Аймақтар • 21 Ақпан, 2021

Таразда қатты желден зардап шеккен нысандар қалпына келтірілуде 

251 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Жамбыл облысында қатты жел тұрып, салдарынан Тараз қаласындағы бірқатар нысан зардап шеккен болатын.

Таразда қатты желден зардап шеккен нысандар қалпына келтірілуде 

Облыс орталығында орналасқан 10 көпқабатты тұрғын үй мен 3 мектептің шатыры бүлініп, электр желісінің 3 бағанасы және 40-қа жуық ағаш құлаған. Сондай-ақ, 20 бағдаршам істен шыққан. Бүгін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев дауылдан бүлінген тұрғын үйлер мен нысандарды аралап шықты.

 Жамбыл даңғылындағы №123 үйдің 120 шаршы метрлік шатырын жел ұшырып әкеткен. Үй осыдан 60 жыл бұрын салыныпты. Бірақ, осы уақытқа дейін бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген. Бердібек Сапарбаев аталған үйдің жағдайымен танысып, тұрғындармен әңгімелесті. «Жаңбыр жауған кезде шатырдан су ағып кетпеуі үшін уақытша жабын орнатылады. Дегенмен, күн жылығаннан кейін терможаңғырту бағдарламасы аясында үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет», деді әкім. Сондай-ақ, қаланың 15-шағынауданындағы №16 үйдің аумағы 1000 шаршы метрден асатын шатыры да қатты желден ұшып кеткен. Бес қабатты тұрғын үй өткен жылы пайдалануға берілген. Шатырдың құлауы кезінде көрші үйдің балконы мен аулада тұрған бірнеше көлікке зақым келген. Абырой болғанда, адам шығыны орын алған жоқ. Қазіргі таңда ауланы қоқыстан тазарту, электрмен қамтуды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Аталған тұрғын үйдің құрылысын жүргізген мердігер барлық жұмыстар нормативтер мен бекітілген жобаға сәйкес атқарылғанын айтты. «Шатыр мен көрші үйдің зақымданған бөлігін қалпына келтіру мердігер компанияның мойнына жүктелуі тиіс. Шатырды қысқа мерзімде қалпына келтіру қажет. Енді мұндай оқиғалардың қайталануына жол берілмеуі керек. Егер тек ауа-райы ғана себеп болса, онда басқа үйлердің де шатырлары ұшып кететін еді ғой. Бұл жерде құрылыс сапасына қатысты мәселе бар», деді Бердібек Сапарбаев.

 Бүгінде Тараз қаласында дауылдың салдарын жою бойынша жұмыстар жүргізілуде. Көшелерді құлаған ағаштардан тазарту жалғасуда. Әуелі көлік қозғалысына кедергі келтірмеу үшін жолдар тазартылды. Алайда, қала тұрғындарынан электр қуатымен қамтудағы ақауларға қатысты өтініштер түсуде. Қазіргі кезде бұл шараларға 20 бригада жұмылдырылған. Бердібек Сапарбаев Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевқа жел зардаптарын жою жұмыстарын жеделдетуді тапсырып, бүлінген мектептер дүйсенбі күнге дейін қалпына келтірілуі тиіс екенін атап өтті.