Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша елімізде бірқатар ақылы күре жолдары жұмыс істей бастады. Оның ішінде «Нұр-Сұлтан – Щучинск» (211 шақырым) – 1,67 млрд теңге; «Нұр-Сұлтан – Теміртау» (134 шақырым) – 1,91 млрд теңге; «Алматы – Қорғас» (295 шақырым) – 1,03 млрд теңге; «Алматы – Қапшағай» (42 шақырым) – 1,12 млрд теңге табыс түсірді.
Бұдан бөлек, биыл бірінші тоқсанның соңына дейін төлем өндіру жүйесі республикалық маңызы бар жолдардың 5,8 мың шақырымына енгізілмек. 2025 жылға қарай ақылы жолдардың қатарына тағы 5,2 мың шақырым жол қосылмақ. Осылайша, Қазақстандағы ақылы жолдардың ұзындығы 11,7 мың шақырымды құрайтын болады.
«Жобаны сәтті іске асыру арқылы ақылы жолдар өз шығынын өзі өтейтін болады. Демек бұл автомобиль жолдарын күтіп-ұстау үшін мемлекет бюджетінен қаржыландыруға қажеттілік болмайды. Бұдан бөлек, жобаны жүзеге асыру жаңа жұмыс орындарын ашуға да сеп болғанын айтып өту керек. Мәселен, қазірге дейін 1 200 қазақстандық екі қолға бір күрек тауып отыр», деп хабарлайды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз-қызметі.