Бокс • 17 Ақпан, 2021

Топаевтай тарлан табылмай тұр – Қанат Жақсыбаев

953 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қазақ боксында Қанат Жақсыбаевтай өзіндік қолтаңбасы бар бапкерлер саусақпен санарлықтай-ақ. Қолтаңба демекші, шәкірттерінің өнеріне қарап отырып-ақ кеңестік бокс мектебінің түлегі саналатын Жақсыбаев-жаттықтырушының мәнерін жазбай танисың. Ол – ойлы да өрнекті боксқа арқа сүйеген ұшқыр қимыл, ентелеп келген қарсыласты тәубесіне түсіретін тойтарма соққыға иек артқан текті бокс.

Төмендегі әңгімемізде біз талай таланттың шаршы алаңда тұсауын кесіп, бокс әлемінің көкжиегіне самғатқан саңлақ бапкердің, жаны жайсаң азаматтың көңіл түкпіріне үңілуге тырыстық.

Топаевтай тарлан табылмай тұр – Қанат Жақсыбаев

 

– Қанат Қамайұлы, ұзақ жылғы бапкерлік қызметіңізді оймен шолып отырғанда, «әттеген-ай» деп өкінетін кездеріңіз бола ма?

– Өкініш деген жоқ... Отыз екі жасымда «Еңбек сіңірген жаттық­тыру­шы» атағын алдым. Ел қатарлы еңбек етіп, шәкірт тәрбиеледік. Азды-көпті табысымыз болды...

– Атақты шәкіртіңіздің пеше­несіне Олимпиада чемпионы болу бұйырмады. Бұл өкініш емес пе?

– Әрине, өкінішті-ақ... Шын мә­нінде Аркадий Топаев Олимпиада чемпионы болуға лайықты боксшы еді. 1992 жылы өткен Барселона Олим­пиадасындағы алғашқы жекпе-жегін еске алсам, күні бүгінге дейін аза бойым қаза болады. 1996 жылы Атланта Олимпиадасының чемпионы болсақ деп армандадым. Бірақ ол іске аспады... Боксты тастап кетуге де шақ қалған едім. Жалпы, Олимпиада чемпионын тәрбиелеп шығару әрбір бапкердің асқаралы арманы ғой. Тағдырдың жазуы осылай болды, не істейін енді...

– Барселона демекші, сіз сол Олим­пия ойындарында Топаевтың жанында болдыңыз ба?

– Жоқ. Олимпиадаға мен турист ретінде бардым. Жол жүріп бара жатып Аркадийдің жеңілгенін теледидардан көрдім. Шынын айтқанда, Аркадийдің жеребеде жолы болмады: алғашқы жекпе-жегінде кубалық боксшыға тап болды. Ал ол 1991 жылғы әлем чемпионы Хуан Карлос Лемус болатын... Сол жекпе-жекті кейін талай рет кері айналдырып бейнетаспадан көрдік қой. Бірінші раунд өтіп жатқан. Екі боксшы қоян-қолтық келіп қалған бір тұста төреші «Тоқта!» деген әмір берді. Сол кезде Аркадий қолын түсіріп, кейін шегіне бергенде әккі Лемус оң қапталдан «кросс» деген соққымен оңдырмай ұрды ғой. Жас болды, тәжірибесі де жетіспеді. Жасыратыны жоқ, Аркадий Барселона Олимпиадасына дейін Түркияда өткен халықаралық жарыстан басқа шетелдегі бірде-бір жарысқа қатыспаған болатын.

– Осы жеңіліс сол кезде бар-жоғы 19 жастағы Аркадийге де, сіз­ге де ауыр тигені сөзсіз ғой. Күй­зеліс­тен қалай шықтыңыздар?

– Айтпаңыз, сұмдық күйзелдік... Әлі есімде, сол кездегі Қазақстанның Спорт министрі келіп, мені құшақтап тұрып: «Қанат, өкінбей-ақ қой, балаң жақсы бокстасты», деп жұбатты. Осы бірауыз жылы сөз маған үлкен демеу болды... Айтайын дегенім, осындай ауыр сыннан кейін Аркадий сыр бермеді, жасымады. Соның айғағы емес пе, арада бір жыл өтпей жатып, ТМД біріншілігінде топ жарды, одан кейін Тайландта өткен Әлем кубогы сынында чемпион болып, турнирдің ең үздік боксшысы атанды.

– Аркадий Топаев сынды тума талант сіздің қарамағыңызға қа­лай тап болды?

– Аркадий Қарқаралы ауданын­дағы Прогресс (қазіргі Томар) деген ауылда туып-өскен. Мен Әлия Мол­дағұлова атындағы спорт мектебінде жаттықтырушы болып қызмет етіп жүргенімде оны Серғазы Бәкеев деген ауыл мұғалімі алып келді. Өзі кезінде боксшы болған екен, оқушысына аздап білгенін үйретіпті. Содан, балаға қарап тұрсам, икемі бар: жақсы жү­гіреді, секіреді. Спаррингке қойып едім: ара қашықтықты тәп-тәуір сезі­неді, ең бастысы – ұра біледі, ал бірақ өзіне соққы дарытпайды екен. Ал бұл – боксқа керекті ең басты қасиет.

Сөйтіп, Аркадийді өзіме алып, жаттықтыра бастадым. Аз ғана уақыт­тан кейін, нақтырақ айтқанда, Пенза қаласында өткен жасөспірімдер арасында КСРО біріншілігінде топ жарып, 15 жасында «КСРО спорт шебері» нормативін орындады.

о

– Қазіргі балалардың ішінде Ар­кадий Топаевқа ұқсайтын, таби­ғатынан боксшы болып жарал­ғандай дарындар бар ма?

–  Ондай баланы таба алмай жүрміз ғой. Аркадий сияқты тума таланттар табиғатта сирек кездеседі. Шынында да, ол боксқа бола жаралғандай еді. Рингті еркін сезінетін: екі аяқта жеңіл салмақтағы боксшылардай жұмыс істейтін. Техникасы сұмдық еді. Сонан соң, оның соққылары өте ауыр болды. Әлі есімде, бірде жаттығу кезінде Аркадий мен Василий Жиров жұп құрып, «шартты-еркін» деп аталатын спаррингке шықты. Бірінші раундтан кейінгі үзілісте Аркаша маған: «Аға, ананы қараңызшы, кәдімгідей бокстасып жүр», деді. «Сен де аяма!», деп жігерлендіріп қойдым. Аркадийдің салмағы 75 кило, Жиров болса 81 килода өнер көрсетеді. Сол кездің өзінде Васяның атағы жер жара бастаған. Тампереде өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер болған. Содан не керек, Аркаша ыңғайы келген сәтте сол қолмен ұрып, Жировты шалқасынан түсірді: нокаут. Жалпы, Топаев кезінде Ермахан Ыбрайымов, Қанат Мұсатаев, Нұржан Сманов сынды еліміздің ең мықты боксшыларын да жеңген.

– Барселонадан кейінгі Ат­ланта-1996 Олимпиадасына барар алдында Топаев сары аурумен ауы­­рып қалды. Сол кезде ел ара­сын­да «Топаевты әдейі улапты», деген қаңқу сөздер жүрді. Осы­ның шын­­дыққа қаншалықты жақын­дығы бар?

– Мұндай сөздердің болғаны рас, мен де естідім. Бірақ мұның анық-қанығын мен білмеймін... Бір ғана айтарым: Аркадий сол кезде өз сал­мағы бойынша әлемдегі ең үздік боксшылардың қатарында тұрған еді.

– Сіздің жаттықтырушы ре­тіндегі мәнеріңіз, ұстанымыңыз қандай? Жалпы, өзіңізді қатал бапкер санайсыз ба?

– Мен боксшы болып жүргенімде әйгілі Мұхамед Әлиді кумир тұт­тым. Ал жаттықтырушы болып еңбек ете бастағанда КСРО құрама коман­дасының бапкері Виктор Ива­нович Огуренков сынды ұлағатты ұстаздан көп тәлім-тәрбие алдым. Жалпы, мен кеңестік бокс мек­тебінің қағидаттарын ұстанамын. Неге десеңіз, бұл мектеп өзінің өмір­шеңдігін, үздік екенін бүкіл әлемге әлдеқашан дәлелдеп қойған.

– Қазір бұл мектептің үрдісі ескіріп қалған жоқ па? Бокс дегеніңіз көз ілеспес шапшаңдықпен дамып жатқан жоқ па?

– Жоқ, ескірмейді, бұл – клас­сикалық үлгі. Қазіргі таңда бізден басқа, әлемдегі көшбасшы бокс дер­жавалары – Ресей мен Украина және Өзбекстан осы кеңестік бокс мектебінің үрдіс-үлгісін ұстанады. Яғни бокс дулыға-шлем, жұдырық толық жұмылмайтын қолғапты тастаған соң, спорттың бұл түріндегі «жабық» тәсіл өзгеріп, өзінің бая­ғыдағы жорға мәнерін таба бас­тады. Бұл – шаршы алаңда Серік Қонақбаев, Серік Нұрқазов, Аркадий Топаев сынды саңлақтардай озық техника мен ойлы боксқа иек артқан боксшылар әлі де болса ринг төрінде салтанат құрады деген сөз.

– Жаттықтырушылық карье­раңызда шәкіртіңізге қол жұмсаған кезіңіз болды ма?

– (Күлді) Менің Аркадий То­паевтан кейінгі атағы шыққан Нұрлан Қалыбаев деген шәкіртім болды. Жеңіл салмақта өнер көрсетті, керемет дарынды, техникасы таңдай қақтыратын шебер боксшы еді. Әлі есімде, 1988 жылы Горький қала­сында Бүкілодақтық жастар ойыны өтті. Қалыбаев төрт жекпе-жекте жеңіске жетіп, финалға шыққан. Ақтық айқастағы оның қарсыласы әзербайжандық мықты боксшы еді: халықаралық дәрежедегі спорт шебері, КСРО құрама командасының мүшесі. Содан, бірінші раунд басталысымен Нұрланымды танымай қалдым: рингте сүмірейді де қалды. Тіпті, бір рет нокдаун алды. Үзіліске шыққан бетте сулап алып, шиыршықтап қойған сүлгімен бетінен осып өттім де, қарынан жанын шығара мытып жібердім. Әкеден сылқитып тұрып: «Бүйтіп масқара болғанша кет бокс­тан!», деп айқай салдым. Сізге өтірік, маған шын, сол кезде оның екі көзінде от жалт ете қалды. Ұйқыдан шошып оянғандай атып тұрды да, айқасты. Сөйтіп, әлгі әзербайжан боксшысын быт-шыт қылып айқын басымдықпен жеңгені бар-тын...

– Жалпы, осы боксқа, бапкерлік өнерге қалай келдіңіз? Жас ке­зіңіз­де мықты боксшы болыпсыз...

– Өзім Қарағанды облысындағы Бұқар жырау ауданының Көкпекті деген ауылында туып-өстім. Мектепте Виктор Михайлович Оркунов деген мұғаліміміз болды. Сол кісінің арқасында спортпен тыныстап өстік: қыста хоккей, жазда футбол, волейбол, баскетбол ойнаймыз. Сегізінші сыныпты бітірген жылы Қарағандыдағы дене тәрбиесі техникумында оқып жүрген Есіркеп деген ағам қалаға алып келіп, Әлия Молдағұлова атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа орналасуыма көмектесті. Ағамның өзі де кезінде жақсы бокс­шы болған, ұзақ жылдар бапкер болып қызмет етті.

Спорт мектебін бітірген жылы 17 жастағы мені Жамбыл қаласында ересектер арасында өткен Қазақстан чемпионатына қатыстырды. Мұнда үш жекпе-жек өткізіп, жартылай финалда Хасенов деген алматылық спорт шеберінен ұтылдым. Содан, бапкерлер әскер жасына жеткен мені Армияшылардың орталық спорт клубының (ЦСКА) құрамына алды. Екі жыл ішінде мен КСРО Қарулы Күштерінің чемпионаты және КСРО кубогы жолындағы сынның финалында өнер көрсеттім. Орталық Азия Қарулы Күштерінің чемпионы болдым.

Әскерден кейін университетте оқыдым. Қазақ КСР-нің чемпионатын үш рет жеңіп алдым, Қазақстан халықтарының спартакиадасында топ жардым. Содан кейін жайлап жат­тықтырушылық қызметке ауыстым...

– Аркадий Топаев, Нұрлан Қа­лы­баевтан басқа да шәкірттеріңіз болды ғой...

– Әрине. Бапкерлік қызметті бас­таған жылы қарамағыма алған ба­лалардың ішінде Шеризат Қазтаев, Жан­дарбек Срайылов, Семсер Слам­беков, Дулат Дәрібеков сынды шә­кірттерім жасөспірімдер, жас­тар ара­сындағы одақтық деңгейдегі түр­лі жарыстарда жүлде алып, спорт шеберлері атанған.

– Біріккен Араб Әмірліктерінде келісімшарт бойынша жаттық­тыру­шылық қызмет еттіңіз. Еңбе­гіңіз­дің жемісі қандай болды?

– Біріккен Араб Әмірліктеріне 2005 жылы бардым. Ұл­ттық құрама команданың бұрынғы бас бапкері Тұрсынғали Еділов екеумізді ол жаққа Қазақстан Бокс федерациясы жіберді. Еділов мемлекет астанасы Дубайда қалды да, мен елдің түпкі жағындағы Әл-Эйн деген қалаға бардым. Мұнда ылғи бәдәуилер тұратын көрінеді. Халықтың көпшілігі Әбу-Даби, Дубай­дағыдай тоқ тұрмыс шайқаған етжеңді емес, тарамыс болып келеді екен.

– Боксқа келген араб балала­рының біздің қарадомалақтармен са­лыс­тырғанда қандай айырма­шы­лықтары бар екен?

– Тіпті де салыстыруға келмейді. Жер мен көктей. Біздің балалар жа­уын­гер халықтың ұрпағы ғой. Еңбек еткен бір жылдан астам уақыт ішінде Біріккен Араб Әмірліктерінің тоғыз чемпионын дайындап шығардым. Екі шәкіртім Мароккода өткен жас­тар арасындағы әлем чемпионатына қатысты.

Ал Үндістан құрама командасы­мен жұмыс істеген кезімде мынадай нәтижелерге қол жеткіздік: Ви­жендер Кумар деген шәкіртім Бей­жің Олимпиадасының қола жүл­десін 75 кило салмақта жеңіп алса, төрт бокс­шым осы ойындарда өнер көрсетті. Сондай-ақ алты шәкіртім Чикагода өткен әлем чемпионатына қатысты. Бір боксшым Тайланд Королінің кубогы үшін болған жарыстың жеңімпазы болды. Алты бірдей шәкіртім Үндістанның чемпионы атанды.

– Жақсыбаев бапкердің бокс өнеріндегі стилі қандай?

– Мен техникалық шеберлікке құрылған, қарсы шабуылды басты қару ететін боксты ұнатамын. Бокс – Серік Қонақбаевтар сияқты рингте әсем қимылмен ойнақ салып жүретін, ақыл-ойға жүгінетін көркем мәнердегі шеберлерімен қызықты, құнды. Мен өзімнің бапкерлік карьерамда шәкірттерімнің бойына дәл осындай, жанкүйерге тек сүйсініс әкелетін әдемі бокстың дәнін сіңіруге тырыстым.

– Жас бапкерлерге қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

– Үйірмеге келген баланың бә­рінен бірдей Олимпиада чемпионын шығару мүмкін емес. Сондықтан әр баланың ішкі жан-дүниесіне үңіле білу керек. Оның мінез-құлқын зерттеп, қабілетін танып, талантын аша білген бапкердің ғана еңбегі жанады. Яғни әр бала, әр боксшыға жеке тұлға ретінде құрметпен қарау керек.

– Әңгімеңізге көп рахмет.

 

Әңгімелескен

Қайрат ӘБІЛДА,

«Egemen Qazaqstan»

ҚАРАҒАНДЫ

Суреттерде: 1. Қанат Жақ­сыбаев; 2. Ұстаз бен шәкірт: Қанат Жақ­сыбаев пен Аркадий Топаев (Жақ­сыбаевтың жеке архивінен)