Қоғам • 18 Ақпан, 2021

Қазақстанда онлайн білім беруге бағытталған жоба мүмкіндігі шектеулілердің тағдырын өзгертуде

424 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда білім беру көпшілікке қолжетімді болып, адамның мүмкіндіктері кеңейе түскеніне қарамастан, мүгедектігі бар адамдар әлі де сапалы білім алу жолында кейбір қиындықтарға тап болады. Ал нәтижесінде жақсы ақы төленетін қызықты жұмысқа орналасу қиынға соғады. Бұған көптеген себептер бар, бірақ негізгі факторлардың бірі физикалық және виртуалды кедергісіз ортаның болмауы болып қала береді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда онлайн білім беруге бағытталған жоба мүмкіндігі шектеулілердің тағдырын өзгертуде

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми деректері бойынша, 2021 жылдың қаңтар айына Қазақстанда еңбекке қабілетті халықтың ішінде 419 880-і мүгедек жан бар.  Олардың тек 19%-ы (82 872) жұмысқа орналасқан және тұрақты табысы бар.

«Ерекше Таңдау-Шелек» корпоративтік қорының мамандары бұл пайыздық арақатынасты ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін білім беру жобаларын жүзеге асыру және жаңа кадрларды дайындау арқылы ұлғайтуға болады деп есептейді.

«Біздің бұл бағытпен жұмыс істеп жатқанымызға бірінші жыл емес және мүгедектігі бар адамдар арасында оқуға және жұмыс істеуге ниет білдірушілердің үлкен легін көріп отырмыз. Себебі олар да дербес, қоғамның толыққанды бөлігі», дейді «Ерекше Таңдау-Шелек» КҚ бағдарламалық директоры Захира Бегалиева.

Өткен жылы бас серіктес – «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен «Ерекше Тандау-Шелек»КҚ «Lider Z» кәсіби онлайн-мектебі» жобасы іске қосылды. Ол мүгедек адамдарды IT дағдыларына үйрету және оларға одан әрі еңбек нарығын бағындыруға жәрдемдесу арқылы оларды қолдауға бағытталған. Жақында мектеп өзінің алғашқы түлектерін шығарды. 

Анастасия «Lider Z» онлайн мектебіне келіп, өзіне тағы бір сыннан өтуге мүмкіндік берді. Дәл осы қадам оның кәсіпқой маман ретінде қалыптасуына түрткі болды.

«2020 жыл менің өмірімді түбегейлі өзгертті. «Lider Z» онлайн мектебіне SMM курстарына студенттерді қабылдауға сілтемені көріп, ойланбастан өтінім бердім және өтпей қаламын-ау деген ойдан алшақ болуға тырыстым. Қазір мен оқуды сәтті аяқтап қана қоймай, осы бағытта жеңімпаз атанғанымды мақтан тұтамын.

Қазіргі уақытта мен SMM бойынша сертификатталған маманмын, қызмет көрсетемін және толық қаржылық тәуелсіздікке ұмтыламын, бірақ менің басты мақтанышым – мен Ақтау қаласындағы NIS freelancer Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларының мектеп клубында ментор болдым. Мен «Lider Z» жобасында алған барлық дағдыларымды көрсете алатыныма сенімдімін», деді Гербеева Анастасия.