Ел назарын өзіне аударған, жас ұрпақтың тәрбиесіне тәп-тәуір әсер ететін қайырымдылық шарасына іскер әйелдер қауымдастығы жұмыла кірісті. Шағын ауыл тұрғындары бұл бастамаға түсіністікпен қарады. Ешкім ішерге ас таппай отырмаса да, жаныңда жанашыр адамдардың болғаны қандай жақсы. Көңіл демейді, сенімді арттырады. Ал құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан жас балалар бұрыннан сабақтасып келе жатқан ата дәстүрдің артықшылығын, ғажайып мазмұнын зерек көңілдеріне тоқиды. Өсе келе өз ата-анасы ғана емес, өзге де адамдарға қайырымды болып жүреді. Сайып келгенде, бірлік бекіп, береке арта түспек.
– Осы мектепте төрт жыл жұмыс істедім, тәрбие жұмысымен айналыстым, – дейді іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Күлбаршын Сейпінова. Бұл арадағы басты міндет – адамдардың қоғам ізгілігін сезінуі. Онкүндік аясында көп балалы, жалғызілікті он шақты отбасыға азық-түлік себеттері берілді. Әрқайсысының құны 30-35 мың теңге көлемінде. Маңыздысы ол да емес, ізгілікті шараны ұйымдастыру арқылы мектепте білім алып жатқан 137 оқушының әрқайсысы халқымыздың қайырымдылық деген қастерлі қасиетінің мәнін түсінетін болды.
Көңіл елжірететін іске демеуші болғандар өздерінің аты-жөндерін жарнамалағанды қаламайды. «Жақсылық жасасаң айғайлап айту міндетті емес» дейді олар. Біз де сол пікірге қосылдық. Ең бастысы, қазіргі күні шет жайлап шалғайда жүрсе де туған ауылдарының түтінін түзу ұшырсам деген перзенттік пейілдің молдығын көрдік. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, елжанды азаматтардың болмысын кейінгілер ұқса болғаны.
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы