Қаржы • 17 Ақпан, 2021

Қазақстан «терістен» «тұрақтыға» ауысты

179 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ресейлік аналитикалық несиелік рейтинг агенттігінің (АКРА) жаңартылған есебі бойынша, Қазақстанның несие рейтингіндегі жағдайы «терістен» «тұрақтыға» ауысып, ВВВ+ деңгейіне жеткен.

Қазақстан «терістен» «тұрақтыға» ауысты

Агенттіктің хабарлауынша, Қазақ­станның «терістен» «тұрақтыға» өзгеруі 2020 жылғы сыртқы және ішкі шоктардан туындаған сын-қатерлердің әлсіреуіне байланысты. 2020 жылы Қазақстан экономикасының өсу қарқыны – 2,6 па­йызды құрады. Бұл дамыған елдер тобымен (-5,4 пайыз) салыстырғанда да, дамушы елдер тобымен (-5 пайыз) салыстырғанда да айтарлықтай тұрақты көрсеткіш болып отыр. АКРА 2021 жылы экономикалық өсімнің 3,8 пайызға дейін қалпына келуін болжайды.

«2021 жылы АКРА инфляцияның нысаналы дәліз шеңберіне қайта оралуын күтуде (4-6 пайыз). Бұл ұлттық валютаға қысымның төмендеуіне және 2020 жылғы инфляциялық соққы әсерінің сарқылуына байланысты болады. Былтыр теңгенің АҚШ долларына қатысты құнсыздануы орта есеппен 8 пайызды құрады және ол өткен дағдарыс кезінде тіркелген деңгейден едәуір төмен болды (2016 жылы – 54 па­йыз)» делінген зерттеу хабарламасында.

АКРА болжамынша, мем­лекеттік қарыздың тұрақ­ты және орташа деңгейі Қазақ­станға болашақта контрциклді бюджеттік саясатты қолдануға мүмкіндік береді. АКРА атап өткендей, қоғамдық институттар да, мемлекеттік институттар да соңғы уақытта оң өзгерістерді байқатып отыр.

Оң әсер ететін ұзақ мерзім­ді тағы бір фактор – адам капиталын жақсарту. Дүние­­жүзілік банктің 2020 жылға арнал­ған бағалауы бойынша Қазақстанның адам капита­лы­ның индексі Орталық Азия елдері бойынша орташа дең­гейден жоғары және салысты­ры­латын елдер тобының рей­тинг санаты бойынша ең жо­ғар­ғылардың бірі.

Еске салсақ, АКРА 2015 жылы қараша айында Ресей банкі­нің шешімімен құрылған.