Қазақстан • 18 Ақпан, 2021

Мектептер мен университеттерде дебаттық қозғалыстар жанданады

1826 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов дебаттық қозғалыстарды жандандыру және мектептегі өзін-өзі басқару туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

Мектептер мен университеттерде дебаттық қозғалыстар жанданады

«Дебатқа алғаш рет курстасымның өтініші бойынша қатыстым. Негізі ойынға басқа азамат шығуы керек болатын, бірақ ол бара алмады. Осылайша екінші курста оқып жүргенімде дебаттарға қатыса бастадым. Әр ойын сайын тәжірибе жинап, жарты жылдан кейін факультет деңгейінде, кейін университет, қала, облыс деңгейінде жеңімпаз болдық. Одан кейін Ұлттық пікірсайыс турнирі болды.  Сол жылдары дебат қозғалысы өте белсенді дамып жатты. Әрбір университет пен мектеп қабырғасында дебат клубтары жұмыс істейтін.

Мектептерде пікірсайыстар Карл Поппер форматында, ал университеттерде негізінен америкалық парламенттік форматта ұйымдастырылатын. Ойынның қай тілде өткізілетініне байланысты дебат үш лигаға бөлінетін.

Қазіргі уақытта жан-жақты даму үшін тек білім қоры жеткіліксіз. Әр адам жинаған білімі мен білігін дұрыс пайдалануы маңызды.

Бұл ретте дебат ойындары мен мектептегі өзін-өзі басқару тетіктері жоғарыда аталған қабілеттерді қалыптастырады.

Дебат тек зияткерлік ойын емес, ол – сыни ойлау дағдыларын қалыптастырып, ақпаратты дұрыс талдауға, командамен бірлесіп жұмыс істеуге, сұрақ қойып, оларға нақты жауап беруге үйрететін білім беру технологиясы.

Ойынға қатысушылар кейін үгіт-насихат пен популистік идеяларды оңай ажыратып, өз ұстанымын көпшілікке нақты аргументтер арқылы жеткізе алады.

Мұндай тәжірибе жастарға күнделікті ақпарат ағынын сыни қабылдауға да көмектеседі. Балалар бір-бірімен қарым-қатынас жасай отырып, өздерінің әлеуметтік байланыстары мен бір-біріне деген сенімін нығайтады.

Пікірсайыстарда жетістіктерге жету үшін көзқарас, мықты мінез, өз ұстанымын дәлелді түрде қорғай білуге жетелейтін ұмтылыс маңызды. Ол үшін көп кітап оқып, танымдық бағдарламаларды қарап, қарым-қатынас орната білу, аргументация дағдыларын дамыту бойынша үнемі жұмыс істеу керек.

Жалпы еліміздегі оқушылар арасында дебат ойындары алғаш рет 1996 жылдың сәуір айында өтті.

Сол уақытта Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Павлодар облыстарында, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ұйымдастырылған ойындардың өзіндік стилі мен бағыттары қалыптасты. Әрине, ол ойындар оқушылардың бойында коммуникативтік құзыреттілікті дамытуға мүмкіндік берді.

Біз еліміздегі мектептерде, колледждер мен университеттерде дебат қозғалысын қайта жаңғыртып жатырмыз», деді министр.

Сондай-ақ А. Аймағамбетов еліміздегі мектептерде өзін-өзі басқару технологияларын енгізуге тоқталды.

«Әрбір оқу орнындағы білім алушылардың жан-жақты дамуына барынша мүмкіндік жасау қажет. Бұл ретте мектептегі өзін-өзі басқару жүйесінің де ықпалы зор. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы арнайы әдістемелік нұсқаулық әзірлеп шығарды. Соның негізінде еліміздегі мектептер өзін-өзі басқару технологияларын енгізе алады.

Мектептегі оқушылардың өзін-өзі басқаруы қалай жүргізілмек?

Әдетте оқушылар арасында сайлау ұйымдастырылып, мектеп парламентінің мүшелері сайланатын. Оның құрылымында атқарушы органдар да болуы мүмкін, олардың әрқайсысы өз бағытына жауап береді. Бұл жүйе оқушыларға басқарудың не екенін түсінуге, олардың саяси және құқықтық мәдениетін арттыруға мүмкіндік береді. Балаларға жауапкершілік жүктеп, өз бетінше әрекет етуге жағдай жасайды.

Мұның маңызы неде?
Ең алдымен оқушылар мектептегі барлық білім алушалардың мүддесіне сәйкес бастамалар көтеріп, тиісті шешім қабылдауды және оларды жүзеге асыруды үйренеді.

Мектептегі өзін-өзі басқару білім беру процесін демократияландыру, көшбасшылық қасиеттерді дамыту, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға және бар мәселені бірлесіп шешуге өз ықпалын тигізеді.

Алдағы уақытта өзін-өзі басқару үрдісі де дебат ойындары сияқты мектептердегі, колледждер мен жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмысының ажырамас бөлігіне айналады.

Біз өз кезегімізде балалар мен жастардың шығармашылық және зияткерлік тұрғыда дамуына бағытталған жобаларды қолдайтын боламыз.

Мұндай кішігірім бастамалар біздің қоғам үшін өте маңызды. Пікірсайыстар мен өзін-өзі басқару жүйесі әлеуметтік капитал мен қоғамдық сенім деңгейін көтеруге де әсер етеді», деп жазды министр А. Аймағамбетов.