Қазақстан • 15 Ақпан, 2021

Қазақстанда іскерлік белсенділік неліктен төмендеп кетті?

362 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметі бойынша, 2021 жылдың қаңтар айында іскерлік белсенділік төмендеген. Қаңтарда іскерлік белсенділік индексі 48,4 деңгейін көрсеткен, деп жазады Egemen.kz

 

Қазақстанда іскерлік белсенділік неліктен төмендеп кетті?

Ұлттық банк ақша-несие саясаты департаментінің директоры Жандос Шаймардановтың айтуынша, индекстің төмендеуі көбіне өнеркәсіптегі көрсеткіштің азаюына байланысты болды. Ол салада көрсеткіш төмендеу аймағына өтіп, 49,4-ті құраған. (2020 жылғы желтоқсанда – 50,3 болған). Қызмет көрсету секторында да индекстің 47,4-ке (2020 жылғы желтоқсанда – 48,0) дейін төмендеуі байқалады. Ал құрылыстағы іскерлік белсенділік өсу аймағына қайта оралып, 51,1-ді (2020 жылғы желтоқсанда – 49,5) құрады.

«Өңірлер бойынша қаңтарда іскерлік белсенділіктің неғұрлым жоғары деңгейі Қостанай (59,6) мен Солтүстік Қазақстан (55,1) облыстарында, анағұрлым төмен деңгейі Жамбыл (43,1) мен Түркістан (44,7) облыстарында байқалды. Нақты сектор кәсіпорындары қаңтарда бизнес жүргізудің қазіргі жағдайын жалпы теріс бағалады: оң және теріс бағалау арасындағы жауаптар балансы (–)2,6 шегінде қалды. Қазіргі жағдайдың нашарлауы, көбіне, сұраныс пен салық жүктемесінің әсерінен болды» дейді Жандос Шаймарданов.

2021 жылғы қаңтарда сауалнамаға 456 кәсіпорын қатысты: құрылыста – 66, өнеркәсіпте – 172, қызмет көрсетуде – 218.

Іскерлік белсенділік индексі экономиканың нақты секторындағы жағдайды сипаттайтын озыңқы индикатор болып табылады. Бұл экономикалық үрдістердің динамикасын, бизнес-циклдің маңызды өзгеріс кезеңдерін анықтауға және болжауға мүмкіндік береді. Іскерлік белсенділік индексі Қазақстан Ұлттық Банкінің кәсіпорындар арасында ай сайын өткізетін сауалнамаларының нәтижелері бойынша дайындалады. Сауалдар кәсіпорындардың экономикалық көрсеткіштері бойынша орын алған өзгерістер мен болашақтағы өзгерісіне қатысты ақпараттарды қамтиды.