Ал биыл осы тарихи маңызы зор миссияға атсалысып, өздерінің әскери міндеті мен антына ақырына дейін адал болған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара әскерлеріне қарасты жеке құрама атқыштар батальонының тәжік-ауған шекарасынан шығарылғанына жиырма жыл толып отыр.
Тәжік-ауған шекарасындағы аймақтың тыныштығын күзетуге 1992-2001 жылдар аралығында біздің елден он мыңға жуық сарбаз бен офицер қатысқан деген дерек бар. Өкінішке қарай, содырлармен болған қақтығыстың салдарынан 46 жауынгер қаза тауып, 100-ге жуығы түрлі жарақат алыпты.
Бітімгершілік операциясына Қарағанды облысынан 400-ге жуық сарбаз бен офицер қатысты. Қатардағы жауынгер Еркебұлан Мақажанов, кіші сержант Евгений Салютин және аға лейтенант Александр Комаров әскери міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан.
Ерлікпен қаза тапқан жаңаарқалық ұлан Еркебұлан Мақажанов «Жауынгерлік ерлігі үшін» және Ресей Федерациясының І дәрежелі «За отличие в войнской службе» медальдарымен марапатталыпты. Марқұм Евгений Салютинге ешқандай награда бұйырмапты. Ал Александр Комаровқа ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Айбын» ордені берілген.
Бүгінде тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өтеген қарағандылық ардагерлер қаруластарын ұмытпай, оларды ұдай еске алып тұрады. Мысалы, олар өз күштерімен Еркебұлан Мақажанов пен Александр Комаров оқыған мектептерге мемориалдық тақта орнатқан. Қаза тапқан ерлердің отбасыларына қолдан келген көмектерін беріп тұрады.
Қазіргі уақытта Балқаш қаласында тұратын Шорман Абзалов та «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталыпты. Содырлармен болған соғыс кезінде ол ауыр жарақат алғанына қарамастан, өзіне жүктелген міндетті орындауда ерлікпен көзге түскен екен.
Қазіргі таңда шекара күзетіп, қанды қақтығыстарға қатысқан ерлердің сөзін сөйлеп, құқығын қорғау мақсатында Қарағанды облысы бойынша бірқатар шаруалар қолға алына бастаған. Осы істің басы-қасында жүрген азаматтың бірі – Талғат Испаев. Бүгінде ол «Тәжік-ауған шекарасындағы жауынгерлік іс-қимылдарға және әскери қақтығыстарға қатысушылардың ардагерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалын басқарады.
Талғат Испаев Жаңаарқа ауданының орталығы – Атасу кентінде дүниеге келген. Осындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін әскер қатарына шақырылып, 1996 жылдың көктемінде Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан қаласында орын тепкен шекара әскерлерінің 2017 әскери бөліміне түседі. Қатардағы жауынгер, пулеметші алғашқы әскери дайындықтан өткеннен кейін, 1997 жылдың қараша айында Қазақстанның жеке атқыштар батальонының құрамында тәжік-ауған шекарасын күзетуге қатысқан. Шекара шебіндегі әскери міндетін 1998 жылдың наурыз айына дейін адал атқарып, бір айдан кейін туған жерге аман-есен оралған.
Ардагер шекарашылардың шаруасымен айналысып жүрген Талғат Испаевтың айтуынша, өткен жылы елімізде «Ардагерлер туралы» заң қабылданғалы тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік борышын өтеп келген азаматтар еңсе тіктеген екен. Бүгінде олар аталған заң аясында мемлекеттен 4,8 АЕК мөлшерінде жәрдемақы ала бастаған. Қазір ол – 14 мың теңгенің шамасында. Бұдан бөлек, алдағы уақытта тәжік-ауған шекарасында қызмет еткен ардагерлерге жергілікті бюджет есебінен 100 мың теңге көлеміндегі бір реттік жәрдемақы және қоғамдық көлікте тегін жүру сияқты жеңілдіктер қарастырылу үстінде екен.
«Ардагерлер туралы» заң шыққанда қуанғанымыз рас, – дейді Талғат Испаев. – Дегенмен, бұл заңның шарапатын біз әлі толық көре қойған жоқпыз. Қазір тек 14 мың теңге жәрдемақыны алып жүрміз. Ал заң бойынша біз үшін қарастырылған жеңілдіктер баршылық. Тек оларды алу қиын... Ал кей облыста біздің қарулас жолдастарымыз бір жылда берілетін курорттық-шипажай жолдамасы, екі жылда бір көрсетілетін стоматологиялық көмек, емханаларда кезектен тыс қабылдау сияқты жеңілдіктердің игілігін көре бастаған. Біз оларға қызыға қараймыз».
Бұдан бөлек, тәжік-ауған ардагерлерінің жаңа заң бойынша тұрғын үй кезегіне жеңілдікпен тұру, баспана салу үшін жер алу сияқты құқықтары белгіленген. Сондай-ақ олардың коммуналдық шығындар бойынша да жеңілдіктерге ие болуы заң аясында қарастырылған. «Сонымен қатар – дейді Талғат Испаев. – «Ардагерлер туралы» заңда тұрғын үйге кезекке тұру, жер алу мәселелері нақты белгіленбеген. Мәселен, Жер кодексінде бұл туралы мүлде жазылмаған екен. Міне, осындай қайшылықтардың зардабы бүгінде бізге тиіп жатыр. Яғни «Ардагерлер туралы» заң жетілдіруді қажет етеді. Кезінде өрімдей жастар бұйрықты орындап, шыбын жанын шүберекке түйіп, өздерінің Отан алдындағы азаматтық борышын адал өтеді. Алайда біз сияқты ардагерлерге көрсетіліп отырған қамқорлық өз дәрежесінде болмай тұр».
Тәжік-ауған шекарасын күзеткен ардагерлердің шешімін таппай келе жатқан тағы бір мәселесі бар. Ол – әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан ерлерге облыс орталығынан ескерткіш орнату. Талғат Испаевтың айтуынша, аталған мәселе 2017 жылдан бері көтеріліп келеді екен. Осы жөнінде облыс, қала басшылығының атына талай хат та жолданыпты. Алайда әзірге нәтиже болмай тұр.
Талғат Испаев басқаратын ұйым өңірдегі қоғамдық өмірдің бел ортасында болғанды мақсат етеді. Облыстағы мектеп, колледж, жоғары оқу орындарындағы жастармен әскери-патриоттық тәрбие негізінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, бүгінде жас ұрпақтың бойындағы босаңсып кеткен рухты көтеру – үкіметтік емес ұйым көздеген мақсаттың бірі. Бірлестік бөлімшесінің жетекшісі осы іс-шараның бәрі тек қана мемлекеттік тілде жүргізілуге тиіс деп санайды. Бұдан бөлек, қарағандылық тәжік-ауған ардагерлері былтырғы пандемия өршіп тұрған кезде «Біз біргеміз!» акциясына белсене қатысып, елге шарапаты тиген көптеген игі шаруалардың ұйытқысы болды.
Қорыта айтқанда, тәжік-ауған шекарасын күзетуге аттанған сарбаздарымыз бен офицерлеріміз – егемендікке енді қол жеткізген еліміздің бітімгершілік миссия бойынша алғашқы қарлығаштары еді. Сол кезеңдегі күрделі саяси ахуал тұрғысынан қарағанда, түбіт мұрты енді ғана тебіндеген өрімдей жастар өлім мен өмірдің ортасында жүрді. Олардың қайсарлығы мен табандылығының арқасында Орталық Азиядағы тұрақтылық пен тыныштық шайқалмаған еді. Сол себепті де олардың бүгінгі талап-тілектеріне, мұң-мұқтаждығына түсіністікпен қарау керек. Олар артық дүние сұрап отырған жоқ: бар болғаны – жергілікті атқарушы билік өз өкілеттілігінің шеңберінде заң талаптарын орындаса деген тілек айтады. Сайып келгенде, бұл мәселеге қатысты шешім кілті облыстағы атқамінер азаматтардың қолында екендігін ардагерлер жақсы біледі.
Кезінде шекараны жан аямай күзеткен жауынгерлердің ерлігін Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жоғары бағалаған еді. «Қазақстандық батальонның сарбаздары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы сыртқы шекарасының тәжік-ауған бөлігін ерлікпен күзетті. Боздақтарымыз мемлекетіміздің қауіпсіздігін сақтау жолында жанын пида етті. Олар біздің бейбітшілігіміз бен тыныштығымызды қорғады», деген болатын Елбасы.
Тәжік-ауған шекарасында бір қадам артқа шегінбей, бейбіт өмірде басын бәйгеге тігіп қорғаған ерлер құрмет пен қолдаудың қандайына болса да лайықты.
Қарағанды облысы