Аймақтар • 17 Ақпан, 2021

Жамбыл облысында көктемде 38 елдімекенді су басу қаупі бар

179 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жамбыл облысындағы елдімекендер мен шаруашылық нысандарын су басу қаупі Шу, Талас және Аса өзендеріндегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан болуы мүмкін. Сондай-ақ, тау бөктеріндегі еріген қар және жаңбыр сулары да халық шоғырланған ауылдарға қауіпті. Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ералы Ақылбековтің айтуынша, өңірде көктемгі мезгілде су басуы мүмкін 38 елдімекен бар екен. Олар су қоймаларындағы су деңгейінің көтерілуінен және тау бөктерінде еріген қар суы немесе нөсерлі жаңбыр себебінен болмақ.

«Облыс көлемінде 156 гидротехникалық құрылыс нысандары орналасқан. Оның ішінде республикалық меншікте 41, жеке меншікте 9 нысан бар. «2017-2020 жылдарға арналған су тасқынының алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар кешені» Жол картасына сәйкес жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 6 елдімекенде су басу қаупі төмендеді. Олардың қатарында Жамбыл ауданының Жасөркен, Қызылқайнар, Байзақ ауданының Сарыкемер, «Денсаулық» саяжайы, Талас ауданының Ақкөл және Үшарал ауылдары бар», деді Ералы Ақылбеков. Сонымен қатар, Тараз қаласындағы, Жамбыл және Байзақ аудандарындағы елдімекендерінде су басу қаупінің алдын алу үшін Талас өзенінде жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен қаражат бөлінбеуіне байланысты орындалмаған. Оның жалпы ұзындығы 25,4 шақырымды құрайды. Сондай-ақ, жағалауды жөндеу жұмыстары «2021-2023 жылдарға арналған су тасқынының алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» Жол картасына енгізілген.