Қазақстан • 16 Ақпан, 2021

Қазақстанда тұщы су тапшылығы болуы мүмкін бе?

691 рет көрсетілді

Әлқисса, түбі адамзат баласы таза су тапшылығымен бетбе-бет келуі мүмкін екен. Яғни, ғаламшар тұрғындарының тіршілік нәріне деген сұранысы уақыт өткен сайын еселеніп отыр. Есесіне ауыз су қоры азайып бара жатқанға ұқсайды. Демек, күндердің күнінде таңдайымыз кеберсіп, бір жұтым суға зар болып қалуымыз кәдік...

Алайда, қазір әлемді тұщы су көздерінің тартылуы емес, мөлдір суды мейірі қанып ішуді армандайтын адамдардың азаймай отырғаны алаңдатуда. Былайша айтқанда, ауыз су мәселесітехнологиялық үдеріс заманында да «қайнап» тұрған проблема күйінде қалып отыр екен. Мәселен, дүниежүзіндегі ауыз су мәселесін зерттеген Біріккен Ұлттар ұйымының сарапшылары таза суға мұқтаж тұрғындардың 80 пайызы периферияда өмір сүретінін анықтаған. Ал қала мәдениетіне кіріккен адамдардың 96 пайызы таза су ұғымын құбыр басындағы шүмекті бұрап ашу деп қана түсінетін көрінеді. Әсіресе, дамыған елдердің даңқты қаларында тұратын бақытты тұрғындар ауыз су мәселесі жайында, тіпті тұрмыстық қолданыстағы су сапасы туралы ойлануды мүлдем ұмытқан екен.

Дегенмен, деректер ауыз су мәселесінің адамзатпен бірге жасап келе жатқанын әйгілейді. Мәселен, жаһанда 2,21 млрд адам таза суға зәрудейді. Ал су сапасының төмендігі мен жетіспеушілігі әлемдегі 4,52 млрд адамның санитарлық талапқа сай өмір сүруіне кедергі болып отыр. Өкініштісі, таза су мұқтаждығы балалар арасындағы өлім-жітімнің артуына да себеп болуда.Антисанитарлық жағдай түрлі жұқпалы ішек ауруларының таралуына әкеліп, соның кесірінен жыл сайын 5 жасқа толмаған 300 мыңға жуық бүлдіршіннің шетінейтіні жайында сұмдық цифрлар бар. Жалпы, су тапшылығы мәселесі шешілмеген мемлекеттерде жер халқының үштен бірі тұрады екен. Басқаша айтқанда, алып жердегі әрбір он адамның төртеуі қанып ішер таза суға зәру деген сөз.

Ауыз су мәселесі біздің елімізді де айналып өтпейді. Рас, Қазақстан Үкіметі тұрғындардың тұщы су ішуіне қажетті барлық жағдайды жасап отыр. Салыстырмалы түрде алғанда бұрынғы Совет одағы аумағындағы ауыз сумен қамту мәселесі шешілген мемлекеттердің озық үштігіне еркін еніп тұрмыз. Әсіресе, 2000 жылдан бастап ауыл мен қаланың ауыз су жағдайын түзеуге белсене кірістік. Өткен жиырма жыл аралығында бұл бағытта бірнеше мемлекеттік ұстаным қабылданып, «Ауыз су», «Ақ бұлақ», «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жол» сияқты атаулы бағдарламалар жасалды. Жүзеге асқан шаралардың нәтижесінде үлкен іс атқарылған. Мәселен, осы мемлекеттік бағдарламалар аясында елімізде 48,2 мың шақырым инженерлік желі салынып, тұрғын халықты сумен жабдықтаудың деңгейі 92,6 пайызға жеткен екен. Бірақ, бұл аса мақтанарлық та жағдай емес. Өйткені, аталған мерзімде ауыз сумен қамтуға қыруар қаржы жұмсалғаны анық. Тәуелсіз сарапшылар діттеген мақсатқа бөлінген 1 триллионтеңгеден астам ақшаға еліміздегі елді мекендердің барлығына ауыз су құбырын ғана емес, басқа да тіршілікке қажетті инфрақұрылым орнатуға болатынын айтады. Жалпы, өңірлерді таза сумен қамтуға жұмсалған бюджет қаржысына қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бірқатар мәселені анықтау қажеттігін жекелей тілге тиек еткен. 2019 жылы Алматы облысына жұмыс сапарымен келген кезінде Мемлекет Басшысы былай деген еді:

– Жалпы, еліміз сияқты Алматы облысында да халықты ауыз сумен қамтамасыз ету проблемасы бар. Өңірді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар қолға алынғалы 20 жылға жуық уақыт өтті. Осы кезеңде бұл мақсатқа 500 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Өкінішке қарай, нақты нәтиже аз. Бұл орасан қаржының мақсатты жұмсалуын Есеп комитеті мен құқық қорғау органдары сараптауы тиіс...

Қазір Президенттің Алматы облысындағы ауыз сумен қамтудың мәселелеріне орай бергентапсырмасына сәйкес құзырлы органдардың атқарған ісінен жұрт бейхабар. Аймақтағы көзге көрініп тұрған кемшіліктер туралы кейінірек тоқталамыз. Ал анығында бүкіл ел тұрғындарының 7,4 пайызы әлі де ауыз сусыз отыр екен. Және бұл мәселе шалғай елді мекендердің ортақ «бас ауруына» айналғалы қашан? Былтыр Үкімет ауылдардың сумен жабдықталуына мониторинг жүргізетін интерактивті карта әзірленіп, іске қосқан болатын. Соған сәйкес, ел бойынша тізімге енген 6 341 ауылдың арасынан 4078 ауылғаорталықтандырылған су құбыры тартылыпты. Тағы 279 ауылда сумен қамтитын шағын кешендер салынған. Ал 1 146 ауылды орталық су құбырына жалғау үшін жабдықтау жүйесінің құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, тұрғын саны екі жүз адамға жетпейтін елді мекендерде таза су өндіретін сорғы-кешен салынуда. Мұндай ауылдың саны – 838. Жалпы, еліміз бойынша сапалы ауыз сумен қамту ісі 2025 жылға дейін толықтай шешімін табуы тиіс. Бұл Үкімет алдындағы жауапты міндет. Оның орындалуын, әрине, уақыт көрсетеді...

Бірақ, ауыз суға жарымай отырған ауылдардың әлі де азаймағанын жоққа шығаруға болмас. Бұл мәселе өзге өңірлерді былай қойғанда, сулы да нулы аймақ саналатын Жетісудың өзінде толық шешімін тапқан жоқ. Мысалы, Алматы облысындағы 742 елді мекеннің сапалы ауыз сумен қамтылуын саралағанда, көрсеткіш 91,3 пайызды құраған. Яғни, 678 ауыл орталық су жүйесіне қосылса, 55 ауылдың тұрғындары ауыз суды көшедегі  сушүмектен алады. Ал қалған 9 елді мекенге тіршілік нәрі сырттан тасымалданады екен.

- Былтыр халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Нұрлы жер», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ауыл – ел бесігі»бағдарламалары шеңберінде сумен жабдықтау жүйелерін салу мен күрделі және ағымдағы жөндеу бойынша 109 жобаны іске асырдық. Бұған 16,8 млрд теңге бөлініп, игерілді. Оның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 31 жобаны қайта жаңартуға және салуға  5,0 млрд теңге жұмсалса, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 10,6 млрд теңгеге 66 жоба іске асты. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына сәйкес 12 жоба мақұлданып, ауылдардағы су құбырларын ағымдағы жөндеуге 1,1 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 844 шақырым су құбыры желілері салынып, қайта жаңартылды, ауыз суға қосымша 4 елді мекен қол жеткізді. Осылайша біз облыстағы сапалы сумен қамтамасыз ету деңгейін 98,3пайызға дейін жеткіздік, - дейді тақырыпқа орай облыс әкімі Амандық Баталов.

Айтпақшы, аяғына дейін атқарылмаған істіңсоңы даңғаза шуға ұласатыны тағы анық. Мұндай дау облыстағы ауыз сумен қамту бағдарламасына қатысты да жиі болып тұрады. Бұған мысал ретінде аймақтағы бірнеше ауданның жекелеген ауылдарынан жеткен шағымдарды алсақ жеткілікті. Соның бірі – Ұйғыр ауданындағы Үлкен Диқан ауылының тұрғындарының жанайқайы. Адамдар билік уәде еткен орталық су құбырының толық іске қосылуын күткелі төртінші жыл болған. Ал елді мекендегі таза су тұтыну көрсеткіші 65 пайызды ғана құрап отыр. Көшеге құбыр тартылғанымен, жүйенің сапасы сын көтермей, көп бөлігі жарамсыз болып шыққан көрінеді.  Мердігер компания шалаістеген жұмыс үшін 160 млн теңге бюджет қаржысын алып, тайып тұрған. Қазір аудан әкімдігі мемлекеттік бағдарлама бойынша жасалған жұмыстың сапасыздығын сот арқылы дәлелдеп, жеке компаниямен заң жүзінде тартысып жатыр екен.

Су құбыры желісіне қатысты дау Еңбекшіқазақ ауданында да бар. Аумақтағы Алмалы ауылының тұрғындары 20 жыл бойы ескі су құбырының зардабын тартып отырғандарын айтады. Түрген су торабы мекемесіне қарасты жүйенің ауылды сумен қамтуы кемшін екен. Жиі жарылатын құбырда айлап су болмай қалса, там-тұмдап аққан кездегі судың сапасы да төмен көрінеді. Бір қызығы, бұл мәселені аудан әкімдігі де, су таратушы компанияда жақсы біледі. Бірақ, жағдайды түзеуге құлықсыз. Ал тұрғындар тұтынбаған ауыз су үшін ақша төлеуге мәжбүр...

Ақша демекші, бюджет қаржысына салынуы тиіс су құбырын толықтай іске қосу үшін тұрғындардан қосымша қаржы жинау оқиғасы да Алматы облысында тіркелген екен. Кербұлақ ауданына қарасты Беріктас ауылының тұрғындары «Таза су» бағдарламасы бойынша салынған су құбырының іске қосылуын он жылдан астам уақыт күткен. Ал елді мекеннің сумен қамту жүйесін жаңғыртуға 52 млн теңге қаржы бөлінген. Бірақ, жұмыс аяқсыз қалған. Құрылысты бітіріп, желіні іске қосу үшін ауыл тұрғындарынан қосымша ақша да жиналған. «Беріктастағы» бес жүзге жуық үй 20 000 теңгеден шығарыпты. Алайда, жаңа су жүйесі бәрібір жұмыс істемепті. Тұрғындар таудан аққан суды жинап, ауылға тарататын ескі тоспаның суын ішіп отыр...

...Біз сөз басында әлемде таза суға деген сұраныс артып, мұның түбі ауыз су тапшылығына әкеліп соғуы мүмкін деген болжам айтқанбыз. Бұлай деуге БҰҰ сарапшылары жасаған талдау түрткі болған. Ал аталған мәселе Қазақстанды да айналып өтпесі анық. Қазірдің өзінде ондай қауіп бар екен. Бұл жайында Орта Азиядағы су көздері мен ауыз су мәселесін зерттеп жүрген ғалым, қырғыз сарапшысы Құндыз Әділбекова баяндамажасаған көрінеді. Оның айтуынша, еліміздегі ауыз су тапшылығы 2050 жылдан бастап сезіле бастауы мүмкін. Автор өз талдауларында мұның бірнеше себебіне тоқталады. Оған аумақтағы өндірістің өркендеуі мен таза суды тұтыну қарқынының өсуі, географиялық жағдай мен климаттың өзгеруі, көрші елдердің су саясаты мен тұрғындар санының жылдан жылға көбеюі сияқты жағдайлар арқау болмақ екен. Біз мұның бір бағытына, бюджет қаржысы жұмсалған мемлекеттік бағдарламалардың жүзе асуына тоқталайық. Мәселен, игерілетін тұщы су көздерінің мүмкіндігі қазіргі демографиялық өсім қарқынына сәйкес емес-мыс. Өйткені, өткен 20 жыл ішінде жүзеге асқан сумен қамту бағдарламаларында көптеген фактор ескерілмеген. 2002 – 2010 жылдар аралығында жарияланған «Ауыз су» бағдарламасын талдаған сарапшы ұзақ мерзімге созылған әрі қомақты ақша жұмсалған іс нақты нәтиже көрсетпегенін мысалға келтіреді. Қазақстандағы жер көлемінің ерекшелігі ескерілмей жасалған алғашқы бағдарлама негізінен бұрыннан дайын инфрақұрылымы бар елді мекендердің су жүйесін жаңғыртумен аяқталған. Яғни, негізінен қала маңындағы ауылдардың жайы ғана назарға алынған дейді сарапшы. Нәтижесінде жаңадан анықталуы тиіс тұщы су көздері ашылмай, сарқылуға таяу жер асты суының көлемі одан әрі төмендеп кеткен. Су көздеріне түскен артық салмақ сұйықтықтың сапасын өзгертіп, топырақ қабатының тұз бен сорға айналуына да әсер етуі ықтимал дейді маман. Бұл келешекте Қазақстандағы ауыз су тапшылығының бірден бір себебі болуы мүмкін екен...  

Ал 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасының да нәтижелі аяқталмағанын елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту үлесінің әлі де 100 пайызға жетпегенінен көруге болады. Бұл жайында жоғарыда сөз еттік. Жалпы, ауыз судың «жыры» ең қымбатқа түскен ұзақ толғау екенін ескеруіміз керек. Дерек бойынша, 2002 – 2020 жылдар аралығындағы бағдарламалар ел бюджетіне 1 трлн теңгеден астам қаржы көлемінде шығын әкелген...

 

Алматы облысы

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар