Аймақтар • 18 Ақпан, 2021

Киікті қынадай қырғандар

862 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сайын даланың еркесі – киік мүйізін сатып, заңсыз пайда табуды көздегендер айылын әлі жияр емес. Әсіресе, тепсе темір үзетін жас жігіттер киікті мүйізі үшін қынадай қырып, қымбатқа бағаланатын мүйізімен әлсін-әлсін ұсталып жатыр. Ақпанның басында сондай браконьердің бірі Құрманғазы ауданындағы Балқұдық ауылынан ұсталған еді. Осында тұратын 34 жастағы жігіт үйінде киіктің 106 мүйізі мен тегіс ұңғылы екі аңшылық мылтықты заңсыз сақтапты.

Киікті қынадай қырғандар

– Полицейлер браконьерлікпен айна­лыс­қан жігіттің түнгі мезгілде «Yaqi» мотокөлігімен киікті аңшылық қаруымен атып, мүйізін заңсыз иемденгені анық­талды. Сондай-ақ Балқұдық ауылы­ның маңынан мүйізі кесілген киіктің төрт өлексесі табылды, – деп хабарлаған еді облыстық Полиция департаментінің баспа­сөз қызметінен.

Ал өткен аптада тағы да екі тұрғын киіктің 364 мүйізімен ұсталды. Екеуі де – 23 жастағы жігіттер. Бірі – Атырау қаласында, екіншісі Исатай ауданында тұрады. Олардың браконьерлікпен айна­лысқаны облыстық Полиция депар­таментіне қарасты криминалдық полиция басқармасы мен балық қорына қыл­мыстық қол сұғушылықпен күрес бөлі­мінің қызметкерлері өткізген жедел-іздес­тіру іс-шарасы кезінде анықталып отыр. 

– Іс-шара кезінде Атырау қаласына таяу орналасқан «Геолог» шағын ауданындағы көп қабатты үйлердің бірінің ауласында тұрған екі көлік тексерілді. «ВАЗ-21014» маркалы автокөліктің бірінен 200 дана киік мүйізі мен құқық қорғау органында тіркелмеген қос ұңғылы «ТОЗ-16» маркалы аңшылық мылтығы табылды. Дәл осындай маркалы екінші көлікте 164 дана киік мүйізі мен рұқсат құжатынсыз 4,5 калибрлі «Байкал МР-512» маркалы қару бары анықталды, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінің өкілі Мейірім Ердәулет.

Қазір күдікті ретінде ұсталған үш жігітке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

 

Атырау облысы