Елорда • 19 Ақпан, 2021

Елордада ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Babytown» аула клубы ашылды

309 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана жастары» КММ «Нұр-Сұлтан қаласы жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ бірлесіп, Қабанбай батыр даңғылы, 5 мекен жайында орналасқан ерекше қажеттіліктері бар балаларға, ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға және әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға арналған «Babytown» жалпы білім беру-сауықтыру орталығының базасында жаңа аула клубын ашты. Бұл туралы Egemen.kz қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Елордада ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Babytown» аула клубы ашылды

Аула клубының ашылуына халықаралық дәрежедегі спорт шебері, пара биден әлем біріншілігінің 2017 жылғы чемпионы, пара би бойынша әлем чемпинонатының 2019 жылғы қола жүлдегері Ардақ Отарбаев қатысты.

Клубта каратэ, жүзу сияқты спорт секциялары, ал шығармашылық үйірмелерден сурет салу, би, балшық терапиясы, мектепке дайындық курстары, сондай-ақ массаж терапиясы ашылады.

«Жастар саясатының басты бағыттарының бірі – өскелең ұрпақты салауатты өмір салтын ұстанып, еліне еселі еңбек ететін дені сау азамат болып өсуіне себін тигізетін әртүрлі мүмкіндіктерді жасау. Сондай-ақ балалардың бос уақытын ұтымды пайдалануына, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардағы балалардың өзі қызығатын спорт немесе өнер түрлерімен айналысуына қолайлы орта әзірлеу де назарымыздан тыс қалып көрген емес. Бүгін міне осы мақсатта елордадағы 24-аула клубын ашып отырмыз. Орталық ерекше қажеттіліктері бар балаларға, жетім балаларға және әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға ақысыз қызмет көрсетеді. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша мұндай аула клубтары қаламызда әлі көптеп ашылады», деді клубтың ашылуына қатысқан қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Телманұлы.