Экология • 20 Ақпан, 2021

Атырау облысында тауарлы балық өндірісін 15 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр

318 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мұндай мәліметтер Атырау облысында өткен өңірдің балық шаруашылығын дамыту жөніндегі кеңес барысында айтылды. Кездесу Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің төрағалығымен өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырау облысында тауарлы балық өндірісін 15 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр

Осылайша, балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы аясында 2030 жылға қарай Каспий теңізіндегі теңіз балық аулауды арттыру есебінен кәсіптік балық аулау көлемін 13 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін, ал балық өнімдерінің экспортын 6 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланғаны айтылды.

«Биыл Атырау облысында жұмыс істеп тұрған шаруашылықтар 10 тонна тауарлы балық өсіруді жоспарлап отыр, бұл 2020 жылға қарағанда 1,5 тоннаға артық. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 15 мың тоннаға дейін арттыру жоспарлануда», деді экология министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман Жүнісов.

«Амангелді атындағы» ЖШС ірі балық аулау кәсіпорнына жататын «СевКаспийФиш» ЖШС қаржы директоры Саламат Омаров Атырау облысының Құрманғазы ауданында жалпы ауданы 850-900 га жер учаскесінде 1100 тоннаға жоспарланған балық аквамәдениетінің өндірісі туралы хабардар етті.

«Біз аквамәдениетті белсенді дамытуды жоспарлап отырмыз. Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы елімізде акваөсіру орталықтарын құруға оң серпін береді. Бұл жұмыста мемлекеттің қолдауы маңызды»,- деді компания өкілі.

Мағзұм Мырзағалиев бүгінгі күні еліміздің балық саласында ауқымды міндеттер қойылғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің балық шаруашылығын дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Жүйелі шаралар қабылданған жағдайда елімізде балық өсіру көлемін 600 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, балық экспортын 300 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Белгіленген жоспарларды тиімді іске асыру үшін министрлік жанынан салалық Комитет құрылды, ол бірінші кезекте халықты сапалы әрі қолжетімді балық өнімімен қамтамасыз ету және елде балық шаруашылығын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау үшін шаралар қабылдайтын болады», - деп атап өтті министр.

Сондай-ақ, Мағзұм Мырзағалиев елдегі балық шаруашылығында Атырау өңірінің алатын орны ерекше екендігіне назар аударды.

«Қазақстанда ауланатын балықтың отызға жуық пайызы осы облысқа тиесілі. Каспийге құятын екі ірі балық шаруашылығы су айдындары – Жайық пен Қиғаш өзендерінде 20 табиғат пайдаланушы өз кәсіптерін іске асыруда», - деп түйіндеді ол.

Естеріңізге сала кетейік, экология министрі өңір тұрғындарына жаңа Экологиялық кодекстің нормаларын түсіндіру мақсатында жұмыс сапарымен Атырау облысына барды. Сапар аясында ведомство басшысы Атырау мұнай өңдеу зауытына, «Каспий бекіресі лимитед» ЖШС торлы шаруашылығына және Орал-Атырау бекіре зауытына барды.