Қоғам • 18 Ақпан, 2021

Қайда жүрсің, құлыным... немесе балалар неге жоғалады?

5730 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін


«Бала – бауыр етім» демейтін қазақ жоқ. Әр қазақ баласын еркелетіп, айналып-толғанып отырады. Бұрын жүрегі қара тастан жаралған болмаса, әуелі тоғыз ай құрсағында, кейін тал бесікте тербеткен бөбегінің тағдырына атүсті қараған қандасты естімеуші едік.

Қайда жүрсің, құлыным... немесе балалар неге жоғалады?

Десек те, қоғам өзгерді ме, әлде ата-ананың ұрпақ алдындағы жауапкершілігі төмендеді ме, әйтеуір, соңғы кезде балаларын қараусыз қалдыратындар жиі кездесіп жүр. Тіпті баласына қиянат жасайтындар да бар. Қазақы болмысқа жат мұндай теріс әрекет, әрине отбасындағы кикілжіңнен туындайтыны даусыз.

Баланың табанына шөңге кірсе, жүрегі сыздап қоя беретін қазақ емес пе едік? Бәлкім, кейбірі қателесетін шығар, дейміз-ау... Десек те, жаһандану үрдісінің бел ортасына топ еткізген бүгінгі қоғамда бауыр етіне балаған баласын далаға тастайтын безбүйректің табылып жатқаны қынжылтады.

Мәселен, былтырғы қыста Атырауда «көкек» ана бейкүнә сәбиін жылу құбырының үстіне тастап кеткен еді. Жарық дүниеге іңгәлап келген сәбидің татар дәмі бар екен. Қаңтардың суығынан қалтыраған сәбидің құлын даусын алакеуімде оянған тұрғынның бірі естіп, үйіне құшақтап әкеліпті.

Дереу жедел жәрдем шақырып, дәрігерлердің қарауына тапсырды. Кіндігі кесілмей, тірі тастандыға айналған сәбидің көрер жарығы бар екен. Жүрек соғысы төмендесе де дәрігерлер періштені аман алып қалды. Ал полицейлер Батыс Қазақстан облысынан келген «көкек» ананы үш күн іздеп, ақыры тапқан еді. Жергілікті сотта безбүйрек ананың ісі қаралды.

Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотталушыға Қылмыстық кодекстің 119-бабы, 2-бөлігімен (Көмексiз қалдырылған адамның денсаулығына абайсызда ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соққан қауiптi жағдайда қалдыру) айып тағылды. Айыпталушы өзінің жасаған әрекетін толық мойындап, процессуалдық келісім жасау жөнінде ұсыныс білдірді. Сот оны кінәлі деп танып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Дәл осыған ұқсас оқиға биыл тағы да қайталанды. Бұл жолы қазақы болмыстың қаймағы бұзылмаған Қызылқоға ауданында тұратын төрт балалы әйелдің жаңа туған нәрестесін қоқыс жәшігіне тастағаны естіген жанның жағасын ұстатты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Құдаманованың айтуынша, төрт баланың анасы жүктілігін дәрігерлерден жасырып келгені анықталып отыр.

– Жаңа туған сәбиін қоқыс жәшігіне тастаған әйел жүктілігіне байланысты дәрігерлік есепке тұрмаған. Жүкті әйел жедел жәрдем стансасына қан кетіп, жағдайы әбден қиындаған соң ғана хабарласқан. Медицина қызметкерлері алғашқы көмек көрсету кезінде 35 жастағы келіншектің босанғанын анықтады. Алайда әйел бастапқыда босанғанын мойындамай, түсіктен кейінгі қан кету деп жалтарған. Өйткені оның жүктілігіне байланысты амбулаториялық есепке тұрмағаны анықталды. Ол жүктілігін дәрігерлерге айтпай, жасырып келген, – дейді Айгүл Құдаманова.

Былтырғы қаңтарда Құрсай ауылында тұратын 9 жасар екі бала жоғалып кетті. Олар үйінен шығып, хабарсыз кеткен. Артынан екеуінің мүрдесі өзектен табылды. Ал 20 мамырда түскі сағат 13:30 шамасында 1,5 жастағы сәби «Жұлдыз» шағын ауданының 10-көшесіндегі тұрғын үйден шығып кетіп, қайта оралған жоқ. Бірақ қай бағытқа кеткенін ешкім көрмеген.

– Баланың есімі – Әли. Үстінде қызылторлы көйлегі, қара түсті қысқа шалбары бар. Оң аяғын сылтып басады, – деп хабарлады сол кезде полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Гүлнәзира Мұхтарова. – Ата-анасы Әли деп есім берген сәбиді іздемеген жан аз еді. Алайда жанашыр жандардың әрекеті нәтижесіз болды. Өйткені енді ғана қаз басып жүрген сәбидің үйінің ауласында қазылған құдыққа құлап, жантәсілім еткені анықталды.

Мәпелеп отырған баласы бетімен кетсе, әкенің тартар азабы аз емес. Мәселен, Доссор кентінде тұратын отбасының колледжде оқитын ұлы былтырғы ақпанда еш себепсіз сабаққа қатыспай жүрген. Алайда еріншек бала сабаққа қатыспағанына дәлел бола алатын анықтама ұсынбапты. Әрине, ұстаздары оған бірнеше рет ескерту жасайды. Соған қарамастан ол сабақтан қалуын жалғастыра берген. Сөйтіп ақпанда 12 күннің сабағына қатыспағаны анықталыпты. Ұлының бұл әрекеті үшін әкесіне сот алдында жауап беруіне тура келді.

Бұл іс Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында TrueConf мобильді қосымшасын қолдану арқылы қаралды. Өйткені, кәмелетке толмаған баланың әкесі бір жыл бұрын әкімшілік жаза танылса да тәрбие мен білім беру жөніндегі міндетін орындауға мән бермеген. Сол себептен, оның ісі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабының 2-бөлігін бұзған болып саналды.

– Сот отырысында құқық бұзушыға кінәсін мойындамасқа амал қалмады. Кәмелетке толмаған жасөспірімнің әкесін екі тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды, – деп мәлім етті облыстық сот баспасөз қызметінің жетекшісі Боранбай Ғалиев.

Қазір әлеуметтік желі, мессенджер арқылы ақпарат лезде тарайды. Тек Атыраудың өзінде жоғалып кеткен балалардың өкінішке ұрындырар оқиғаға тап болып жатқанынан жұрттың бәрі құлақтанды. Десек те, ата-аналар мұндай оқиғаға мән бермейтін секілді. Сол себептен, бауыр еті баласынан әп-сәтте көз жазып қалады. Содан соң ғана безгек тигендей безек қағады. Тағы да дерекке жүгінсек, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, былтырғы 1-25 мамыр аралығында «102» нөміріне жасөспірімдердің жоғалу фактісіне байланысты 20-ға жуық хабар түскен. Оның ішінде 3-8 жас аралығындағы сәбилердің жоғалуына байланысты 7 дерек бар. Сондай-ақ 8-14 жастағы балаларға қатысты 5, ал 15-17 жастағылардың жоғалғанын хабарлаған 5 дерек тіркелді.

Атырау қалалық полиция басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, хабар-ошарсыз кететін жасөспірімдер негізінен 2-3 сағатта табылады екен. Көбінесе, кішкентай сәбилер үй маңында ойнап жүріп, басқа көшеге кетіп қалады. Сөйтіп олар өз үйін таба алмай, адасып кетеді. Кейде жоғалған баланың ата-анасы полицияға жүгінуге асықпай, өздері іздейді. Баланы таба алмаған соң ғана полицияға хабар береді.

– Ересектердің қарауынсыз жүрген балалардың жол-көлік оқиғасына тап болатын жайт жиі кездеседі. Мәселен, былтыр мамырда балалардың қатысуымен үш жол-көлік оқиғасы тіркелді. Қаладағы И.Тайманов көшесінде орналасқан сауда үйінің жанында 2016 жылы туған, ал Т.Амандосов көшесіндегі колледж маңында 2004 жылғы, Геолог шағын ауданында 2015 жылы өмірге келген жасөспірімді көлік қағып, біреуі жарақат алды, – дейді Г.Мұхтарова. – Ойнап жүріп, өздерінің тұрғылықты жерінен ұзап, кейін адасып қалатындардың дені – 2-6 жас аралығындағы балдырғандар. Бұған балаға жауапты (бағушы, күтуші, сәбидің өзінен үлкен аға-апасы) ересектердің көзден тасада қалдыруы себеп болып отыр.

Шымкент қаласының 16 жастағы тұрғыны Indriver желісі арқылы такси тауып, мұнайлы шаһарды аралау үшін келіпті. Ақтау қаласындағы туыстарының үйінен шыққан 15 жастағы ақтөбелік те Атыраудан табылды. Бірақ кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерге өзі тұратын мекенжайдан өзге қалаға, не облысқа ата-анасыз баруына рұқсат етілмеген. Сол себептен, екеуі де кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.

Тіпті қамал алар қырық жастан асқандар да ата-ананы әбігерге салатынын қайтерсіз? Қызылқоға ауданының 40 жастағы тұрғыны 2019 жылғы қаңтарда із-түзсіз жоғалып кетіпті. Ата-анасына ескертпей кеткен ұлын он айға жуық күткен әкесі сол жылғы 22 казанда Қызылқоға аудандық полиция бөліміне жүгінеді. Полиция қызметкерлері жан-жақты іздестіру шараларын жүргізді. Атырау облысының аумағы мен еліміздің барлық облысы мен аудандарына, қалаларына іздеу туралы ақпарат жіберіліп, іс-шаралар ұйымдастырылғанмен, нәтиже болмады. Бірақ аудан полицейлері іздестіру жұмыстарын жалғастыра берді. Жоғалған қызылқоғалық азаматтың дерегі анықталмағаны туралы өзге облыстардағы полиция органдарынан жауаптар келді.

Қызылқоға аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі былтырғы тамызда іссапармен Ақтөбе облысындағы әріптестерімен шалғайдағы елді мекендерді аралайды. Іссапар кезінде хабарсыз кеткен азаматты Қайыңды елді мекенінің аумағында мал бағып жүрген жерінен тапқан. Ұлының аман-есен оралғанына қуанған 70 жастағы әкесі «Қайда жүрсің, құлыным?» деп көз жасына ерік берді. Тепсе, темір үзетін алпамсадай жігіттің ата-анасын уайымға батырып, кемсеңдеткені көңілге қона қояр ма?

Балалардың жоғалуы биыл да қайталанып отыр. Дәлірек айтқанда, полиция қызметкерлері 1-5 қаңтарда Атырау қалалық полиция басқармасының «102» нөміріне жасөспірімдердің үйінен шығып, жоғалып кеткені туралы жеті хабарлама түсті. Мәселен, 4 қаңтарда сағат 00:30 шамасында 10 жасар жасөспірім анасымен ұрсысып, үйінен шығып кеткен. Полиция қызметкерлері оны көрші үйден тапты. Сол күні түнгі сағат 23:00-де анасына ренжіген 14 жастағы жасөспірім үйден шығып, көпірге бет алған. Полиция қызметкерлері жасөспірімді тауып алып, отбасына жеткізді. Отбасындағы кикілжіңнен соң үйінен кетіп қалған жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 442-бабының 2-бөлігімен әкімшілік хаттамалар толтырылып, ескерту берілген.

Атырау қаласының маңындағы Талқайраң ауылынан 5 ақпанда 30 жастағы Наурыз Әйтекешов із-түзсіз жоғалып кетті. Содан бері бір дерегі шықпай тұр. Оны іздестіруге арнайы көліктер, тікұшақ, қызметтік иттері бар кинологтер тобы, еріктілер тартылды. Алайда облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі басшысының орынбасары Самат Құмашевтың айтуынша, оны іздеу 15 ақпанда тоқтатылды. Өйткені...

– Жоғалған жігітті іздеуден нәтиже болмады. Он күнде Жайық өзенінің екі жағалауындағы елді мекендер, Атырау қаласының аумағы, туристік базалар мен қыстаулар, саяжайлар тексерілді. Сондай-ақ қараусыз қалған құрылыс нысандарына, құдықтар мен траншеяларға барлау жасалды, – дейді Самат Құмашев.

Оны да «Қайда жүрсің, құлыным?» деп еңірегенде етегі жасқа толған әкесі мен анасы күтіп отыр. Бір отбасында құлын-тайдай бірге өскен сегіз бауыры Наурыздың аман-есен ораларына үміт артып, елеңдеумен есікке қарайды.