Технология • 16 Ақпан, 2021

ІТ-нарықтағы айшықты өзгерістер

475 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен жыл барлық салаға өзгеріс әкелді. Әсіресе ақпараттық-технологиялық бағытта үлкен дүмпу сезілді. ІТ-нарықтағы жаһандық трендтер Қазақстанды айналып өткен жоқ. Осы орайда ІТ және инновация саласындағы сарапшы Еркеғали Машир елімізге тікелей әсер еткен негізгі өзгерістерді атап өтті.

ІТ-нарықтағы айшықты өзгерістер

Е.Маширдің пікірінше, «бұлт­ты» шешімдер соңғы бес жыл көле­мінде әлемдік ІТ-нарықтағы негізгі трендтің біріне айналған. Де­мек, оның Қазақстанға әсер етуі заңдылық. Кейбір компания­лар «бұлтты» сервистерді инфра­құрылымды ұстап тұруға, дерек­терді сақтауға, қызметтердің жоға­ры қолжетімділігін қамтамасыз ету­ге жұмсалатын шығындарды азай­ту үшін пайдаланады. Ал енді бірі ағымдық мәселелерді шешу үшін ғана қолданады. «Бұлт­ты» сервис­тер кез келген ауқым­дағы бизнеске платформа мен де­ректерді басқаруға мүмкіндік беріп, процестерді оң­тайландыруға көмектеседі. Бүгінгі таңда Amazon, Microsoft, Google және Yandex сияқ­ты ірі компания­лардан бөлек, жергілікті байланыс операторлары да нарықтың түрлі сегменттері мен қызмет бағыт­та­ры бойынша тиімді «бұлтты» ше­шімдерді ұсынып келеді.

– 2020 жылдың көп бөлігін қашықтан жұмыс істеуге арнадық. Сол себепті ZOOM қосымшасын пайдаланушылар базасы былтыр 30 есе өскен. Ал компания акция­ларының құны 100 доллардан 600 долларға дейін еселеніп, АҚШ-тың ең қымбат IT кәсіпорындарының үздік жиырмалығына енді. Сервис­тік қызметтердің барлығы жоғары сапалы байланыс арнасы мен деректер орталығы болмаса, өміршең дүниеге айнала алмайды, – дейді inbusiness.kz сайтына сұхбат берген Е.Машир.

Демек, «бұлтты» сервистерге негізделген ZOOM қосымшасы қазақстандықтардың өміріне өзгеріс енгізді.

Сонымен қатар былтыр онлайн төлем, онлайн аударым секілді фин­тех-сервистердің де дәурені жүрді. Бұл ретте Kaspi банкті атап өту­ге болады. Өткен жылы дәл осы қо­сым­шаға деген сұраныс та ерекше артты.

– Kaspi банк емес, ІТ-компанияға айналғандай әсер қалдырып келеді. Қазақстан халқының 41,49 пайызы Kaspi қосымшасын ай сайын тұрақты түрде қолданады. Бұл дегеніміз – 7,8 млн адам. Kaspi-ді Ресейдің «Тинькофф» банкімен салыстырып көрелік. Көрші елдің нарығындағы 146,7 млн клиенттің тек 6 млн ғана «Тинькофф»-тың игілігін көріп отыр. Мәселен, «Ян­декс» компаниясы «Тинькофф»-ты 5,48 млрд долларға сатып ал­ғысы келді, ал Kaspi-дің Лондон бир­жасындағы ІРО-сы 6,5 млрд долларға бағаланды. Қазақстандық Kaspi-дің қандай қуатқа ие екенін осыдан-ақ аңғаруға болады, – дейді сарапшы.

Сондай-ақ былтыр онлайн оқу қарқын алды. Адамдар мұның қаншалықты тиімді екенін түсінді. Қазақстандықтардың өміріндегі үлкен өзгерістердің бірі сол болды.

– Қазақстанның пандемия бас­талған кезде білім беру жүйесін онлайн форматқа көшіруі сәтсіздікке ұшырады деп айтуға болады. Десе де, жүйені реттеп, қалпына келтіруге мүмкіндік туды. Қазір онлайн оқу үздіксіз жүріп жатыр. Атап өтерлігі, пандемияның нәтижесінде мектептер мен университеттерде білім алу­ға арналған отандық платформалар пайда болды. Мен материалдарды цифрландыруға назар аударар едім. Өйткені оқу конференция байланысы емес қой. Бұл жерде кітаптар, материалдар, базаның өзі және оқыту әдістемесі цифрландырылуы керек, – дейді ол.

Жасанды интелект жер-жаһан­ды жаулап келеді. Алайда әзірге Қазақстанға тісі батар емес. Е.Ма­ширдің айтуынша, біздің елде бұл бағыттағы орны мықты ойыншылармен әлі толыға қойған жоқ.

– Белсенді дамып келе жатқан стартаптарға және шетелдік ойын­шылардың нарыққа кіруіне қа­рамастан, кейбір маңызды өзгерістер тек ірі корпорацияларда ғана орын алуда, – дейді ІТ және инно­вация саласындағы сарапшы.