Аймақтар • 18 Ақпан, 2021

Қызылордада 67 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамту жоспарланып отыр

165 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Қызылорда облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтіп, онда алдағы 5 жылда өңірді дамытуға бағытталған «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» атты партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыруға бағытталған Жол картасы қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қызылордада 67 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамту жоспарланып отыр

Фракция отырысына арнайы қатысқан облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бағдарламаның негізгі тұстарын атап өтіп, негізгі міндеттерге тоқталды.

- Сайлауалды үгіт кезеңінде еліміз бен өңірлерді дамытуды көздейтін партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты Сайлауалды бағдарламасы тұрғындарға кеңінен насихатталды. Бағдарламада нақты орындалу мерзімдері көрсетілген шаралар тұрғындардың қолдауына ие болып, сайлауда партияның басым дауыс алуына мүмкіндік берді. Біздің алдымызда партияның сайлауалды уәделерін іске асыру міндеті тұр. Облыстық партия филиалының Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру Жол картасының нақты индикаторларының орындалуы бойынша жауапты депутаттық фракция мүшелерін бекітеміз. Жол картасының әрбір бағытының орындалуына бекітілген басқармалар жауапты болса, фракция мүшелеріне Жол картасының орындалуына бақылау жасау жүктеледі. Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы қатаң бақылауда болуы тиіс. Алдағы фракция отырыстарында атқарылған жұмыстар есебі тыңдалатын болады, - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Жиында «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының 2025 жылға дейінгі Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасы кеңінен талқыланып, Саяси кеңес Бюросында бекітуге ұсынылды.

Алдағы 5 жылды қамтыған Жол картасында барлығы 611 көрсеткіш және 1776 іс-шара қамтылған. Аталған шаралар арасында жыл сайын 1000 – ға жуық отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету, аз қамтылған отбасылардан шыққан 3,5 мың студентке қоғамдық көліктерде жол жүруге әлеуметтік көмек бөлу, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылуын 81%-ға дейін арттыру, балаларды инклюзивті біліммен қамтуды 100%-ға дейін жеткізу, «Жас кәсіпкер» және «Бастау бизнес» жобасы бойынша 3 мың жасты жыл сайын оқыту, жастардың жұмыссыздығын 3,9%-ға дейін төмендету, 9-дан астам инвестициялық экспортқа бағдарланған жобаларды жүзеге асыру, 5 жылда 67 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамту, жыл сайын «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында кем дегенде 40 кәсіпкерге жеңілдетілген несие беру, жергілікті маңызы бар 578,9 шақырым жолдарға күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, 24 жаңа денсаулық сақтау нысандары мен 12 жаңа мектептің құрылысын жүргізу және аяқтау секілді халықтың әл ауқатын жақсарту мен өңірді дамытуға негізделген тың бастамалар бар.

Жиын барысында Жол картасының әрбір саласы бойынша нақты қойылған индикаторлардың орындалуына жауапты фракция мүшелері бекітілді. Сондай-ақ, Қызылорда облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясы жетекшісінің орынбасары сайланып, фракцияның 2021 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Фракция отырысына облыстық мәслихат хатшысы және жауапты басқарма басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері сондай-ақ, селекторлық режимде аумақтық филиалдар төрағалары, төрағалардың бірінші орынбасарлары мен аудандардағы фракция мүшелері де қатысты.