Қоғам • 17 Ақпан, 2021

Қазақстанның ипотека әлеуеті неге төмен?

152 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында ипотекаға қолжетімділік бойынша Property Prices Index by Country есебі жарияланды. Ондағы Қазақстанның деңгейін жоғары деп айтуға келмейді. Біздің ел рейтингтегі 109 елдің арасынан 71-орынға тұрақтаған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанның ипотека әлеуеті неге төмен?

Олардың есептеуінше, Қазақстанда көлемі 90 шаршы метр болатын, 20 жылға ипотекаға берілетін пәтер немесе үй сатып алу кезіндегі ай сайынғы төлем бір отбасының ай сайынғы табысынан 1,5 есе асып түскен. Ең қолжетімді ипотека – Сауд Арабиясы, АҚШ, Пуэрто-Рико елдерінде екен. Бұл елдердегі ипотеканың ай сайынғы төлемі бір отбасының айлық табысының 30 пайызын ғана құраған.

Өзіміз жиі салыстыратын ЕАЭО елдерінің ішіндегі үздік көрсеткіш Ресейге тиесілі – 65-орын. Алайда ондағы ай сайынғы төлем бір отбасының кірісінен 30,3 пайызға көп. Армения 93, Беларусь 96, Қырғызстан 98-орында. Бұл елдердегі ипотека айлық төлемі бір отбасы айлық табысынан сәйкесінше 2,3, 2,5 және 2,6 есе жоғары. Рейтингті Аргентина қорытындылайды: ай сайынғы төлем бір отбасының бір айда жиып-терген табысынан 9,4 есе жоғары екен. Иран (108), Сирия (107) елдерінің де жағдайы мәз емес.

Қазақстан былтырмен салыстырғанда жағдайын біршама жақсартқан. 2020 жылы біздің ел 104 елдің ішінен 80-орын алып, айлық төлем отбасының айлық табысынан 77 пайызға асып кеткен. Ал бес жыл бұрын 78-орында болыппыз.

Елімізде зейнетақы қорынан тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында қаржы алу бастамасы баспана бағасының қымбаттап кетуіне әкеліп соқты. Бір жыл ішінде 1 шаршы метр жаңа үй бағасы 8,2 пайызға өсіп, 319,3 мың теңге болған. Бұл соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Екінші нарықтағы үйдің бір шаршы метрі соңғы жылда 20,5 пайызға шарықтап, 244,7 мың теңге болған. Тек биыл қаңтар айының өзінде жаңа үйлердегі 1 шаршы метр құны 3,8 пайызға, екінші нарықта 7,2 пайызға қымбаттаған.

Телеграмдағы Risk Takers каналының авторы елдегі баспана бағасының ыршып кетуіне мемлекеттің өзі кінәлі деп санайды. Жақында Россия Банк төрағасы Эльвира Набиуллина елдегі ұсыныс сұранысқа ілесе алмай, бұл баспана бағасының қымбаттауына ықпал еткенін айтқан. Осыны негіз еткен канал авторы РФ үкіметінің әрекеті үй бағасын өсіріп жіберді, біздің ахуал да осыған ұқсас дейді.

«Зейнетақы қаржысын пайдалану әсіресе, арендалық тұрғын үй мен екінші нарықтағы үй бағасының өсуіне әсер етті. Ресей сұранысты ынталандырған жағымсыз әсерді түсініп жатса, Қазақстанда шенеуніктер мен мүдделі тараптар әзірге өз позициясын қорғап әуре. Ресми тұлғалар спекуляция жасады деп сатушыларды айыптайды немесе басқа себептер іздейді. Оның үстіне негатив ақпаратты азайту үшін пиар мамандарды жалдаудан да тайынбайды. Олар бенефициарлар банктер мен құрылыс компаниялары екенін ұмытып та кетеді. Қазір тек ақша алғандар туралы ғана айтып жатыр» дейді автор.

Елімізде былтыр 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 16,8 пайызға көп. Мемлекет биыл 17 млн шаршы метр баспана салуды жоспарлап отыр.