Руханият • 21 Ақпан, 2021

Кісі иесі (әңгіме)  

6676 рет
көрсетілді
34 мин
оқу үшін

Со жылы Арқарлының асуына қарақұс қаптап кеткен... Кенжеғазының он екі-он үшке келіп қалған кезі ғой, асудың күнгейі мен теріскейінде қызыл қуып, ақ қашқан, ақ қуып қызыл қашқан ана бір қиямет қайымда да осылай қаптаған, қарақұс.

Кісі иесі (әңгіме)   

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ

 

Төмен етектің қойнау-қойнауындағы алақандай ауыл-ауыл ағы келсе де, қызылы келсе де астаң-кестең болып жатып еді, сонда. Атыс-шабыспен ат үстінде жүретін әскердің аранымен айғырлығы жаман болады екен. Ауыл-ауылдың дені малын алдына салып, қыз-қырқынын артына міңгестіріп құмға ауып кеткен. Сонда ғой, ақтың әскері екенін, қызылдың әскері екенін, әйтеуір солардың бірі қаңыраған ауылдың біріне бірер күн аялдап қалған еді. Қыстың қақап тұрған кезі. Қарындары ашқан шығар, Арқарлыдан аң қағып, асудың асты-үстін апай-топай етті ғой. Еті жеуге жарайды, жарамайды, деген жоқ көздеріне түскенін атты, қуалап жүріп жер қаптырды. Қайсыбір күні, тарс-гүрс етілген мылтық даусына елеңдеп диірменнің қасында қалқайып тұр еді, қарсы қапталдың қалың қарын қақ жарып өзіне қарай тұра салып келе жатқан қасқырды көрді. Тайыншадай көкбөрі со бойы мұның дәл жанынан ағып өтіп, есігі ашық тұрған қораға қойып кеткен. Бауырына түгел мұз қатқан қасқыр қораның қараңғы түкпірінде екі бүйірін соғып тұрды. Қанды көзі боп-боз. Ырылдай ма, қыңсылай ма үні біртүрлі аянышты. «Жансауғалап келдім» дейтін сияқты. Бұл есін жиып болғанша, үш-төрт әскер де келіп қалған, дүние көшіріп. Қандай құдіретті сөйткізді ме, «Былай қарай ағып өтті» деп қуғыншыларды басқа жаққа сілтеп жіберген. Қораға қайта кірсе, қасқыр жоқ, қай жағынан қашан, қайтіп шығып кеткенін байқамады. Сосын таң қалғаны, үйдегі екі төбеттің үрмей үнсіз қалғаны. Тіпті, құйрықтарын бұттарына қысып, төмен етектегі жыраға түсіп кеткен...

Өңі ме, түсі ме? Түсі дейін десе, ояу. Өңі дейін десе, кісі сенетін емес.  Содан бұл туралы осы күнге дейін жан адамға тіс жарған емес. Күлер, деді. Аздап ауытқыған, деулері де әбден мүмкін.

Кейінірек сол көкбөрінің бірді-екілі түсіне кіргені бар. Көреді, бірақ не болып, не қойды оянғанда есінде қалмайтын...

Содан осы жұттың дәл қарсаңында түсіне кірген. Ой, сұмдық-ай, мұның тана-торпақ, қозы-лағын қорасына қуып кіргізіп, көкке қарап ұлып тұрды. Бірақ үні естілмейді. Бұл шошып оянып еді.

***

Сондағы жасөспірім  Кенжеғазы енді ер азамат болғанда Арқарлының асуын сол жылдары қаптаған қарақұс, араға уақыт салып одан қалың болып қаптайды деп қаперіне алса, қане...

***

Қалың қара құс пен Арқарлы артта. Көктеменің жылымығы; жердің лайсаңы енді-енді дегдіп, беті кеберси бастаған. Арба жолдың бойымен екеу келеді. Кенжеғазының иығында ала қоржын, қолында ұңғысы ұзын қара мылтық, әйелінің арқасында бала. Үлкен орамалмен шандып байлап алған.

Жолға ертелетіп шыққан. Күн тас төбеге таяп қалды. Жүрістері өнбейді; қыбыр-қыбыр. Асудан көп болса, бес-алты шақырымдай ғана ұзады. Көздері алдарында жатқан ұзына бойы қайдан басталып, қайда тұйықталары белгісіз белдеу қыратта. Соған жетсе, ар жағында үлкен қара жол бар. Оған дейін де мына секілді мижазық қара дала. Сол еске түскенде, «Е, құдай өзің жар болмасаң...» деп қалады екеуі тең.

Бұлардың жалғыз үміті қара жолдың бойындағы бекет. Сонда әйелдің нағашы ағасы тұрады. Лау ұстайды. Ішім-жемнен кенде болмаған адам. Қазір, бірақ, кім білсін. Ашаршылықтан жұрттың түгел дерлік қазаны төңкеріліп қалған жоқ па. Деуін десе де бұлардың басқа барар жері, басар тауы, қане.

Ала қоржында диірменнің түкпір-түкпірінен сыпырып, көк иісі аңқыған астық қалдықтарынан тартып алып, қыстай үнемдеп жегеннен қалған талқандары, қыста атып алған құлжаның шамалы еті бар. Пісіріп алған. Арқадағы бір жасар бала қыңқылдай бастаған соң, оған өздерінің де діңкелегендері де қосылып, аяқ суытуға тізе бүккен. Балаға талқан шайнап беріп, өздері арқар етінен аздаған кесегін ауыздарына салып, жұтып жібермей, жайлап сорып отырды.

– Құдайдың құдіретінен, айналайын, – дейді әйел.

– Нені айтасың? – еркек еңсесін тіктеді.

– Құлжаны кезіктірген...

– Оның рас.

– Жалғыз өзі...

– Үйірінен бір себеппен бөлініп қалған-ау.

– Өлмегенге өлі балық...

– Ал бізге бұйырғаны құлжа. Қоңыр құлжа.

***

Қаңтар айында-ақ, қарашаның соңында сойыл алған жалғыз тайыншаның еті еңсеріліп бара жатқан. Ендігі жерде қалғанымен жазға жету неғайбыл болатын. Арқарлының аң-құсының ия қырылып біткені ия ауып кеткені белгісіз, басқасын айтпағанда кекіліктің қақылы да естілмей қалған. Сонда да Кенжеғазы бір үміт, бір дәмемен ұзын қара мылтығын көтеріп, аң қарап шыққан. Сонда көп ұзамай, тереңдеу жыраның тар қолтығында тұрған арқарды көріп, қуанғанынан құлап қала жаздап еді.

О, құдай бұл қайдан жүрген арқар, деп ойлады. Арқар үйірі асуды жаз жайлап қыстың алғашқы айында-ақ Хантауына ауып кетуші еді ғой. Жоқ, жәй елес пе? Көзін қармен сүртіп, қайта-қайта қарады.

Құлжаның бауырынан ішегі шұбатылып, шие сабақтың бұтағына оратылып қалыпты. Әбден әлсіресе керек, төрт аяғы төрт жағына жайылып, басы аспанға қарай қайрылып тұр. Әлденеден қатты үркіп тұрған сыңайлы. Неден? Кенжеғазы баспалап арқардың айналасындағы жыра-жықпалды, бұта-бұтаны әбден тінтіп қараған. Қылтың еткенді қалт жібермейтін аңшының қырағы көзі бейсауыт ештеңе аңдай алмады. Болған күнде де бұған келіп-кетері жоқ. Ішегі шие сабақ бұтағына оратылған, өзі де әбден әлсіреген құлжаны жалғыз атып, жалпасынан түсірген. Ұзынынан сұлап жатқан арқарды келіп қарағанда көргені атқан оғы өзі көздеген мойын түптен тиіп ар жақ шықшытын талқандап кетіпті. Ал ішегі шап жағынан шығып жатыр еді. Бұл арқардың өздігінен бұлай жараланатынын естіген де, көрген де емес еді. Оқ тиіп жарылған дейін десе, бұл өңірде өзінен басқа аңшы жоқ, қасқыр тартса, ит таласа, неге жемеген? Ары қарай басын қатырмады. Құдайдың берген несібесіне есі шыға қуанып, құлжанның санын сан, қолын қол етіп жатты. Демін алып, жалпақ тасқа отырып жатып кенет қарсы белден бұлаң етіп басып бара жатқан сұлабаны көзі шалды. Бұл не өзі? Баяғыда қуғыншылардан қашып қораға кіріп кеткен көкбөріспеттеніп түкірігін әзер жұтқан.

 

***

– Құдай ісімізді оңғарса екен... – дейді әйелі қамығып, – Сөйте ме?

– Қамыға берме.

– Әйтеуір, аз да болса, тіске басарымыз бар. Әсіресе, талқандыайтсаңшы. Жарығымыздың жанын сақтап келеді. Диірменнің арқасы ғой, – деп әйел көз жасын сығып алды. – Атамыздың әруағына ризамын, екі дүниеде...    

***

Иә, Арқарлы асуына алғаш диірмен салған Кенжеғазының атасы. Диірмен өзені сарқырап ағатын терең шатқалдың ұшар басында. Жарықтық кезінде, бұлар қазір бет алып келе жатқан басы қайдан басталып, аяғы қайда барып бітері белгісіз көлденең жатқан белдеу қыраттың ар жағындағы орыс байына жалданып біраз жыл жүріпті. Пұл тауып, ауылға қайтқанда, жалшы орыстың бірі ілесе келеді. Аңқұмар екен. Арқарлыда арқар өріп жүретінін естіп-білген күннен «кетеріңде мені ілестіре кет» деп жанынан шықпай қойған. Өзі ұста. Қолынан келмейтіні жоқ. Өзен сағасындағы ата қоныстың бас жағынан диірмен салуды ұсынған сол. Содан асудың ана қойнау, мына қойнаудағы жұрт ұн тартуға жер түбіндегі Көкталға тентімей, астықтарын осында тасып, жырғап қалады. Атадан балаға дегендей, диірмен бұлардың кәсібіне айналып кете барған.

Сол орыстан атасы аңшылықты үйренеді. Одан әкесі, әкесінен өзі.

***

– Арқарлы бұрын аспанға жақын сияқты болып көрінуші еді, – дейді еркек со жаққа көзін салып отырып. – Енді... Ап-аласа сияқты. Үстінде қалқып жүретін еді-ау...

– Құдайға не жаздық? – дейді әйелі. – Не жаздық!

– Өйтпе.

– Енді кімнен? Әйтеуір, біреуден емес пе, мына жұт.

– Қой, жүрелік, – деп еркек қара мылтыққа сүйеніп орнынан тұрды. – Кел, баланы таңайын, арқаңа.

Біраз ұзаған соң сонадайдан, жолдан сәл жырақ, үлкен шоқ қамыс көрінген.

– Арасында қырғауыл болады, – деді еркек, – Бір аралап шықсам жарар еді, бірақ бары үш-ақ патрон, әрі бытыра емес, өң жалғыз оқ. Онымен ұшқан құсқа тигізе алмайсың. Тиген күнде парша-паршасы шығады.

Әйел үндемеді. Әркім өз ойымен, қыбыр-қыбыр. Еркек әйелінің ит жандылығына таң қалады. Сіңіріне ілініп жүргеніне қарамай, қимылы адуын. Арқасында бала, ара-кідік ала қоржынды да алады қолына. «Кезек-кезек» көтерейік, дейді. «Әйелдің еркектен айырмашылығы қуатының сарқылмайтынында, – дейтін әкесі. – Сарқылмайтыны әйел қуатының көзі – ана сүтінде». Бұл сөзге онша мән бере қоймаған. Оған ашаршылық алқымынан алғанда көзі жетті. Қоңыр құлжаны атып алғаннан соң, бұл біраз сырқаттанып жүрді ғой. Сонда үйдің бар шаруасын жапырып істеген әйелі. Таудың бұтасын шауып, отын етті, диірменнің түкпір-түкпіріндегі астық қалдықтарын қолмен теріп жинап, ұшырды, кептірді, қуырды, талқан қылып тартты. Бала бір жағында. Кір-қоңды жуу, тамақ істеу... Құдайдың маңдайына осындай әйелді тап қылғанда мың мәрте шүкіршілік ететін. Ия, шынында да оны бұған құдай айдап келген.  

***

Бұлардың диірменіне айналадағы ауыл-ауылды айтпағанда, сонау басы қайдан басталып, аяғы қайдан бітерін бұлар білмейтін белдеу қыраттан да, ол түгілі, оның ар жағындағы ми жазықты көктей өтіп, үлкен жолдың бойынан да қазақтар түйе-түйе астық артып келіп, ұн тартып әкететін. Сонда ғой, мұның осы әйелімен танысып жүргені. Қайсыбір жолы ұн тартушыларға жас қыздың ілесе келгеніне әкесі де, бұл да таңқалған. «Үлкен жолдың бойындағы бекетте лау ұстайтын адамның жиен қарындасы» дескен келгендер. «Қыз баланы ұн тартуға жібергені несі?» деген әкесі. «Құдай өзіне ұл бала бермесе қайтеді». «Онда өзі келмей ме?» «Өзі лау ұстайды ғой. Ояздың ары-бері хат-хабар тасығандарын күтіп алып, шығарып салып отырады».

Сонда қыздың қайратына көргендер қайран қалған. Кез-келген астық толы қапты еркек біткенмен бірдей аударып-төңкергенде «Құдай-ау, мынау баяғы қалмақпен соғыста туса, кез-келген батырмен жекпе-жекке шығатын қыз ғой» десіп, тамсанған. – Сымдай бұратылған айналайынның қуаты қай жағында?»

Екеуі бір-бірін ұнатып қалып, әкесі бекеттегі лаушыға құда түсіп барып, бастарын қосып еді, көп ұзамай. Бұлардың ешқайсысы осынау бақыттың соңында мына жан-жақты жаппай жалмаған жұт – ұлы ашаршылықтың әне-міне келерін білген жоқ еді...

***

Шоқ қамыстың тұсынан өтіңкіреп кеткенде... Одан бері шығып келе жатқан үш өрім-өрім сұлаба көрінеді.

– Ойбай, аналарды қара, – деді әйелдің даусы бұзылып.

– Көрдім.

– Соңымыздан өңмеңдеп... Онысы несі?

– Біз сияқтылар шығар.

– Өрім-өрім... Қорқам...

– Жүре берелік, қорықпа.

Шынында да соңдарындағы үшеудің өңмеңдеулері жаман еді. Бірте-бірте таяп та келеді.

– Әй, тоқтаңдар, – деп қырылдап шыққан дауыс үзіліп-үзіліп жетті бұларға. – Аман қалғыларың келсе, баланы тастап, өздерің кете беріңдер.

– О, не? – әйелдің көзі алақтап күйеуіне қарады. – Не дейд, ойбай!

Қара көрсетпей қаша жөнелер қауқар қайда.  

– Естідің бе? – әйел даусы жан ұшырады.

– Естідім.

– Құлынымызды қайтеді?

– Сен жүре бер, – деді еркек әйеліне. – Тоқтама. Жүре бер.

– Өзің ше?

– Қуып жетемін.

Артына айбарланып бұрылды. Аналар дауыс анық жетер жерге дейін келіп қалыпты.

– Әй, сендер, кімсіңдер? – деді мылтығын алдына көлденең ұстап. – Баланы тастаңдарың не?

– Жан керек боса, тастайсың.

– О, қай далбасаң?

– Не естісең, сол. Таста баланы. Өздерің кете беріңдер.

– Өйтіп, құдайдан безбе!

– Көрсетші қане көзіме, оның өзін екі шайнап, бір жұтайын, – деді қаба сақалды өңкигені.

Бұл қара мылтықты кезенді.

– Жайратып саламын, ит!

– Ат, – деді анау, – Жайрат! Өйтпедің бе, далбасаламай баланы тастап кет, бізге.

Еркектің шүріппені басып жіберуге дәті бармады. Жалт бұрылып, шамасы келгенше әйелінің соңына қарай ентеледі. Ол біраз ұзапты.

– Тоқтама, кете бер. Тоқтама, – деген әзер-әзер демігіп. Онысын әйелі естіді ме, жоқ па, білмейді, – «Тоқтама да, тоқтама-сын» қайталай берді. Жан дүниесінде жанып-сөнген оттың қоламтасындай ғана бар қызуы лезде жым-жылас жоғалып, өн бойы түгел суып, дірдек қағып қалған. Әл-дәрмені түгесіліп барады. Артына қараудың өзі өлердей үрей. Өңмеңдеген сұмпайылар, әне-міне келіп бас салатын сияқты.

Ол ашаршылық дендегелі адамды адам жеп жатыр дегенді естіген. Әуелі сенбеп еді. Құлжаны атып алғаннан кейін мән-жай білмек болып, етектегі ауылға түскен. Сонда... Шағын ауылдың адамдары аштан қатып қалыпты. Кенет ауылдан сәл аулақта алба-жұлба бір топтың лапылдаған отты шыр айналып жүргеніне көз түсіп, қайнап жатқан қазан ернеуінен баланың білегін байқап қалған. Есі ауып құлап қала жаздап еді. Тауды бетке алып тұра қашқан. Үш күн құсқан.  

– Аман қалғыларың келсе, тастаңдар баланы, – деді соңындағы қаба сақалды өңкиген. Қырылдаған үніне ырыл ма, соған ұқсас жексұрын бірдеңе араласқан.

Қалай болғанда да оның үні таныс сияқтанды. Өңкиген өн бойы да. Қалбаңдаған жүрісі... Япыр-ау... Бұл... Сол ма?..

– Кімсіңдер, осы? – деп дауыстады.

– Шаруаң болмасын, онда.

– Дауысың таныс, біртүрлі...

– Е, мейлі.

– Білем, сені, – деді бұл. Өтірік айтты. Сөйтсем, өңмеңдегенін қояр деп ойлады.

– Білсең ше, – деді анау. – Тоқта де, қатыныңа.

Ей, мынау... Мынау... О, құдай... Қозыбас... Ия, сол ғой... Өзі...

Лезде біртүрлі қуанып та қалғандай болды.

– Оу, сіз... Қозыбас аға...

– Баланы тастап кетіңдер, деймін.

– Аға-ау, мен Кенжеғазымын ғой. Нубай көкеңіздің...

– Мейлі, – деді анау. – Шаруам жоқ онда, баланы тастаңдар. Болмаса, қатыныңмен қоса өзіңді де... Өліп барамыз, ит.  

– Кенжеғазымын деп тұрған жоқпын ба? Диірменші Нубайдың...

– Нубай-субайыңмен құры. Тоқта де қатыныңа.

Әйелі жаққа көз салды. Шамалы ұзапты. Мынадан еш қайыр жоқтығына көзі жетіп, мылтықты амалсыз шошаңдатты.  

Кезеп, қорқытқан түрі. Сескенер деді. Тұрып қалар деді. Сонда қатын- баласы ұзап кетер деді.

– Атып салам, қазір.

– Сөйтсеңші, иттің баласы! – деп анау баяғысынша өршеленіп келеді.

Дереу мылтықтың дүмін иығына тіреп, бастарынан асыра шүріппені басып жіберді. Қапелімде сасып қалды ма, өңмеңдеген үшеу орындарында сәл сілейіп, тұрып қалған.  

Бұл аналарға көрсетіп, мылтыққа келесі патронды салды.

– Енді дәлдеп атамын, – деді, – Жан керек екен, қалыңдар солай, қозғалмаңдар.  

Өзі қатын-баласының соңынан ұмтылған. Енді ілесуге батылдары жете қоймас деп сенді. Сүйретіліп келе жатып ойына не келіп, не кетпей жатыр. Анау... Қозыбас...

***

Қозыбастың бұдан мүшел жас үлкендігі бар. Әке-шешеден ерте айрылып Түменбай молданың босағасында жүрді. Соның дәрет суын жылытып, отымен кіріп, суымен шығып өсті. Ескіше хат таныды. Әлдебір балшабек келіп, темір жол салуға елді насихаттағанда соған ілесіп кетті де, бірер жылдан соң оралып, жаңа ашылған кәперетіп дегенді ұстады. Көп ұзамай істі болып қалды. Тексерісте кәперәтіптің дүниесі кем шығады.

Қаңтардың қақаған аязды түнінде бұлардың терезесін келіп қақты ғой, ол. Өңкиген неменің қан-сөлсіз ұсқынына үңіліп отырып, әкесі сұраған: «Өкіметтің дүниесіне неге қол салдың?» «Көке, мен емес. Имандай шыным». «О, қай сөзің?» «Ауданға тасыдым». «Ол не дейді?» «Кім?» «Аудан». «Жуытпайды. Куәгерім жоқ». «Онда кімге өкпелейсің». «Ешкімге». «Өзіңе де ме?» «Өзіме... Одан не шығады». «Ал, мына қашып-пысқаныңнан ше? Өкіметтің құрығы ұзын». «Үш жыл қолдарына түспесем, іс өзінен өзі жабылып қалады екен». «Бақандай үш жыл... Қай көтке тығыласың?» «Ақпанның аяғына дейін паналатыңыз. Ар жағы... Құмға сіңіп кетемін, жоқ десеңіз, ұстап беріңіз өз қолыңызбен».

Әкесі оны қалдырды. Күндіз, таң қылая ақ киізден басқан жер сызатын кебентайын кигізіп, қойнына тіске басар тығып, тауға жібереді, түн ортасында баспалап келіп, қорадағы аздаған уақ-жанның арасына келіп жатады. Аракідік ауыл сәбет милициямен ат ойнатып келіп тұрады. Сұрайтындары: «Қозыбас қашқын көздеріңе түскен жоқ па? Пендешілік жасап жасырып жүрген жоқсыңдар ма? Өйтсеңдер статья жаман».

Қозыбас түн ортасында таудан оралғанда, тамақ ішіп отырып әкесімен күбір-сыбыр әңгіме айтатын. Сонда ұққаны кәпәрәтіптің дүниесін аудандағы дөкейлерге тасытқан осы ауыл сәбет...

Оң мен солын танып қалған бұл әкесінен сұрайды: «Көке, бәлесіне қалмаймыз ба?» «Біліп қойса, қаламыз». «Онда неге?..» «Басына іс түскенге жамандық істеуге болмайды. Обал, сауабы бар...»

Содан көктемнің жылымығы білінісімен Қозыбас бір түнде жоқ болып шыққан. Әкесі екеуі екі-үш күн айнала-төңіректі түгел сүзіп шыққан. Жаман ойлары: оқыс жазым болып, бір шұқанақта не өліп, не мертігіп жатқан жоқ па? Өйтпесе, қайыр-қош-ты неге айтпай кетті. Не қылса да әйтеуір, Қозыбас із-ғайым жоғалған. Енді, міне. Көктен түсті ме, жерден шықты ма? Дәржінің құмы сақтаған ғой, жанын. Сірә, жер-көкті жайлаған ашаршылық шығар оны қуып шыққан. Жан сауғалап Арқарлыға оралған ғой. Одан не табады. Ауыл-ауылы аштан қатып қалған жоқ па. Енді мынау шоқ қамысты паналап, жол торып...

Біраз ұзаңқырап кеткен әйелі артына жалтақ-жалтақ қарағыштайды. Бұл қолын алға сермейді. Кете бер, тоқтама, дегені.

Аналар қайта аяқ басқан. Сол сүйретілген қалыптары. Аштықтан әлсіреген. Әйтпесе, аттап-бұттап жетіп келмес пе еді.

Соңына үрей түскенді кім көріпті. Қуғынның сұмдығы сол үрей болар. Әне-мінелеген қорқыныш жанын жеп, дірмәнін тауысып барады. Аяғы өзіне бағынуды қойған. Әлтек-тәлтек. Әйтеуір медеті – құтылып кетуден дәмелі.

– Әй, әй, – деп қатар қырылдады аналар. Қолдары ербеңдеп, мұның ту сыртын көрсете береді. 

– Не! – деп бұл да артына жалт қараған. Сұлап жатқан сол құладүз. Қыбыр еткен дәнеңе жоқ. Аналардың қолдары ербеңдеп, сілейген қалыптары. Көздеріне сірә, қос көрінген. Әлде шатаса бастады. Таң қалғаны, жып-жылы әлдене арқасынан сипағандай болды. Соның жылылығы тұла-бойына тарап, аяқ-қолының дірілі сәл басылған сыңайлы. Ол алғаш рет адамның күш-қуатының, сабыр-төзімінің тылсым бір демеуі болатынын сезінді. Оның қайдан келетінін, қалай болатынын әрине, білмеді...

Бұл өзімен-өзі болып тұрғанда соңындағылар ес жиып, ентелеп кеп қалыпты...

–   Қозыбас аға, қалыңыздар, – деген бұл. – Сабыр етіңіз!

– Көп сөзді қой, сен. Айтқанды істемесең өлтірем ит, болмаса ат, бізді.

– Қалай?.. Сізді... Адамды...

– Көріңді ұрайын, көп сөзді қой да, көзде, қане.

– Көздей алмаймын.

– Онда көтіңді қыс та, айтқанымды істе.

–  Жасаған жақсылығымыз қайда. Жасырып едік қой, бір қыс. Жақсылық жадыда қалмай ма?

–  Өліп бара жатсаң бәрін де ұмытасың, ақымақ. Енді шыдай алмаймыз. 

Айтқандары рас болу керек, ендігі жерде бері қарай далбаңдап ұмтылулары жаман. Шошып кетті. Мылтығын қайта кезеген. Кезеп тұрып:

– Енді аямаймын, – деп бақырды.

Оны елейтін аналар болмады. Тіпті, өршелене түседі. Қара мылтықтың ұзын ұңғысын үшеуіне кезек-кезек кезеді. Гүрс етті. Бірақ, тағы да далаға кетті, оғы. Дәлдеп атуға тағы да бір күш жібермеді. Тағы да дәті бармады.

Бұл жолы аналар алғашқыдай мылтық оғынан сескеніп, тосылып қалған жоқ. Тіпті, елең етпеді. Керісінше, өлімге өздері ұмтылғандай өңмеңдей түсті.  

Кенжеғазы бар үміт, сенімінен айрылып, есінен мүлде ауып бара жатқандай еді. Не істеу керек, қане? Үш патроны бар еді ғой. Мына үшеуін сол үш патронмен бағана-ақ неге жайратып салмадым деп өкінеді, енді. Сөйте алмады емес пе. Қандай да құдіретті бір күш жібермеген оған. Мылтықпен қорқытып-үркітіп, беттерінен қайтарам ба, тоқтатып тастаймын ба деп үміттенген. Араны ашылып кеткен қу құлқын құдайдан да құдыретті екен. Құдайдың өзі де тоқтата алмасын, білмепті.

Соңғы патронға қарады. Өлердей өкініштен өзегі өртенді. Өкпесі қысылды. Самғап ұшып шығар саңылау іздейді. Адамға мүмкін емес нәрсе жоқ, демеуші ме еді, әкесі. Қыл үстінде тұрған қысылтаяңда естігенді естен тандырар ерік-жігерің болсын, деген. Ия, ия, сөйткен... Түйсігінен төбе шашын тік тұрғызған, әрі таң қалдырған, әрі қуандырған да сияқты мүлде тосын, күтпеген, білмеген оқыс ой қылаң берген. Енді содан айрылып қалмау үшін жан ұшырды. Жан ұшырып тұрып, әжептәуір ұзап кеткен қатын-баласының соңынан қарады. «Алдарынан жарылқай гөр» деп күбірледі. Артындағы алба-жұлбаларға қараған «қайуандар,  деді даусы қырылдып – баламнан аулақ, әйелімнен аулақ. Мені жеңдер»... Қара мылтықтың ұңғысын жүрегіне тіреді. Гүрс еткен дауыстан кейін көз алды қап-қара болып қалды.  

***

Әйел біраз ұзаған еді. Жайдақтау сайға жеткен. Жылтырап жіп-жіңішке су ағып жатыр. Таңдайы құрғап келе жатыр еді. Татып көрсе, суы ащылау екен. Сонда да екі-үш жұтты.

Арқасына таңып алған нәрестесі үнсіз. Аман екеніне жотасын жылытқан демінен білінді. Шешіп алып, сәл белін жазбақ болып, бойын тіктеп беріп еді... О, сұмдық. Анадайда арса-арса көкбөрі тұр, бұларға үңіліп. «Кет-әй! Кет!» деп шыңғырып жіберді. Бірақ, өз даусын өзі естіген жоқ. Жанұшырып жан-жағына қараған. Қу медиеннен өзге көзге ешнәрсе көрінбейді. Күйеуі қайда?.. Қайтті, ол? Мылтықтың екі рет гүрс еткенін естіді ғой. Екеуін жайратқан шығар. Үшіншісін... Патроны үшеу емес пе еді. Оның атылғанын естіген жоқ қой. От алмай қалды ма... Дәрісі немесе пестоны дымданып қалса, сөйтетінін білетін.

Қасқыр сол қалпы. Орнынан тапжылмай үңіледі. Бұл бұрыла берсе, артынан келіп бас салатын секілді. Не істерін білмей, буын-буыны құрып, көзінен жас парлады. Баласы да қимылдай бастаған. Кенет көкбөрі теріс қарап шоқиып отырды. О, несі? – деп ойлаған зәре-иманы қалмай тұрған әйел дәнеңе түсінбей. Со кезде қоржынын тастап кету келді ойына. Соның ішіндегі барын жеп, жөніне кетер деп үміттенді. Тамақсыз өз күндерінің қалай болары қаперіне де кірген жоқ. Қоржынды тастады да апыл-тапыл алға басты. Со кез атылған мылтық даусы еміс-еміс естілген. Дереу тоқтай қалып, артына жалт қарады. О, Құдай, көкбөрі орнында жоқ, жым-жылас. Қоржын орнында. Мылтықтың даусынан безіп кетті, сірә, деп сенді. Және ойлаған: күйеуі аналардың үшіншісін де жайратты. Өлтірді. Кісіні. О, Құдай... Бұл не сұмдығың еді... Неден жаздық саған... Неге мәжбүрледің адамды адам жеуге, адамды адам атуға... Басқа жолын қалдырмағаның не. Амалын мүлде тауысқаның қалай?.. Күйеуімді кешіресің бе енді?..

Қоржынына қайта оралды. Қыңқылы көбейген баланы арқасынан босатып алған. Әуелі оның аузына қозықарынға құйып алған қайнақ судан тамызды. Сосын, талқан шайнап беріп отырды. Шайнап отырып, өзі де  жұтып жібере жаздайды. Тым құрыса бір жолы. Бірақ өйтуге дәті бармайды, осы келе жатқан жолында бойына біткен бір тосын шыдам, ерекше ерік оған жібермейді. Тек ашылған қоржын аузынан қақталған піскен еттің исіне елти береді. Тым құрыса бір кесетін аузына салуға үздігіп тұрып, іркілді. Күйеуінсіз... Келеді ғой, енді. Қуып жетеді. Сонда... деп күбірлеген. Тоса тұрмақ ойда. Бірақ қадалып қанша қараса да күйеуі көрінбеді. Әй! Әй... тағы да оқыс шыққан дауысын өзі естімей қалды. Баласын бауырын қатты қысып, сілеп қалған. Анадайда жаңағы көкбөрі. Көктен түсті ме, жерден шықты ма? Жоқ әлде... Көзін апыл-ғұпыл сүртіп, кең ашып қараған. Ия, сол. Арса-арса көкбөрі.  «Не керек, саған, – деп бақырды. – Кет! Жоғал!» Өзі дереу жиналып, баласын арқасына әзер таңып алып, тұра жөнелді. Қоржын жайына қалды. Тек дорбадағы талқанды іліп әкетті.

Қанша жүрді білмейді. Ара-арасында артына қараса қасқырдың қарасы көрінбеген. Қоржындағыны жеп жайына кеткен шығар...

Өліп-талып жатып, есі кірерлі-шығарлы басы мен аяғы қай жерден бітетіні белгісіз көлденең қыратқа күн ұясына қонуға аз қалғанда жеткен. Одан әрі әл-дәрмені қалмай қалды. Етектегі шөбі көк-жасыл қойнаудың жарлауытына жақын келіп, отыра кеткен.

Қолы қалтырап, баласын алдына алды. Көзі жылтырап, езу тартады. Ерні кеберсіпті. Онысын қимылдатып басын олай-бұлай қозғай береді. Талқанды іле кеткеніне қуанды әйел. Со сәт, есін жиып алды.  «Күйеуім...» деп жүрегі суылдар қоя берген: жүруге шамасы келмей, жолда қалды ма. Өкпесінің ауыратыны бар еді ғой. Әлгі құлжаны атқанда, соның етін төрт-бес барып жаяу тасығанда жабысқан. Қатты аязда тер қатып... Көп ұзамай тық-тық жөтел...

Кенет біреу ыңыранғандай болды. Елең етіп, есі шығып, айналасына қараса... Тура жанында әлгі көкбөрі тұр. Ала қоржын да жанында. Әйел шалқалақтап, құлай берді. Қай кез екенін, есін жиса, баласы бір жақта аяқ-қолы ербеңдеп, жылап жатыр. Бас салып, бауырына қысты. Ала қоржын жатыр, қасқыр жоқ. Көрінбейді. Жан-жағын көзімен тінтіп ұзақ қарады. Ұшты-күйлі. Алақоржынның аузын ашып үңіліп еді, ештеңесіне тимеген. Әйел не ойлап, не қоярын білмей, аң-таң қалды: Бұл не?.. Қоржынды кім әкелді. Тастап кетіп еді ғой. Сонда жаңағы бөрі... Қасқыр емес шығар ол. Солай болып жүрген баласының періштесі шығар. Періштесі болады дейтін еді ғой, үлкендер. Періштесі...

Сапырылысқан сандаған ойдың жауабын таба алмады ол. Тек аң-таң. Аздап өзіне келе бастады. Қаптап келе жатқан қараңғылықпен қалғып кетті. Оқыс оянып кеткен екен, аспан ашық, самсаған жұлдыз. Кенет көзі сонадайдағы қара қапталдан жанып тұрған оймақтай екі отқа түсті. Қатар тұрған екі шоқ... Соны ұзақ бағып отырды. Бір қызығы, жүрегінде сезік, үрей тұрғанымен, соншалық қорыққан жоқ.

Таң қылайып келе жатқанда, қапталдағы екі шоқтың орнынан тұрып бара жатқан көкбөріні көрді.

Не керек, балалы әйел көлденең қыраттан асып, ар жағындағы қара жусанды қу медиенді тағы бір тәулік жүріп өтіп, үлкен жолдың бойындағы бекетке жеткенше көкбөрі соңдарында оқта-текте көрініп отырған еді...

***

Арада бес-алты жыл өтіп, Арқарлы асуына адам ізі қайта түсе бастағанда баяғы кіре жолдың бойынан жүргіншілер шашылып жатқан адам сүйектерін көреді. Жалғыз адамның. Қазаққа сәбет сұмдықтың жасаған зұлматы ғой, деген сөз бәрінің көкейінде күңіреніп тұрды. Бірақ бір-біріне онысын дауыстап айта алмады. Қолдарынан келгені, шашылып жатқан сүйектерді жиып, жерлеп кетті. Оның кімнің сүйегі екенін олар да, кейінгілер де білген жоқ...

 

Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері