Қазақстан • 15 Ақпан, 2021

Жетісулық құсбегі этноауыл ашуды армандайды

268 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жетісу жерінде ит жүгіртіп, құс салған саятшылықтың жүлгесі үзілген емес. Бүгінде бұл дәстүр атадан балаға мирас болып жалғасуда. Балдақтаулы бүркітті бала күнінен баптап үйренген Қуаныш Исабековтің құсбегілік жолы бұл сөзімізге дәлел.

Жетісулық құсбегі этноауыл ашуды армандайды

Қуаныш бүркіт баптауды он алты жасынан бастапты. Әкеден көрген үлгі баланың өмірлік ұстанымына айналып, құсбегілік пен аңшылықты кәсіп етуге жетелеген екен. Қазір Қуаныш баптаған бүркіттер  республикалық және халықаралық деңгейдегі саятшылар байқауының жеңімпазы болып жүр. Ол үйінде жеті бүркіт, екі қаршыға, екі ителгі және сегіз тазы ит өсіріп отыр. Саятшылықты қызық пен құмарлықтан бөлек тәлімдік бағыттағы өнер деп ұғынған. Құсбегіліктің де тамыры тереңге кеткен дәстүрлі салт екенін үнемі айтып жүр. Осы мақсат оны «Жеті қазына» атты отбасылық музей ашуға әкелген. Қазір Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Нұра аулындағы бұл шағын музей өңірдегі құсбегілік өнердің өткенінен сыр шертіп, бүркіт баптаудың, ит жүгіртудің ерекшеліктерін дәріптейтін танымдық орынға айналған. Қуаныштың бұл бастамасы аңшылыққа аңсары ауған жұрттың көңілінен шығып отыр. Ит жүгіртіп, құс салатын мезгілде құсбегін арнайы іздеп келіп, саятшылықтың сырын үйреггісі келетіндердің қатары көбейетін көрінеді. Тіпті, Нұра ауылына шетелден турситер келіп, аңшылықтың қызығына кенеледі екен.

- Құсбегілік маған әкемнен ауысты. Әкеме атамнан мұра болып қалды. Енді бұл істі менің ұрпағым жалғастыруы керек қой. Жалпы, аңға салатын құс пен итті ерте жастан бастап баулып, үйреткен дұрыс. Бұл өзі асқан шыдамдылықты, сабыр мен төзімді әрі жануарлар әлеміне деген құрмет пен махаббатты талап ететін өнер десе болады. Оның үстіне бүркіт пен тазыны үнемі бабында ұстау оңай шаруа емес. Жаз мезгілінде бүркіт күнне 2-3 кг жас ет жейді. Бұл жеке адамның қатасына түсетін салмақ. Сол себепті құсбегілікті кәсіп ретінде қабылдап, шығындарын субсидиялауды енгізу керек. Қалай дегенде де ынталандыру шаралары қажет. Шүкір, елімізде бүркітшілік жақсы дамып келеді. Мысалы, Моңғолия мен Қырғызстандағы бүркітшілер Қазақстандағы құсбегілік өнерінің дамуына тәнті. Себебі  біздің елде бұл өнермен айналысатын жастар саны көп, - дейді Қуаныш.

Құсбегі енді төл өнерді төрге оздыруға бел шеше кірісіпті. Ол ұлттық мұратқа сай этноауыл ашуды ойлап жүр. Өзі туып, өскен Нұра ауылының маңында бұған толық мүмкіндік бар екен. Ауыл Алматы қаласынан 141 шақырым жерде орналасқан. Осы жер түлкі, қоян сияқты аң аулауға қолайлы мекен екен. Оның үстіне жыл сайын құсбегілікті тамашалауға 20-30 турист келеді дейді. Тіпті, сонау Еуропадан жыл сайын Нұрсаға келуді дәстүрге айналдырғандар бар екен. Яғни, Қуаныштың бүркітшілік өнері шетелдіктердің де қызығушылығын тудырып отырғаны анық.

- Туристер үшін аң аулау, біздің табиғатымыз бен әдет-ғұрпымыз өте қызықты. Әдетте құсбегілік маусымы қазан айында басталып, ақпанның ортасына дейін жалғасады. Дәл осы кезеңде туристер бірнеше топпен келіп тұрады. Олар бүркіт салып, аң аулаудың ерекшеліктерімен танысады. Биылғы маусымда пандемияға байланысты шектеулер болды. Ал былтыр Канада, Ұлыбритания, Швеция, Германия, Франциядан арнайы келгендер қатары көп болды.Олардың арасында кәсіпкерлер, саяхатшылар мен фотографтар бар. Кейбірі, тіпті, жыл сайын, осы мезгілде келуді дәстүрге айналдырған, - дейді құсбегі Қуаныш.

Айтпақшы, биыл пандемияға байланысты шектеу кезінде Қуаныш қол қусырып қарап жатпапты. Ол облыстық Кәсіпкерлер палатасынан кеңес алып, бизнес негіздерін оқытатын «Бизнес Мектеп» жобасына қатысқан. Одан кейін «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз грант алуға өтінім берді. Жоба сәтті шығып, комиссия жобаны қаржыландыруды мақұлдапты. Енді осы қаражатқа жас кәсіпкер өз ойын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Яғни, аңщылық дәстүр мен құсбегілікті дәріптейтін этноауыл ашуға кіріспек.

Қазір Қуаныш үш жас жеткіншегін ата жолына бағыттап, бүркіт баптаудың қыр-сырына үйретіп жүр екен. Бұйырса, Шығыс Қазақстан облысында және Түркияда бүркітшілердің жарысы өтпекші. Балаларының да, бүркіттерінің де ебі мен бабын сол бәйгеде сынап көрмекші

- Бүркіт те бала сияқты, ерекше қамқорлықты қажет етеді. Оларға жақсы күтім жасап, сүйіспеншілік таныту керек, сонда ғана құс екеш құс иесіне бас иеді. Ал  бүркітшінің өзі жаман әдеттерден аулақ болып, ойы мен бойын таза ұстауы  маңызды. Сол себептен құсбегілікке бала жастан келген дұрыс. - дейді ол.

 

.