Айтқан соң араға апта салып, ауған ардагері Тимур Қашыбаевтың үйіне бардық. «Өткенді қопарып, оны несіне жазғалы жүрсіңдер?» деп қолыма әскери альбомын ұстатты. Оны төрт бұрышынан автоматтың оғымен бекітіпті. Фотодан бұрын оқты қызықтап отырғанымды байқап қалып, «дұшмандардан қалған» деп күлді. Қаруласы бастан кешкен оқиғаларының шетін шығарып қойған соң ба, Тимур тартынған жоқ...
«КамАЗ» тізгіндеген Тимур
– Біздің ауылдан Ауғанстанға кеткен Талғат Кәсенов: «Қайсысы еркек, қайсысы әйел екенін ажыратпайсың. Бәрі сәлдеге оранған. Күндіз қасыңда жүріп, кешке атып кетуі мүмкін. Түні бойы атқылайды. Мұнда келмеңдер!» деп хат жазатын.
Орта мектепті бітіріп, қазіргі Алтай қаласындағы ДОСААФ-та оқыдым. Бір жылдан кейін әскерге шақырды. Отардағы алты ай дайындықтан соң Ауғанның шекарасынан бір-ақ шықтық. Түрікменстанның Кушка деген жеріне жетіп, пойыздан түссек, күн жанып тұр, айнала жап-жасыл. Бәрі панамамен жүр, түрлері қап-қара. Пимамен түскен бізге үдірейе қарап, «қайдан келдіңдер?» дейді. «Қазақстан» десек, «Сібір жақ па?» деп таңғалады.
Он күннен соң «КамАЗ» берді де, бізді таудың арасына қоя берді. Тақыр тау. Айнала сұрғылт. Арғы жағы ауғанның жері екен. Сол жерде он күндей автомат атып, көлік жүргізіп дағдыландық. Тіпті су ішуге дейін үйретті. Қайнаған суды шүберекпен қапталған құтыңа құйып аласың да, ішіне таблетка салып, машинаның терезесіне іліп қоясың. Шайқалып, сап-салқын болып қалады. «Оғың көп болған сайын, өмірің ұзақ. Автомат – сенің досың» деп түсіндіретін командирлер. Оқу-жаттығуда жүргенде бір генерал келіп, «кительдеріңді шешіңдер» деді бәрімізге. Сонда кейбіреудің автоматтан ажырамағаны сонша, иықтары қажалып, мүйіз болып қалған. Генерал оларды мақтап, марқайтып қойды.
Ауған даласы
...300 «КамАЗ» іркес-тіркес көпірден Ауған жеріне өттік. Қыстақтардың арасы. Сақалды, сәлделі адамдар автомат асынып жүр. Көзімен жеп қоя жаздап қарайды. Он тоғызға толмаған баламыз ғой, қорықтық. Талғат Кәсеновтің жазған хаты ойыма түсті. Барғанымыз сол, екінші күні бізбен бірге барған бір сарбазды отырған жерінде снайпер атып түсірді. Оқ бастан тиіпті. Тірі шықпайтын шығармыз дедік.
Гератты басып өтіп, Шиндантқа ілініп тоқтадық. Ентігімізді баспай жатып, тапсырма берілді. Жұмысым – Кандагарға әуе керосинін апаратын жүк көліктерін ілесе жүріп қорғау. Мен мінген «КамАЗ»-дың қорабында зеңбірек тұр. Әскери сапарға керосин тиеген 50-70 жүк көлігі шықса, зеңбірек тиеген үш әскери көлік оларды қорғау үшін шығады. Ең алдыңғы қарулы көлікте командир отырады. Ортада біреуі жүреді. Мен колоннаның ең соңындамын. Зеңбіректі «КамАЗ»-ды дұшмандар «шайтан арба» дейді екен. Шабуылдаса, бірінші бізді жарып жіберуге тырысады. Шынын айтқанда, тірі нысанамыз. Жол бойы рация арқылы командирмен хабарласып отырамын. Картаға қарауға мұрша болмайды. Күн шыжып тұр. Баста каска, үстіңде оқ өтпейтін сауыт. Жолдан сәл шықсаң, минаға түсесің. Оның үстіне, командирдің орысшасын да ұқпаймын. Мені алып тастайын десе, соңында ешкім жүргісі келмейді. Зеңбіректе де қарағандылық Амантай деген жүрек жұтқан қазақ жігіті. Оның жанында қызылордалық – Болат. Бізді «мұсылман экипажы» десетін.
Кандагарға дейінгі 550 шақырымды 10 күн жүреміз. Қараңғы түссе, тоқтаймыз. Әр сапардан келген сайын кабинаның есігіне бір-бір жұлдызша салып отырады. Жұлдызшам 78-ге жеткен соң керуенді қарсы алуға қоя беретінді шығарды. Ол да қауіпті сапар. Кешке қайтып келсем, командирлер «о, тірісің бе?» деп таңғалатын.
Кандагар мен Шиндант арасында жүргенде бізге үш-төрт рет шабуыл жасалды. «С» тәрізді қауіпті жол бар. Қай жерден атып жатқанын ұқпайсың. Жол жиектерінде – жарылған көліктер. Біз ол қауіпті аймақтан намаз уақытында өтіп кетуге тырысатынбыз. Үлгермегендерді жарып жібереді. Бірде құмды жерде келе жатып, асфальтқа шыға келсек, алдымызда кесе-көлденең дұшмандар тұрып алып, оқты бұршақша боратты. Зеңбіректегі Амантай автоматпен атқылады. Ортада прапорщик отыр. Шет жақтағы жігіт қорыққанынан қатты да қалды. Прапорщик мені рульге қарай жатқызды да арқа тұсыма ыңғайлана отырып, атқылай жөнелді.
Дұшмандардан бір қауіп болса, серпантин жолмен 4 мың метрдей биік тауды асып өтудің өзі тағы бір қауіп еді. Ұшар басына шыққанда, қысым жоғары. Саланг туннелінен өткенде, тынысымыз тарылады. Міне, осы жер ғой, – деп альбомдағы фотоны нұсқады Тимур.
Білуімізше, Саланг асуы – ауған жерінде стратегиялық мақсатта салынған жол. Туннельдің ұзындығы – 2 жарым шақырымнан астам. Онда 1980 жылы жол-көлік оқиғасы орын алып, 16 кеңес сарбазы тұншығып қаза болған. Ал 1982 жылы жанармай әкетіп бара жатқан автокөлік жарылып, 176 адам өлім құшқан.
Қанды қақтығыс
– 1988 жылдың тамызында Ауғаннан Аягөзге алып шығып, қыркүйекте қайта кіргізді. Ол кезде де зеңбіректі «КамАЗ»-ға мініп, азық-түлік тасығандардың жанында жүрдім. Нағыз қанды қақтығыс сонда болды.
Әлі есімде, 1989 жылғы 18 қаңтар. Колонна Кабулдың бергі жағындағы Джавали сараж деген қыстаққа жеткенде, таудан түскен дұшмандар қаптап кетті. Кабулға кетіп бара жатқан соңғы рейсіміз еді. Бір уақытта атыс басталды. Алдымдағы көліктер оқтың астында қалды. Дұшмандар бір-бірімен де соғысып жүр. Біреуі бізге «кетіңдер» дегендей қолын сермей беріп еді, анандайдан енді бірі «аллаһу акбар» деп гранатометпен менің көлігімді көздеді. Аяғым дір-дір етіп, газды баса алмай қалдым. Қайта бір қарасам, әлгі көздеген дұшман тығылып қалды ма, оқ тиді ме, әйтеуір, Құдай сақтапты. Бұған дейін де бізге талай оқ жаудырған. Бірақ дәл жанымызда жүгіріп жүріп, атқыламапты.
Бір кезде шаңқ еткен дыбыс шықты, жамбас тұсым ып-ыстық болып кетті. Есік түтіндеп жатыр. Оқ сүйкеп өтті ме деп сипап қоямын. Сөйтсем, оқ орындыққа тиіпті. Сол-ақ екен, көліктің қобдишасы ашылып кетті. Оны да оқ тесіпті. Жанымдағы жігіт «газуй» деп айғайлайды. «КамАЗ» селкілдеді де қалды. Екі айдан соң үйге қайтатын едік, біткен жеріміз осы шығар дедім. Жанымдағы әйнек күлпарша болып түсті, құлақтың түбінен оқ кәдімгідей ысқырып өтті. Танаудың ұшы аши берді. «Жаның мұрын ұшына келді» деген сол ғой деймін осы. Әрең-әрең шығып, бір бұрылысқа жетсек, біздің бір «ЗИЛ» лапылдап жанып жатыр.
Атыс-шабыстың ортасынан шығып, жол шетіндегі заставаға келгенде есіме зеңбіректе отырған қырғыз жігіті түсті. Келгеніне екі-ақ ай болған. Лақап аты Манах-тұғын. Өліп қалды ма екен деп, қорапқа секіріп шықсам, ол ұйықтап жатыр. Оған кабинадағы үңірейген тесікті көрсеттім. Бір емес, алты оқ тесіп өткен. Шошып кетіп, «мә-ә-ә, қазақ, Тимоха» деп мені құшақтап жүр. «Чоң рақмет, чоң рақмет» дейді. Оны қойшы, кешкісін ұйықтайын десем, көз алдымда оққа ұшқан жігіттер елестей берді. Көпке дейін сөйлей алмай жүрдім...
Кейін шекараға рациямен «зеңбірек оқтың астында қалды» деп хабарлағанда, зайсандық Жомарт деген қаруласым мені өлді деп ойлапты. Шекарадан он шақырымдағы бақылау-өткізу бекетіне кіріп келе жатқанда Жомарт жерлесім «тірі екенсің ғой» деп келіп, мені машинадан жұлып алып, көтеріп алды. Көтеріп келе жатып, өзі жылап келеді. Әлі күнге дейін доспыз. Қазір әлеуметтік желі жақсы болды. Түкпір-түкпірдегі қаруластарыммен хабарласып отырамыз. Нағыз достарым, деп менің қолымдағы альбомына қолын созды.
Альбомды парақтап отырып, майдандастарының әрбіреуіне мінездеме берді. Бәрі мектепті кеше ғана бітірген бозбалалар екен. Құмды даладағы мұңды балалар. Қыршынынан қиылғаны қаншама, мүгедек болып оралғаны қаншама?! Майдандастары мен қан сіңген ауған даласының суреттері айтқан әңгімесіне орай түсірілген иллюстрациядай көрінді. Бәрі де альбом беттерінде сайрап жатыр.
Шығыс Қазақстан облысы