Аймақтар • 14 Ақпан, 2021

Ауылда ауызсу тапшылығы азаяды

997 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қостанай облысында ауылдық елді мекендердің 36,1%-ы ғана ауызсумен қамтылған. Облыс орталығынан шалғай жатқан ауылдардың көбі әлі күнге дейін кеңес заманында қазылған құдықтардың суын пайдаланып келеді.

Ауылда ауызсу тапшылығы азаяды

Толғағы піскен мәселенің күрмеуі тарқатылатын кез жеткен сыңайлы. Облыс әкімдігінде өткен жиында ауызсу мәселесі арнайы талқыланып, биыл көптеген елді мекендердің сапалы сумен қамтылатыны туралы айтылды. Өңір басшысының айтуынша, 2021 жылы ауызсумен қамтамасыз етілетін ауылдардың үлесі 60,2%-ға жетпек. Ал 2025 жылға қарай облыс тұрғындарын 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамту міндеті тұр.

Облыста бүгінде ауыз су тапшылығын тартып отырған өңірдің бірі – Наурызым ауданы. Аудандағы 10 елді мекеннің үшеуі ғана орталықтандырылған су жүйе­­сіне қосылған. Қалған ауылдар ауыл болғалы ауыз суды құдықтан тар­тып ішіп отыр. Биыл кейбір елді мекен­дер­д­егі құдықтар құрғап, су басына бай­ланған шынжыр бау­­лы бақыр шелектер сарыдақтанып тот жамыла бастапты.

Мысалы, осы ауданға қарасты Өлеңді ауы­лында бүгінде жүзге жуық үй түтін түтетіп отыр. Әр аулада бір-екіден құдық бар, бірақ суы ащы болғандықтан ішуге жарамсыз. Сондықтан мұндағы жұрт ауыз су үшін ауылдың шетіндегі жалғыз құдықтың басына барып, ұзын-сонар кезек күтуге мәжбүр.

Ауыр тірлікке әбден көнбіс болып алған тұрғындар жазда қинала қо­йма­ғанымен, су тасудың тауқыметін қыс бойы тартып шығады. Әсіресе апталап ақ түлей боран соғып, көшені бе­луарға дейін қар басып қалған күндері қиын. Мұндай кезде құдыққа жету үшін бораннан кейінгі күртек қарды ом­­былап кешіп бару керек. Оның үс­тіне, соңғы екі жыл қатарынан жаз құр­­ғақ болып, айлап аптап ыстық тұ­рып алғандықтан, биыл құдықтағы су төменнен жылтырағанымен, түбінен кө­­теріл­мей қойды. Сондықтан ауыл тұр­­ғындары қорадағы бірен-саран малын суару үшін 1,5-2 шақырым жердегі көлг­е барып мұз ояды. Шамасы жоқтар шана­мен флягтап, шамасы барлар трактормен бөшкелеп су тасиды.

Былтыр «Сыбаға» бағдарламасы бо­йынша 80 бас асыл тұқымды ірі қа­ра алған Дмитрий Исаев биыл ауыл ше­тін­дегі сиыр қорасының маңынан 80 метр тереңдікке дейін ұңғыма қазып, су шы­ғара алмапты.

– Менің малыма күніне 2-3 бөшке су кетеді. Оның бәрін тракторға бөшке тиеп алып, 2 шақырым жердегі көлден тасып әкелеміз. Былтыр құдықтарда су бар еді, биыл мүлде жоқ. Менің мал ұс­тайтын ауламда 4 құдық бар, осы құдықтардан тәулігіне ары кетсе 2 текше метр су шығады. Ауыз су мәселесі де қиын болып тұр. Құдықтағы судың бәрі тұзды су. Бүкіл ауыл тұщы суы бар жалғыз құдықтан су ішіп отыр. Ауыл сыртындағы электр торабының жанында жалғыз құдық бар, сол жерге барады. Менің ауламда да бір құдық бар. Бірақ ауыл­дан шалғайлау болған соң, бұл жерге аса көп ешкім келе қоймайды. Көрші Раздольный ауылынан 16 метр қазсаң су шы­ғып тұр, біздің жердің неге иімей тұр­ғанын білмейміз, – дейді шаруа.

Жергілікті тұрғындардың айтуын­ша, бұл ауылға кеңес дәуірінде орта­лық­тандырылған су жүйесін тарту жұмыс­тары басталып, кейін тоқтап қалған екен. Өкі­ніштісі, сол кезде төселген құбырлар кейін қолды болып кетіпті.

Былтыр аудан орталығынан құрылыс бө­лімінің мамандары келіп, халықпен кез­десіп, хаттама жасап, қол қойысып, келер жылы Өлеңдіге де су келеді деген соң, ауыл тұрғындары кәдімгідей үміт­теніп қалған. Алайда аудан әкімі Тал­ғат Кәрбозов бұл мәселеде халық көп шоғырланған елді мекендер бірінші кезекте тұрғанын, Өлеңдіні сумен қамту алдағы 3-4 жылдың еншісінде екенін аңғартып: «Таяуда Раздольный ауылына су тарту құбыры мәселесі шешіледі. Сонымен қатар  Дәмді ауылына да су тарту жоспарда бар. Науырзым ауданында елді мекендерге орталықтандырылған су жүйесін тарту соңғы үш-төрт жылда қолға алынды. Алдағы уақытта тағы 2-3 елді мекенге су құбыры тартыл­са, ха­лық­ты сапалы ауыз сумен қамту көр­сет­кіші 90 пайызға маңайлап қалады», деген.

Осы мәселені биыл тағы бір анықтап ал­мақ болып аудандық тұрғын үй-ком­­муналдық шаруашылық бөліміне хабарластық. Бас маман Серікжан Әуезов­тің айтуынша, биыл 3 ауылды ауыз сумен қам­туға облыс бюджетінен 15 млн теңге қарастырылып отыр.

– Биыл Раздольныйға орталықтан­ды­рылған ауыз су құбырын тарту жұмы­сы аяқталады. Сонымен қатар Өлеңді, Дәм­­ді, Мереке ауылдарына ауыз су тарату торабы орнатылады. Бұл ауылдарда тұр­­ғындар саны аз болғандықтан, су құбы­­рын тарту тиімсіз. Сондықтан су тарат­қыш торап орнатамыз. Бұл шағын су қоймасы сияқты нәрсе. Оған арнайы су таситын автокөлік бөлініп, сырттан әкелінген ауыз сумен үзбей еселеніп отырады, – деді С.Әуезов.

Енді облыс әкімдігіндегі жиынға қай­та оралсақ, биыл облыс аумағындағы ел­ді мекендерді ауыз сумен қамтуды көз­дейтін 41 жоба іске қосылып, оның 16-сы биыл ел игілігіне табыс етіледі.

– Елбасы Н.Назарбаевтың тапсыр­масы­на сәйкес, халықты сапалы ауыз сумен қам­­тамасыз ету облыс да­муы­ның басым және стратегиялық бағыт­тарының бірі. 2020 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру басталды, оның аясында 2025 жылға қарай халықты сапалы ауыз сумен 100% қамтуды қам­тамасыз ету міндеті тұр. Ағымдағы жы­лы екі бағдарлама – «Нұрлы жер» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында ауылдық және қалалық сумен жаб­дықтау бойынша 41 жобаны іске асы­руға республикалық және жергілікті бюджеттерден 15,2 млрд теңге бөлінді, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Облыс басшылары 2022 жылға дейін об­лыс тұрғындарының 80,7%-ын, ал ауылд­ардың 82,3%-ын сапалы ауыз сумен қамтуды көздеп отыр.

 

Қостанай облысы