Парламент • 16 Ақпан, 2021

Мәулен Әшімбаевтың «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» дөңгелек үстелінде сөйлеген сөзінің толық нұсқасы

663 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық Академиялық кітапханада Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шара барысында отандық және шетелдік белгілі ғалымдар қазақ даласындағы ашаршылықтың зардабы, себебі мен салдары туралы пікір білдіріп, осы бағыттағы мәселелерді кеңінен талқылады.Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың осы жиында сөйлеген сөзінің толық нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз.

Мәулен Әшімбаевтың «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас»  дөңгелек үстелінде сөйлеген сөзінің толық нұсқасы

Құрметті жиынға қатысушылар!

 Өздеріңізге белгілі, биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады.

Осы мерейлі датаға орай елімізде ауқымды іс-шаралар қолға алынып жатыр.

Арнайы мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысында бұл бағыттағы біраз мәселе талқыланып, пысықталды.

Сол жиында Президентіміз 30 жылдыққа мерейтой ретінде қарамай, оған идеологиялық мазмұн берудің маңызды екенін баса айтты.

Сондықтан осы бағыттағы іс-шаралар халыққа рухани серпіліс әкелуі керек.

Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, бұл тарихи меже елдің жаңа келбетін, ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға жұмыс істеуге тиіс.

Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында да ұлттық тұғырымызды нығайтудың нақты бағыт-бағдарын айқындап берді.

Осы мақалада жетістіктерімізбен бірге, тарихымыздың ақтаңдақ беттері де назардан тыс қалған жоқ.

Ұлт жадынан өшіруге болмайтын сондай қасіретті кезеңдердің бірі – өткен ғасырдың басындағы ашаршылық екені анық.

Бұл мәселеге тоқталған Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Тарихымыздың осы ақтандақ беттері әлі күнге дейін жақ-жақты зерттелмей келеді. Тіпті ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды жинап, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек», – деген пікірін білдірді.

Сондықтан бүгін өздеріңізді арнайы шақырып, осы тақырыпты талқылау үшін бас қосып отырмыз.

Жалпы, ашаршылық – Кеңес үкіметі кезінде жабық тақырыптардың бірі болды.

Тек тәуелсіздіктің арқасында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен тарихымыздағы ақтаңдақтар мемлекеттік деңгейде көтеріле бастады.

Бұл бір отбасының ғана емес, сол кездегі тұтас халықтың басына түскен алапат қасірет екені сөзсіз.

Осындай азалы жылдарда құрбан болған бабалар рухына тағзым ету – біздің перзенттік борышымыз.

Осы мақсатпен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді.

Міне, биыл 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа 100 жыл толып отыр.

Алапат нәубеттің 30-жылдардағы екінші кезеңіне де 90 жылдың жүзі болды.

Тәуелсіздігіміздің айтулы белесінде бұл мәселеге мемлекет тарапынан қайтадан басымдық берілуі өте орынды.

Осы орайда ашаршылық тақырыбын көтеру бізге не үшін қажет деген заңды сұрақ туындайды.

Бұл, ең алдымен, қастерлі Тәуелсіздігімізді нығайту үшін керек.

Өйткені қазір әлемдік ахуал өте күрделі және құбылмалы екенін көріп отырмыз.

Күн өткен сайын қарама-қайшылықтар тереңдеп, түрлі қақтығыстар қарқын алып келеді.

Еліміздің егемендігіне де төнетін сын-қатерлер жоқ емес.

Дәл осындай жағдайда Тәуелсіздігімізді мызғымастай берік ету – біздің басты міндетіміз.

Сол үшін оның қадіріне жете білуіміз қажет.

Ал, Тәуелсіздікті қадірлеп, ұлықтау төл тарихымызды және оның шешуші кезеңдерін терең танудан басталады.

Кейде егемендікті өздігінен бола қалған оқиға ретінде бағалайтындар бар. Бірақ, еркіндік бізге оңайлықпен келген жоқ.

Оның жолында бабаларымыз қасық қаны қалғанша шайқасып өтті.

Бостандық үшін халқымыз ауыр азапқа, сансыз сынаққа төзе білді.

Көптеген азаматтарымыз тәуелсіздік жолында құрбан болды.

Міне, мұны түсінген азамат Тәуелсіздіктің бағасын да біледі. Оны нығайтуды өзінің міндеті санайды.

Сондай-ақ, ашаршылық тақырыбын зерттеу тәуелсіз тарихи сананы қалыптастыруға мол үлесін қосады.

Тарихи сана өткен оқиғаларға қатысты ұжымдық көзқарастан туындайды.

Ал, ортақ тарихи таным біртұтас ұлттық сананы қалыптастыруға ықпал етеді.

Бұл, түптеп келгенде, мемлекеттігімізді және тәуелсіздігімізді күшейтетін шешуші фактор екені сөзсіз.

Ашаршылық тақырыбы тарихтан тағылым алу үшін де қажет.

Біздің жүріп өткен тарихымыз – өрлеген кезеңдермен бірге тақсіретке де толы тарих. Сондықтан оның ащы-тұщы тағылымы мол.

Осыған орай өткенімізді терең пайымдап, озық тұсымыздан өнеге тауып, қиналған сәттерден қорытынды шығаруымыз қажет.

Тарихымызды даурықпа дау үшін емес, дамылсыз даму үшін пайдалануымыз керек.

Расында, кешегіміз арқылы бүгінімізді бедерлеп, болашағымызды бағдарлай аламыз.

Сол арқылы ұлт ретінде жолымыздың даңғыл болатыны анық.

Біздің ашаршылық тақырыбын жаңаша зерделеуіміздің себебі осы аталған факторлардан бастау алады.

Президентіміздің бұл мәселені көтеруінің негізгі мән-маңызы да осында жатыр.

 

Құрметті қауым!

Алапат ашаршылық – ешкімді бейжай қалдырмайтын тақырып.

Сондықтан осы нәубетке қатысты қоғамда сан алуан пікір қалыптасқаны белгілі.

Дегенмен, біз, бірінші кезекте, ғылыми көзқарасқа басымдық беруіміз керек.

Себебі, халқымызға ашаршылықтың ащы ақиқатын ғалымдарымыз ғана ашып, дәлелді түрде жеткізе алады.

Осы бағыттағы зерттеулер тәуелсіздік алған тұстан бастап табанды жүргізіліп келеді.

Бұл жұмыстардың басында академик Манаш Қозыбаев бастаған бір топ ғалымдарымыз тұрғаны баршаңызға аян.

Соның нәтижесінде көптеген зерттеулер қолға алынып, архивтерден құнды деректер жиналды. Маңызды еңбектер жарық көрді.

Ол жұмыстарға осы жерде отырған біраз ғалымдарымыз да қатысты.

Сол үшін сіздерге алғысымызды білдіреміз.

Жалпы, тарихи тақырыптарға қатысты қоғамдық ой ғылыми пікірге негізделуі керек.

Осынау нәубет жылдардың ашылмай, тасада қалған тұстары әлі де болса көп.

Мұндай жағдай орынсыз болжамдарды көбейтіп, қоғамды ашаршылық ақиқатынан алыстата түседі.

Сондықтан ашаршылық тақырыбына қатысты жүйелі, тарихи фактілерге сүйенген терең әрі жан-жақты зерттеулер керек деп есептейміз.

Бұл, әрине, өздеріңіз секілді кәсіби мамандарға үлкен жауапкершілік жүктейтіні түсінікті.

Ең алдымен, тиісті архив деректеріне қол жеткізу, оларды жүйелеу және мұқият зерделеу – басты мақсаттардың бірі.

Өйткені ғалымдарымыз көптеген архив материалдарының әлі де болса ашылмағанын айтып жүр.

Сонымен қатар, өңірлермен және ондағы ашаршылық тақырыбын зерттеп жүрген ғалымдармен тығыз байланыс орнатудың маңызы өте зор.

Ортақ жұмысқа оларды да жұмылдырған жөн. Себебі, еліміздің барлық дерлік өңірі ашаршылықтың зардабын тартты.

Оған түрлі тарихи құжаттарда келтірілген деректер дәлел бола алады.

Мысалы, Тұрар Рысқұловтың қазақ даласындағы ауыр жағдай туралы жоғарыға жазған хаты бәрімізге белгілі.

Сонда ол Сыр өңіріндегі кейбір ауылдарда аштықтың салдарынан халықтың 15-20 пайызы ғана қалғанын айтып, дабыл қағады.

Өңірлердегі мәліметтерді зерделеу мәселенің себебі мен салдарын айқындай түсуге септігін тигізетіні сөзсіз.

Адам шығынына қатысты мәліметтерді нақтылауға да зор мүмкіндік туатыны анық.

Сондықтан бүгінгі дөңгелек үстелге біз өңірлерден де ғалымдарды қатыстырып отырмыз.

Көршілес елдердің архив материалдарымен жіті танысуға да баса мән берген жөн.

Бұл қадам ғылыми зерттеулердің аясын едәуір кеңейтуге жол ашады.

Алапат аштықты бастан кешкен «ғасыр нәубеті» куәгерлерінің түрлі естеліктерін жинақтау да маңызды.

Мәселен, Мекемтас Мырзахметұлының «құндақтағы қарындасы» жайлы аянышты оқиғаны баршаңыз білесіздер.

Ел есіндегі мұндай жайттарды жазып алу жадымызды жаңғыртады.

Осы айтылған бағыттарда мемлекеттік органдар Сіздерге қолдау көрсетеді деп ойлаймыз.

Бүгін ортамызда Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлова, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Ғалымқызы Балаева отыр.

Осы министрліктер тарапынан ғалымдарға тиісті көмек көрсетіледі деп сенеміз.

 

Құрметті ғалымдар және зиялы қауым өкілдері!

Ашаршылық – өте күрделі тақырып.

Сондықтан алдымызда тұрған тағы бір міндет – ашаршылықтың сан түрлі себеп-салдарын зерттеп, сол кезеңдегі шынайы шындықты қалпына келтіру.

Объективті ғылыми қорытынды жасау үшін сол кездегі кеңестік жүйені толықтай қамтуымыз керек.

Сол тұстағы большевиктік биліктің мақсаты, жоспары қандай болды, оны қалай жүзеге асырды, қандай қателіктері болды деген сауалдарға нақты жауап іздеуіміз қажет.

Ол кездегі саяси және экономикалық ахуалдың қандай болғанын, сондай-ақ, таптық күресті де жан-жақты сараптаған жөн.

Ашаршылыққа табиғи жағдайдың да зардабы тигені белгілі.

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» демекші, жергілікті шолақ белсенділердің де жағдайды ушықтырғанын білеміз.

Мұның барлығын тиянақты зерттемей ашаршылықтың себеп-салдарына әділ баға беру мүмкін емес.

Біз ашаршылықтың екі кезеңіне де осындай кешенді көзқараспен келгеніміз абзал.

Мәселен, 20-жылдардағы ашаршылыққа көбіне әскери коммунизм, азамат соғысы, күйреген жүйе және табиғи жағдай себеп болды деп айтылады.

Ал, 30-жылдардағы ашаршылыққа келер болсақ, бұл тоталитарлық жүйенің қате саясатының салдары екені анық.

Өйткені, біржақты тәркілеу және ұжымдастыру саясаты дайын емес ортада жүргізілді.

Жоспарлау ісінде жергілікті жердің тұрмыс-тіршілігіне, шаруашылық жүргізу формасына қатысты объективтілік болған жоқ. Оған дәлел жетіп артылады.

Мысалы, орталық билік индустриалды даму жағынан 50-100 жылға алға кетіп қалған батыс елдерін 5-10 жылда қуып жетеміз деген идеяны көтерді.

Осындай ешқандай ғылыми негізі жоқ, тұтас елдің және өңірлердің ерекшелігі ескерілмеген шешімдер үлкен қасіретке алып келді.

Соған қарамастан тоталитарлық режим көздеген мақсатқа жетуден тайынбады.

Тіпті, осы жолда адам өмірі де есепке алынбады.

Осындай жүйесіз әрі қатігез саясат салдарынан елімізді жаппай аштық жайлады.

Ғалымдарымыз ашаршылық 2,5 миллиондай адамның өмірін қиды деп айтып жүр.

Бұл мәліметтерді де мұқият зерттеп, нақтылау керек.

Жалпы, осы нәубет жылдарында біз халқымыздың жартысына жуығынан айырылып қалдық.

Бір миллионан астам халық көршілес елдерге босып кетуге мәжбүр болды.

Мал басының саны он есеге қысқарғанын білеміз.

Бұл жағдай мыңдаған жылдық тарихи тамыры бар дәстүрлі тұрмысымызды айтарлықтай күйретті.

Тіпті, ұлт ретінде жойылып кету қаупі төнгені де белгілі.

* * *

Тоталитарлық режимнің осындай озбыр саясаты Кеңес Одағының құрамында болған елдердің бәрінде жүргізілді.

Соның салдарынан Қазақстанмен қоса, Украина, Беларусь, Молдова, Ресейдің бірнеше аймағы, оның ішінде Еділ бойы, Солтүстік Кавказ халқы аштыққа ұшырады.

Ғалымдардың мәліметіне сүйенсек, 30-жылдардағы аштықта Кеңес Одағында жеті миллионнан астам адам көз жұмған.

Осы тұрғыдан алғанда, аштықты белгілі бір ұлтқа қарата жасалған қылмыс деп айтуға келмейтін шығар.

Бұл – ең алдымен, сол кездегі билік жүйесінің қате саясатының ауыр салдары.

Ашаршылық – Кеңес Одағының құрамында өмір сүрген халықтардың ортақ трагедиясы дегеніміз орынды.

Сондықтан, ашаршылық тек қазақ халқының ғана басына түскен нәубет емес, бұл барша адамзаттың алапат гуманитарлық қасіреті деп айтуға болады.

Сол себепті, ашаршылық тақырыбын саясиландырмай, ең алдымен, оған ғылыми тұрғыдан қарағанымыз абзал.

Осы мақсатта шетел ғалымдарымен де бірлесіп жұмыс істеу маңызды.

Міне, осындай кешенді жұмыстар арқылы ғана біз ашаршылық тақырыбына әділ баға бере аламыз деп ойлаймын.

Құрметті жиынға қатысушылар!

Алдағы уақытта осы бағыттағы құнды зерттеулер ғылыми ортада ғана қалып қоймау керек.

Сондықтан ғалымдарымыздың еңбектерін кеңінен дәріптеу үшін ақпараттық қолдау жұмыстарын жүргізудің маңызы зор.

Сол арқылы халқымыздың ашаршылық туралы ғылыми негіздегі ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етеміз.

Бұл ретте жас аудиторияға басымдық берген жөн.

Мемлекет басшысы 30 жылдық мерейтойды атап өтуге арналған жиында шаралар негізінен жастарға арналуы керек екенін айтты.

Себебі, барлық бастама болашақ ұрпақтың игілігі үшін іске асырылуда.

Ашаршылық тақырыбында да біз осы ұстанымнан айнымауымыз керек.

Өйткені, мұндай зобалаңды халықтың, әсіресе, өскелең ұрпақтың терең білуі – маңызды міндет.

Мұның бәрі тәуелсіздігімізді нығайтуға, тарихи санамызды жаңғыртуға және азаттықтың қадірін түсінуге септігін тигізеді.

Бұл ретте өздеріңіздей тарихшы ғалымдарымыздың және зиялы қауым өкілдерінің еңбегі аса маңызды.

Бүгінгі кездесу осы бағытта жан-жақты зерттеулер жүргізіп, Ашаршылық трагедиясына шынайы тарихи көзқарас қалыптастыруға өз үлесін қосады деп сенемін.

Осы жолдағы жұмыстарыңызға табыс тілеймін.

Назар қойып тыңдағандарыңыз үшін рахмет!