Туризм • 17 Ақпан, 2021

Туристік қызмет саласындағы құжат мақұлданды

692 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Egemen.kz

Туристік қызмет саласындағы құжат мақұлданды

Заң жобасы туристік қызмет саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленді. Аталған құжат 2020 жылғы 18 қарашада Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданды. Жұмыс тобының заң жобасымен жұмысы барысында депутаттар:

- шетелдік туристі тартқаны үшін туроператорлардың шығындарын субсидиялау, туристік қызмет объектілерін салу, реконструкциялау, жол бойындағы сервис объектілерін салу кезіндегі шығындардың бір бөлігін өтеу бойынша туристік саланы мемлекеттік қолдау шараларын айқындауға және дамытуды ынталандыруға;

- ішкі және келу туризмі саласындағы туроператорлық қызмет лицензиясын хабарлама тәртібіне ауыстыруды алып тастауға және лицензиялау қызметінің осы түрін сақтауға;

- басым туристік аумақты басқару үшін басқарушы компания құру жөніндегі норманы алып тастауға;

- туристік жарнаны республикалық бюджеттен республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың бюджеттеріне ауыстыруға және мәслихаттарға туристік жарнаның мөлшерлемелерін бекіту жөнінде құзыретті беруге бағытталған түзетулер енгізді. Бұдан басқа, депутаттар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына және заң техникасының талаптарына сәйкес келтіру бойынша, сондай-ақ заң жобасының жекелеген нормаларын нақтылайтын және мазмұнын жақсартатын түзетулер енгізді.

Жұмыс тобына Парламент Мәжілісінің комитеттері мен депутаттарынан 355 түзету келіп түсті, олар мүдделі министрліктер мен ведомстволар, қоғамдық бірлестіктер мен сараптама ұйымдары өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының 32 отырысында, комитеттің кеңейтілген отырыстарында қаралды.