Аймақтар • 16 Ақпан, 2021

Коронавирусқа шалдыққан төрт науқас тіркелді

223 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Ақтөбе облысында коронавирус инфекциясына шалдыққан 4 науқас тіркелді, деп хабарлайды Egemen.kz

Коронавирусқа шалдыққан төрт науқас тіркелді

Осы індетті жұқтырғандар арасында Ақтөбе қаласы, Мәртөк, Хромтау, Мұғалжар, Шалқар аудандарының тұрғындары бар. 1 ақпаннан бері Ресей Федерациясынан және еліміздің басқа өңірлерінен келген азаматтар арасынан да  коронавирус инфекциясын жұқтырған бес жолаушы тіркелді.

Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласындағы инфекциялық ауруханада 76 адам  емделіп жатса, мұндағы кереуеттік жүктелім 17%-ды құрайды. Сондай-ақ 23 тұрғын қаладағы карантиндік стационарда оқшауланған.

Ақпанның 6 күні қалада коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау жұмыстары басталып, 19 ақпанда  оның бірінші кезеңі аяқталмақшы. Екпені  ең алдымен жұртшылықпен тығыз байланыста жұмыс істейтін құрылымдардың  қызметкерлері алса, соның ішінде 895 медицина қызметкері бар.

Өңірдегі эпидемиялық  жағдайдың тұрақтылығын назарға алған  бір топ кәсіпкер ойын-сауық орындарының ашылуын талап еткен болатын. Өйткені ойын-сауық бизнесінің өкілдері бір жылдан бері өз кәсіптерінің тұралап, несиелерін төлей алмай жатқандарын алға тартқан болатын. Эпидемиялық жағдай бірқалыпты болғандықтан, облыстың бас санитарлық дәрігері шектеу шаралары кезең-кезеңімен жұмсартылатынын хабарлаған. Ең әуелі келушілер саны 30 пайыздан аспаған жағдайда мұз айдындарының ашылуына рұқсат етіледі. Мешіттердегі жұма намазына  келушілер саны 100 адамнан аспайтын болса, 30 пайыздық толымдылықпен рұқсат етіледі. Ауыл мешіттері де ашылады. Сондай-ақ 45 пайыздық толымдылықпен мектеп, орта және жоғарғы оқу орындарындағы асханалар қызметіне рұқсат етіледі. Бұл жерде де келушілердің бетперде режимі мен  әлеуметтік арақашықтықты сақтауы өте маңызды.

Шектеу шаралары кезең-кезеңмен жұмсартылғанда, бақылау топтарының жұмысы күшейтілмекші. Өйткен қаладағы көптеген  ойын-сауық орындары уақыттық шектеу шараларын назарға алмай, түнгі сағат 12.00-ден кейін де жұмыстарын жалғастырып жатады.

Қоғамдық бақылау топтары 1-15 ақпан аралығында шектеу талаптарының орындалуына 184 тексеріс жүргізіп, 11 заңбұзушылықты анықтаған.