлықтардың иегері. Бұдан бөлек, Ш.Айтматов атындағы алтын медалі мен балалар құқығын қорғау саласындағы ерен еңбегі үшін ЮНИСЕФ-тің арнайы сыйлығымен марапатталған.