Аймақтар • 19 Ақпан, 2021

Жамбыл облысында экономика дамып, өндіріс көлемі артып келеді

388 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

  Бүгін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев онлайн-режимде халыққа есеп беру кездесуін өткізді.

Жамбыл облысында экономика дамып, өндіріс көлемі артып келеді

Әкім барлық саладағы жетістіктерге айрықша тоқталып, өткен жылы облыс коронавирус індетінің салдарына қарамастан экономиканың негізгі салаларында өсімге қол жеткізгенін атап өтті. «Біз барлық қиындықтарды бірге еңсеріп келеміз. Мемлекет басшысының қолдауының және жерлестеріміздің қажырлы еңбегінің арқасында экономика 102,2 пайызға өсті. Өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 2019 жылғы деңгеймен салыстырғанда 3,1 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 5,1 пайызға артты. Ал, тұрғын үй құрылысының көлемі 28,2 пайызға өсіп, 344,1 миллиард теңге инвестиция тартылды», деді Бердібек Сапарбаев.

Сонымен қатар, өңірдегі өнеркәсіп кәсіпорындарымен 505 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Инфляция деңгейі 7,3 пайызды құраған. Ағымдағы жылы бұл көрсеткішті 4-6 пайыз аралығына төмендету үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша бірқатар шаралар қабылдануда. Бұл міндетке қол жеткізу мақсатында нақты іс-қимыл жоспары құрылған. Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев «Алқаптан сөреге дейін» жобасы аясында жұмыстардың күшейетінін, әлеуметтік павильондар желісін кеңейтіп, ауылшаруашылық жәрмеңкелерін өткізуді жалғастыратынын жеткізді. Өткен жылы жұмыс орындарын сақтауға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және жұмысшылар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындауға айрықша көңіл бөлінген. Жамбылдық 4508 кәсіпорын басшылығымен тиісті меморандумдарға қол қойылып, нәтижесінде 41 жеке кәсіпорындағы 19,4 мың жұмысшының орташа жалақысы 26 пайызға көтерілген. «Әлбетте, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Әрі қарай да үйлесімді жұмыс істеп, жаңа белестерді бағындыратын боламыз», деді Бердібек Сапарбаев.

 

Жамбыл облысы