Аймақтар • 20 Ақпан, 2021

Боранда адасқан балалар құтқарылды

295 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

СҚО Есіл ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне Бірлік ауылының маңында екі баланың адасып кеткені жайлы хабарлама келіп түскен. 18 ақпанда 17 және 7 жастағы ағайындылар шанаға жегілген атпен Есіл өзенінің жағасында бағылып жүрген жылқыларды қарауға шыққан. Көп ұзамай қар жауып, көз ашырмас қатты боран соққан. Ал балаларда қалтафон болмаған.

Боранда адасқан балалар құтқарылды

Есіл ауданының полиция бөлімінің бастығы, подполковник Ерлік Есләмбеков хабарлама алғаннан кейін УАЗ «Патриот» автомашинасы және үш қарда жүретін көлікпен аудандық бөлімнің тәжірибелі қызметкерлерінен құралған топпен Бірлік ауылына тартқан. ТЖБ қызметкерлері мен қорықшылар және жергілікті тұрғындар да жоғалған балаларды шұғыл іздеуге кіріскен. Төңіректі машиналармен, қарда жүретін көліктермен және ауыл тұрғындары салт атпен аралап шыққан. Оқиға кешкі мезгілде болған еді. Айналаның қатты бораннан және қараңғылықтан көрінбеуі іздеу жасағына сақтық шараларын сақтауға тура келтіріп, олар өздері де адаспас үшін жұптасып жүруге мәжбүр болған.

Ақыры балалар ауылдан бірнеше шақырым жерде, сағат тілі 23.30-ды көрсеткенде бір-ақ табылды. Бораннан ыққан ат балаларға қайыру бермей, оларды ауылдан басқа бағытқа қарай алып кетіпті. Сосын балалар ауылға жаяу жетпек болған. Ағасы үстіндегі барлық сырт киімін шешіп, інісін орап, арқасына мінгізіп алған екен. Өздері әбден шаршаған, сөйлеуге де шамалары келмеген.

Сөйтіп, полицейлер, ауыл тұрғындары, қорықшылар мен құтқарушылардың күш біріктіруінің арқасында өкінішті жағдайға жол берілмей, балалар аман-есен ата-анасына оралды.

Солтүстік Қазақстан облысы