Қазақстан • 18 Ақпан, 2021

«Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады

333 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада «Nur Otan» партиясы астаналық филиалының Саяси кеңесі Бюросы отырыс өткізді. Жиында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша партияның сайлауалды бағдарламасын іске асырудың 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді, деп хабарлайды Egemen.kz партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады

Жол картасында 10 негізгі сын-тәуекел анықталған: қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету; үлестік құрылыс; әлеуметтік сала; шет аймақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды дамыту; газдандыру; жолдар мен қоғамдық көлік; нөсер кәрізі мен тазарту құрылыстары; экология; қоғамдық қауіпсіздік және шағын және орта бизнесті дамыту.

Елорданың көптеген тұрғындарын алаңдатып отырған өзекті мәселе – қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бұл мәселені шешу үшін жыл сайын 10 мың пәтер салу жоспарлануда.

«Жастар – біздің болашағымыз. Елордада шамамен 250 мың жастар тұрады. Оларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Бұл жұмыс істейтін жастарға арналған «Елорда жастары» қалалық тұрғын үй бағдарламасын іске қосу, бизнесті дамытуға, оқуға және спортпен шұғылдануға қолдау көрсету», дейді Д. Кәрібек.

Тұрғын үй алаптарында жайлы және толыққанды өмір сүру үшін 130 км сумен жабдықтау және су бұру желілері, 85 км нөсер кәрізі, үш нөсер кәрізін тазарту құрылыстары кешені, бір қосалқы станция және 177 км электрмен жабдықтау желілері салынады. 500 ауланы жөндеу және абаттандыру жоспарланған.