Қазақстан • 19 Ақпан, 2021

МИБ-тің ПИК-тен айырмашылығы неде?

719 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көпқабатты үйлердің проблемаларын шешіп, мұқтаждарын өтеуде пәтер иелерінің кооперативтері (ПИК) өзін өзі ақтамағандығы туралы көп айтылды. Қатарынан бірнеше үйді кооперативтеріне қосып алған кейбір төрағалар тұрғындардан тек ақша жинаумен айналысты. Ал сол кезде үйлердің төбелерінен су ағып, жылу, су жүйелері шіріп, кондоминиумге жататын алаңдар қараусыз қалды. Кейде тіпті кооператив төрағалары оны жекеменшіктің пайдалануына жалға беріп, ал жалдау ақысын жымқырып кеткен фактілер де болды.

МИБ-тің ПИК-тен  айырмашылығы неде?

Бірнеше үйді біріктірген ПИК төрағасын орнынан табу да қиын. Сондықтан бір мәселемен көмекке зәру болған тұрғындар оларды іздеу­мен сарсылатын. Ал ауладағы бала­лар алаңдарын абаттандырып, жарақ­тандыруды көптеген кооперативтер жер­гілікті әкімдіктердің де мойнына артып қойған.

Сонымен қатар ПИК-тер кооперативке кіретін үйлердің барлығын ұс­тауға бір ғана шот ашты, ал бұл пәтер иелерінің ақшаны мақсатты пайдалануын бақылауға мүмкіндік бермеді. ПИК-тердің осындай толып жатқан кемістіктері тұрғын үй шаруашылығын басқарудың басқа жолын іздеуге мәжбүр етті.

2019 жылғы 26 желтоқсанда Пре­зидент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Осы Заңға сәйкес, 2022 жыл­дың 1 шіл­­десінен бастап пәтер иелері кооперативтері (ПИК) болмайды, ал олар­дың орнын мүлік иелері бір­лес­тіктері мен жай серіктестіктер алады.

Мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) – бұл бір көппәтерлі тұрғын үйдің пәтер иелері ғана құратын коммерциялық емес нысандағы заңды тұлға. Жай серіктестік (ЖС) – азаматтық шарт не­гізінде үйге ортақ мүліктерді бар­лық меншік иелерімен үйді бір­лесіп басқару және күтіп ұстау. Бұл жүйе тұрғындар қаражатының ашық жұм­салуын қамтамасыз етеді деген үміт бар. Сондай-ақ олар тұрғындарға бас­қару тәсілін таңдау құқығын беру үшін енгізілген.

Жаңа тәртіп бойынша МИБ-тер «мүлік иелерінің бір бірлестігінде – бір шот» қағидаты бойынша жұ­мыс істейтін болады, бұл бір үй­дің тұр­ғындарына жиналған қара­жат­тың басқару және ұстау үшін мақсатты пайдаланылуын бақылауға мүмкіндік береді. МИБ-тің ПИК-тен түбегейлі айырмашылығы да сол – ақша қаражатын дұрыс әрі әділ бөлу. ПИК-тің бір шоты болғанымен, үйлері көп болды, ал МИБ-те әр үйдің өз шоты болады. Қаражат тек бір үйдің қажетіне жұмсалады және оны жоғарыда айтқанымыздай, тұрғын үй иелері де, жергілікті билік те қадағалай алады.

Бұл мәселені шешу қазір Сол­түс­тік Қазақстан облысының қала­ларында  қызу қолға алынды. Жуырда Пет­ропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерлан Қайырбеков пен әкімнің тұр­ғын үй-коммуналдық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Анатолий Мишин БАҚ арқылы тұрғындарға МИБ-тің ПИК-тен артықшылығын түсіндіруге тырысты.

Сонымен қатар олар МИБ құрудың және оған мүше болудың жолдарын айтты. «Бұл үшін төрт құжат қажет: алдымен тұрғындардың МИБ құруды қолға алған жиналысының хаттамасы, әр тұрғын үй иелерінің оған өтуді қалаған өтініші, төрағаны таңдау туралы шешімі және МИБ-тің үлгілік жарғысы мен тіркелуіне 1 АЕК мөлшерінде ақы төленгені туралы түбіртек. Осы құжаттар да­йын болса, төраға оны әділет органдарында тіркетеді. Осыдан кейін МИБ өз жұмысына кірісуге құқылы», деді Е.Қайырбеков.

МИБ-тің төрағалығына пәтер­лердің кез келген иесі төраға болып сайлана алады. Оны жалпы жиналыс­та меншік иелері 1 жыл мерзімге сайлайды. Егер бұрын ПИК-тің өзінде аула сыпырушылар, электриктер, бухгалтерлер сияқты қызметкерлер штаты болса, енді олармен МИБ төрағасы тапсырыс беруші ретінде келісімшарт жасайды. Келісімшартта орындалатын жұмыстардың көлемі мен түрлері және еңбекақысы анық көрсетіледі. Ал басқарудың жаңа нысаны тек төрағадан ғана тұратын болады.

Кондоминиум нысанының ортақ мүл­кін басқаруға және күтіп-ұстауға ар­налған шығыстарын есептеудің бекі­тілген әдістемесі, яғни жыл ішінде орындалуы қажет жұмыстардың қа­жет­ті тізбесі болады. Осы жұмыстар ті­зі­міне сәйкес үйді басқару және кү­тіп ұстау шығындарының жылдық сме­тасы жасалады.

Бұрын ПИК құру үшін жалпы жиналысты пәтер иелерінің кемінде 10% кіретін бастамашыл топ шақыратын. Ал МИБ құру үшін үй тұрғындарының 100% келісімі қажет. Олардың әрқайсысы сенімхат беріп, бірлескен қызмет туралы келісімге қол қояды. Сонымен бірге ПИК әділет органдарында тіркеу жарғыны да талап етпейтін. Ал МИБ-ті тіркеуге ол қажет болады. Қазіргі уақытта Петропавл қаласының аумағында 1 090 көппәтерлі тұрғын үй бар, оның ішінде 624 кондоминиум объектісінде басқару нысаны ұйымдастырылған, 328 үйде тұрғындардың өзі сайлаған басшысы бар, ал 138-і иесіз болып табылады.

Қала әкімдігі тарапынан кондоминиум нысандарын басқаруға және оның ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстар сметасын есептеу әдістемесі әзірленді. Бұл әдістеме «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі заңының нормаларын негізге ала отырып, кондоминиум объектісін басқару және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау жөніндегі шығындарды есептеу кезінде қолданылады. Соны­мен бірге қала әкімінің өкімімен кондоминиум объектісінің ортақ мүл­кін басқаруға және күтіп-ұстауға ар­налған шығыстар сметасының ең аз есебі бойынша жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы жергілікті өкілді органда бекіту үшін шығыстар сметасының ең аз есебі бойынша жоба әзірлейді.

Сөйтіп, қызылжарлықтар көппә­тер­лі үйді күтіп, басқарудың жаңа әдісін қолдануға жіті кірісіп отыр. Әрине, оның да жетіспейтін жақтары шы­ғатын шығар, бірақ бұрынғы ПИК-тер­ге қарағанда дұрыстау болуға тиіс­ті.

 

ПЕТРОПАВЛ