Білім • 18 Ақпан, 2021

Онлайн оқуға бөлінген қаржы қолды болды ма?

398 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қоғамда қашықтан оқуға қатысты сұрақ әлі де өткір тұр. Карантин шектеуіне байланысты онлайн білім алудың машақаты елді интернет байланысымен қамтудағы бірқатар кемшілікті көрсетті. Сондай-ақ, тұрғындардың, оның ішінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен көп балалы әулеттердегі қажетті техникалық жабдықтың жетіспеушілігі тағы күн тәртібіне шықты.

Онлайн оқуға  бөлінген қаржы  қолды болды ма?

Осы тұста мемлекет қол ұшын созып, әлеуметті қолдау қада­мына барды. Нәтижесінде, бюджет қаржысына қашықтан оқуға қажетті жабдықтарды сатып алып, мұқтаж отбасылардың оқу жасындағы балаларына пай­да­лану­ға берді. Дәл осы бағытта Алматы облысына 12,3 млрд теңге қаржы бөлінген екен. Бұл қомақты қаражаттың 4 млрд теңгесі жер­гілікті бюджеттен бөлінсе, 8,3 млрд теңге қаржы республикалық қазынадан берілген. Яғни жеті­сулық оқушылардың толық­қан­ды білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Мұқтаж оқу­шы­ларға 80 000 дана компьютер сатып алынып, уақытша пай­далануға берілген. Қазір 23,7 мың техникалық жабдық оқу­шылардың қолында жүр. Бұл іске ерікті демеушілер де жұмыл­ған.

– Оқушылар мен колледж студент­терінің қашықтан білім алуына барлық жағдай жасадық. 80 мың компьютер сатып алу үшін 12,3 млрд теңге қаржы бөлінді. Барлығы 23,7 мың оқушыға компьютер уақытша қолдануға таратылды. Ал демеушілер көмегімен 2110 техника берілді, – дейді бұл жайында облыс әкімі Амандық Баталов.

Жалпы бүгінде 426 мыңнан астам жетісулық бала мектеп­ қабыр­ғасында білім алуда. Оқу­мен қамтудағы кедергілерді жою мақсатында шалғай ауылдарда тұратын оқушыларды мектепке тасымалдап, оқыту үшін 70 жаңа автобус көлігі де алынған екен. Бұған 1 млрд теңге қаржы жұмсалыпты.

Өкінішке қарай, өңірде білім беруге бөлінген қыруар қаражатқа қол сұққан шенеуніктер де анық­талған болатын. Жақында Жем­қорлыққа қарсы күрес қызметі Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова мен облыстық білім беру саласындағы ғылыми-тәжірибелік ақпараттық технологиялар орта­лығының директоры Арапби Мен­лыбаевты ұстады. Сонымен қатар, бұл істе Алматы облыстық білім басқармасының күрделі жөндеу және мемлекеттік сатып алу бөлімінің маманы Бақыт Абдолданованың есімі аталды. Олар қашықтан оқытуға қажетті 2 522 ноутбукты мемлекеттік сатып алу кезінде қызметтік өкі­­леттігін пайдаланып, жеке пайда көруді көздегені үшін айып­талу­да. Сыбайласқан топ ымыраласу арқылы бірнеше жеке кәсіпкермен келісім жасап, жалпы сомасы 406 млн теңге бюджет қар­жысын игерген. Бұл қызметі үшін лауазымды тұлға 37 650 000 теңге пара алу кезінде тұтылған болатын.

Айтпақшы, бірқатар ақпарат құралында Қапшағай қаласы білім бөлімінің басшысы Раиса Ешимованың бюджет қаржысын жымқыруға байланысты күдікке ілінгені жайында ақпараттар тарады. Яғни білім бөлімінің басшысына қатысты жария болған деректерде «Білімді дамыту-2020-2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінген қаражаттың 1 млн теңгесін мақсатсыз жұмсады деген күдікке алынуы мүмкін делінген болатын. Алайда қазір бөлім басшысы өзінің тікелей жұмысын жалғастыруда. Бұл ақ­паратты Алматы облыстық білім басқармасының баспасөз қыз­меті растады. Басқарма өкілі Р.Ешимованың қызметтік мін­детіне қатысты қандай да бір шешім қабылданбағанын, сон­дықтан ол бөлім басшысы ретіндегі қызметтік лауазымын жал­ғастырып жатқанын айтты.