Теннис • 17 Ақпан, 2021

Диас жеңіліп, Попко жеңіске жетті

88 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Аустралия ашық чемпионатындағы сәтсіздігінен кейін Мельбурндегі WTA 250 Phillip Island жарысына қатысқан Зарина Диас аталған доданың үшінші айналымында сүрінді. Ал Италиядағы доданы Дмитрий Попко сәтті бастады.

Диас жеңіліп, Попко жеңіске жетті

Зарина Диас Аустралияның Мельбурн қаласында өтіп жатқан турнирдің үшінші кезеңінде тоқтады. Алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте өзінен бір саты төмен тұрған (82-орын) америкалық Кристина Макхэйлді үш сетте 3:6, 6:3, 6:1 нәтижесімен жеңсе, екінші кезеңде әлемнің 96-ракеткасы румыниялық Ана Богданды үш сетте 6:4, 5:7, 6:2 есебімен қапы қалдырды. Өкінішке қарай, үшінші кезеңде әлемнің 20-ракеткасы, 2019 жылғы АҚШ ашық чемпионатының жеңімпазы канадалық Бьянка Андреескуден айласын асыра алмады. Бірінші партияда 1:6 есебімен ұтылған Диас жарысты әрі қарай жалғастырудан бас тартты.

Ал Италиядағы Бьелла челленджер тур­ниріне қатысып жатқан Дмитрий Попко (170) алғашқы айналымда әлемнің 88-ші, осы доданың 2-ракеткасы америкалық Себастьян Кордамен күш сынасты. 1 сағат 10 минутқа созылған бәсекеде жерлесіміз 6:4, 6:3 есебімен екі партияда жеңіске жетті. Енді Д.Попко ширек финалға шығу үшін әлемнің 187-ракеткасы латвиялық Эрнест Гулбис немесе рейтингте 373-сатыдағы италиялық Рауль Бранкаччио жұбының жеңімпазымен кездеседі. Италиядағы дода 21 ақпанда аяқталады.