Тағайындау • 15 Ақпан, 2021

Стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары тағайындалды

429 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша Алуа Серікқызы Жолдыбалина ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Egemen.kz

Стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары тағайындалды

А.С.Жолдыбалина 1978 жылы туылған, қазақ. 2002 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Саясаттану» мамандығы бойынша бітірген. 2004 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистратурасын, ал 2010 жылы докторантурасын аяқтаған.

«Саясаттағы аналитикалық орталықтар: әлемдік тәжірибе және Қазақстан» тақырыбында диссертация дайындап, қорғады. Саясаттану ғылымдарының PhD докторы. 2013 жылы University of East Anglia университетінде (Ұлыбритания) «Саяси технологиялар» мамандығы бойынша тағылымдамадан өтті.

Еңбек жолын 2003 жылы С.С. Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық университетінің философия кафедрасының оқытушысы болып бастаған. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Саясаттану кафедрасының оқытушысы және доценті болып жұмыс істеді.

2008 жылдан 2009 жылға дейін ол Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығының Стратегиялық зерттеулер департаментінің директоры қызметін атқарды. 2014 жылы конкурс бойынша ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҚСЗИ-ға ғылыми қызметкер болып қабылданды және біртіндеп аға және бас ғылыми қызметкер лауазымдарына тағайындалды.

2016 жылдың мамыр айынан бастап ҚСЗИ негізгі құрылымдарының бірі – Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің (ӘСЗБ) ғылыми-талдамалық және ұйымдастырушылық қыметіне басшылық жасап келеді.

Алуа Жолдыбалина – елімізге танымал сарапшы-саясаттанушы, бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ және орыс тілдерінде белсенді сұқбат беріп, ғылыми-зерттеу және педагогикалық қызметпен жемісті айналысады, отыздан астам жарияланымдардың, монографиялардың, сондай-ақ ғылыми жобалардың, ұжымдық кітаптар мен оқу құралдарының авторы. Кадрлық өзгерістерге байланысты Әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің бастығы Кәрімова Жанна Кәрімқызы Әлеуметтанулық зерттеулер бөлімінің бастығы болып тағайындалды.

Ж.К.Кәрімова – «Әлеуметтану» мамандығы бойынша Ph.D, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетін, Люмьер Лион-2 университетінің (Франция) магистратурасы және докторантурасын бітірген, ұжымдық монографиялардың, әдістемелік оқулықтардың, 40-тан астам ғылыми жарияланымдардың авторы, мемлекеттік жастар саясаты, халықтың өмір сүру сапасы мен деңгейін бағамдау саласы бойынша 30-дан астам социологиялық зерттеулерді ұйымдастыруға және өткізуге атсалысқан.