27 Желтоқсан, 2013

Абылайдың ақ үйі қалай қалпына келтірілді?

267 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Осы уақытқа дейін Солтүстік Қазақстан облысының тізгінін біраз азамат ұстады десек, солардың ішінде аймақты 2003-2007 жылдар аралығында басқарған Тайыр Аймұхаметұлы Мансұров сияқты іске жедел кірісіп, бірін ұсақ, бірін ірі демей, барлық мәселелерді бірдей қамтуға құлшыныс танытқандары, артына халық айта жүрерліктей жақсы із қалдырғандары көп емес. Ол алғашқы күннен өзіне Мемлекет басшысы көрсеткен сенімді ақтауға құлшына кірісіп, төрт жылдың ішінде талай мәселенің түйінін шешті. Т.Мансұров өңірімізді басқарған жылдары қаржы жоқ деген желеумен жарты алаңы саудагерлерге жалға беріліп, жабылудың аз-ақ алдында тұрған облыстық тарихи-өлкетану мұражайын толықтай қалпына келтірді, мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіру мақсатында қазақ тілі пәні мұғалімдерінің еңбекақысын бірден елу пайызға өсірді, тұңғыш рет қазақ тілінде қалалық газет шығаруға ұйытқы болды, жұрт әлдеқашан «сақалды құрылыстардың» қатарына жатқызып қойған, көзге шыққан сүйелдей болған Қызылжар орталық мешіті мен православие шіркеуін бір күнде іске қосты, ұлы Абай мен А.Пушкинге ескерткіш қойды... Т.А.Мансұров Солтүстік Қазақстан облысына әкім болып келмесе, Абылайдың ақ үйі де қалпына келмес еді, дейді жергілікті тұрғындар. Ол рас. Тайыр Аймұхаметұлы талай жылдардан бері жыры таусылмай келе жатқан бұл мәселенің де нүктесін қойып, Қызылжардың төріне ұлы ханға ескерткіш орнатып кетті.

Жақында ЕурАзЭҚ-тің Бас хатшысы ел тәуелсіздігінің жиырма екі жылдығын атап өтуге арналған салтанатқа қатысу үшін Астанаға келгенде біз оған жолығып, осы төңіректе әңгіме қозғаған едік.

– Тайыр Аймұхаметұлы, солтүс­тік­қазақстандықтар сізді күні бүгінге дейін сағынышпен еске алады.

Осы уақытқа дейін Солтүстік Қазақстан облысының тізгінін біраз азамат ұстады десек, солардың ішінде аймақты 2003-2007 жылдар аралығында басқарған Тайыр Аймұхаметұлы Мансұров сияқты іске жедел кірісіп, бірін ұсақ, бірін ірі демей, барлық мәселелерді бірдей қамтуға құлшыныс танытқандары, артына халық айта жүрерліктей жақсы із қалдырғандары көп емес. Ол алғашқы күннен өзіне Мемлекет басшысы көрсеткен сенімді ақтауға құлшына кірісіп, төрт жылдың ішінде талай мәселенің түйінін шешті. Т.Мансұров өңірімізді басқарған жылдары қаржы жоқ деген желеумен жарты алаңы саудагерлерге жалға беріліп, жабылудың аз-ақ алдында тұрған облыстық тарихи-өлкетану мұражайын толықтай қалпына келтірді, мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіру мақсатында қазақ тілі пәні мұғалімдерінің еңбекақысын бірден елу пайызға өсірді, тұңғыш рет қазақ тілінде қалалық газет шығаруға ұйытқы болды, жұрт әлдеқашан «сақалды құрылыстардың» қатарына жатқызып қойған, көзге шыққан сүйелдей болған Қызылжар орталық мешіті мен православие шіркеуін бір күнде іске қосты, ұлы Абай мен А.Пушкинге ескерткіш қойды... Т.А.Мансұров Солтүстік Қазақстан облысына әкім болып келмесе, Абылайдың ақ үйі де қалпына келмес еді, дейді жергілікті тұрғындар. Ол рас. Тайыр Аймұхаметұлы талай жылдардан бері жыры таусылмай келе жатқан бұл мәселенің де нүктесін қойып, Қызылжардың төріне ұлы ханға ескерткіш орнатып кетті.

Жақында ЕурАзЭҚ-тің Бас хатшысы ел тәуелсіздігінің жиырма екі жылдығын атап өтуге арналған салтанатқа қатысу үшін Астанаға келгенде біз оған жолығып, осы төңіректе әңгіме қозғаған едік.

– Тайыр Аймұхаметұлы, солтүс­тік­қазақстандықтар сізді күні бүгінге дейін сағынышпен еске алады. 

Облысты басқарған жылдары өңірге жаңа леп, өркенді өзгерістер әкелгеніңізді олар ұмыта қойған жоқ. Әсіресе, Абылайдың ақ үйін қалпына келтіргеніңізге ел риза. Бұл өзі, қолында билігі барлар ха­лықты емексітіп-емексітіп, жылы жауып қоя беретін, сонау кеңес заманынан бері көтеріліп келе жатқан мәселе-тін. Қатары сиреп қалған көнекөз қариялар болмаса, жастар жағы теріскейдегі қа­лада қазақтың атақты ханының ордасы болғанын, ескі де болса, сол орданың сұлбасы әлі барынан хабарсыз еді. Қа­зір Қызылжар топырағына табаны тигендердің мұнда келмейтіндері не­кен-саяқ. Бірақ солардың бәрі бірдей Абы­лайдың ақ үйінің қалай қалпына кел­тірілгенін біле бермейді. Сізден осы жайында сұрамас бұрын жаңа қыз­метіңізге кірісер-кіріспесте,  басқа жұмыстардың бастан асып жатқанына қарамастан, осы іске ден қоюыңызға не себеп болғанын білгім келеді.

 

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің еңбектерінде ұлттың тарихи санасын қалыптастырудың маңыздылығын ұдайы айтып келеді. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталатын Жол­дауында да Нұрсұлтан Әбішұлы: «Тағы­лымы мол тарихымызбен, ұлы бабалардың ұлағатты өмірінен алар тәлімімізбен біз алдағы асулардан алқынбай асамыз... Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана біз «Мәңгілік Ел» боламыз», деді. Осы тұрғыдан алғанда, Абылай хан – ұрпаққа мұра, ұлтқа ұран бола алған ұлы тұлға, қазақ елінің ғасырлық тарихын жасап кеткен аса ірі қайраткер. XVIII ғасырдағы Қазақ елінің тарихын Абылайсыз көзге елестету мүмкін емес. Ол Елбасының сөзімен айтқанда, «Қазақ ордасын еңселі ел ету ісіне саналы ғұмырын арнады. Ұлан-ғайыр жерімізді жаудан азат етіп, еліміздің етек-жеңін бүтіндеді... Алмағайып сұрапыл заманда есеңгіреген елге ес кіргізіп, бір тудың астына біріктіре білген Абылай ерлігі мен ақыл-парасатын қатар жұмсаған сарабдал саясаткерлігінің арқасында қазақ халқын жойылып кетуден сақтап қалды». Міне, көне Қызылжар топырағынан осындай дана да дара тұлғаның ізі табылып жатса, оған назар аудармауға, оның ұлағатты өмір тарихын ұлтқа, ұрпаққа кеңінен өнеге етуге күш салмауға болатын ба еді. Бүгінгі жас ұрпақ қазақ елінің тағдырында елеулі рөл атқарған тұлғаларды біліп өсуге тиіс. Мемлекет тарихына, даңқты бабалары жүріп өткен жолдың бұралаңы мен бұлтарыстарына, қилы кезеңдері мен тағдырлы шешімдеріне, ақтаңдақ беттеріне қанық ұрпақтың ғана жүрегіне отаншылдық сезімі орнығып, бойында мемлекетшіл қасиеттер өркен жаяды, солар ғана өзіне тиесілі замана жүгін діттеген межесіне абыроймен жеткізе алады. Сондықтан, Абылай хан мен оның дәуірі бізді жай ғана қызықтырып қойған жоқ, оның ерлігі мен өрлігін кейінгі ұрпаққа жеткізу арқылы жастардың  ой-санасының дұрыс қалыптасуына қол жеткізуге болатынын түсінгендіктен құлшына іске кірістік.

– Кезінде жергілікті өлкетанушылар, зиялы қауым өкілдері Абылайдың ақ үйін қалпына келтіру туралы мәселені қайта-қайта көтергенмен, билік басындағылар төрт қабырғасы ғана қалған үйдің жұрнағын республикалық маңызы бар тарихи ескерткіштер санатына қосудан әріге бара алмаған еді. Оған, мүмкін, сол кезде хан ордасының Есіл өзенінің бойында тұрғызылғанына күмән келтірушілердің де болғаны, оларды иландыратындай мұрағат құжаттарының жетімсіздігі де әсер еткен шығар-ау деген ой да келеді. Әйтеуір не керек, іс алға баспады, хан ордасын қалпына келтіруді қолға алуға ешкімнің жүрегі дауаламады. Осының өзі-ақ оның күрмеуі қиын іс болғанын аңғартқандай ма, қалай?

– Жоғарыда айтқанымдай, Абылай хан өміріне қатысты кез келген дерек біз үшін баға жетпес құндылық. Оны пайдаланбасақ, халық кәдесіне жаратпасақ, біз көп нәрседен ұтылар едік. Осыны ескеріп біз 2004 жылғы ақпан айының басында бір топ мамандарды қатыстыра отырып, Абылайдың ақ үйіне қатысты мұрағат құжаттарын зерделеу­ге кірістік. Ақиқаты сол, осы іске ден қойған журналистер, олардың арасында қазір «Егемен Қазақстан» газетінде шолушы болып істейтін Жақсыбай Самрат та бар, өлкетанушылар Абылай ханның өмірі мен қызметіне қатысты біраз деректер жинастырған екен. Осы құжаттармен таныса келе, олардың осы үйді тарихи ескерткіш ретінде қалпына келтіру керек деген талаптары орынды деп таптым.

Абылай ханның резиденциясы Екатерина ІІ патшайымының өкімімен 1762 – 1765 жылдары тұрғызылған. Өкінішке орай, ағаштан қиылған нысандар ХIX ғасырда Қызылжардың Ойқала деп аталатын бөлігінің біраз аумағын шарпыған өрт кезінде күйіп кеткен. Кейін осы жерге қызыл кірпіштен екі қабатты әскери лазарет салынған. ХХІ ғасырға оның да жұрнағы ғана жетті.

– Қазір хан ордасы атшаптырым жерді алып жатыр. Ал бұрын бұл жерде қалай болса солай салынған ескі үйлер, шағын мекемелер көп еді ғой. Осы мәселені қалай шештіңіздер?

– Жоба бойынша ресми түрде «Абылай ханның резиденциясы» аталған кешенді біз әу бастан көпшілік қызықтайтын та­рихи-мәдени мұражай ретінде қарас­тырсақ та, оның төңірегін жасыл желегі жайқалған саябаққа, қала тұрғындары демалатын көрікті орынға айналдыруды ой­ластырдық. Абылайдың ақ үйі өз заманында өте қолайлы жерге – биік жарқабаққа орналастырылған. Алайда, оны қалпына келтіру жұмыстарын бастау үшін, өзіңіз айтып отырған, маңайындағы жекеменшік кәсіпорындарды, оның ішінде Ішкі істер министрлігінің спорт кешені де бар, тұрғын үйлерді басқа жаққа көшіру керек болды. Мамандармен ақылдаса келе, біз хан ордасын ХVIII ғасырдағы бас жоспарға сәйкестендіру, барлық көріністерді тарихи дәлдікпен беру үшін бір гектардан астам жерді босату қажеттігіне көз жеткіздік. Бұл да оңай шешіле қоймайтын мәселе еді. Өйткені, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарын басқа жерге көшіруге немесе өмір бойы тұрып жатқан жерлерін тастап кетуге кім келісе қойсын. Дегенмен, оларға жағдайды түсіндіруге тырыстық. Сөйтіп, бұл мәселе у-шусыз, ойдағыдай шешілді. Мәселен, Ішкі істер министрлігіне өздері қалаған жерге жаңа спорт кешенін салып бердік. Ал, осыған дейін тұрмысқа қолайсыз ескі үйлерде тұрып келген тұрғындарға жаңа үйлерден пәтерлер бөлінді. Сол сияқты, автотұрақ пен техникалық қызмет көрсету орталығы да иелерінің келісімімен басқа жерлерге көшірілді.

Абылай ханның ақ үйін қалпына келтіру жоспарларын нақтылау мақсатында біз Мәскеудегі Ресей империясы сыртқы саясат мұрағатынан, Орынбор мемлекеттік мұрағатынан, Ресейдің ежелгі актілер мемлекеттік мұрағатынан және Ресейдің орталық мемлекеттік мұрағатынан қосымша материалдар сұратып алдық. Осындай дайындық жұмыстары жүргізілгеннен кейін мен 2005 жылдың 1 ақпанында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қабылдауында болып, ол кісіні Абылайдың ақ үйін қалпына келтіруге байланысты жобалық ұсыныстармен таныстырдым. Президент ұсынған материалдармен таныса келе, бұл тарихи ескерткішті қалпына келтіру біздің халқымыздың мәдени мұрасын сақтау мен зерттеуде маңызды оқиға болатынын атап көрсетті. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Әбішұлы резиденцияны қалпына келтіру жөніндегі біздің ұсыныстарымызды қолдап, бүкіл кешенді жоғары архитектуралық деңгейде қалпына келтіру үшін бұл іске «Казреставрация» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының архитекторлары мен жобалаушыларын қатыстыруға тапсырма берді. Президент, сондай-ақ, резиденцияның алдына Абылай хан­ның ескерткішін қою жөніндегі ұсыны­сымызды да қолдады. Тек мұны жасауға Қа­зақстанның ең үздік мүсіншілері мен архи­текторларын қатыстыру қажеттігін ескертті.

– Ол бір, көп мәселелерді шешуге қаржының тапшылығы қолбайлау болған кез еді ғой. Мәселенің осы жағы қалай шешілді?

– Қазақта «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» деген сөз бар ғой. Бұл заманда қолыңда қаржың болмаса, қандай жақсы ойлардың өзі жүзеге аспай қалатыны шындық. Біз оның біраз жолдарын қарастырдық, өз мүмкіндігімізді де таразы басына тарттық. Осылай жергілікті бюджеттің ондай салмақты көтере алмайтынына көз жеткіздік. Осыдан кейін біз осы мәселені 2004 – 2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі қоғамдық кеңестің қа­рауына ұсындық. Сүйініштісі сол, кеңестің төр­ағасы И.Тасмағамбетов көп соз­бай Абы­лай­дың ақ үйі мемориалдық кеше­­нін рес­пуб­ликалық «Мәдени мұра» бағ­дар­­ла­масына енгізу туралы шешім қабыл­дады.

«Казреставрация» РМК (басшысы Қ.Тұяқбаев) қатысуымен резиден­цияны реконструкциялаудың жобасы жасалғаннан кейін құрамында «Да­ра» жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігінің жетекшісі А.Жансүгіров, Алма­ты қаласының бас архитекторы С.Бай­мағамбетов, мүсінші Қ.Сатыбалдин, Сол­түстік Қазақстан облысының бас архитекторы В.Затай және «Құлагер» құрылыс корпорациясының бас директоры Т.Егінбаев бар, топ кешеннің архитектуралық құрылыс жобасын жасау­мен айналысты.

Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін мен 2005 жылдың 9 маусымында Қа­зақ­стан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа хат жазып, резиденция­ны ре­конструкциялауға қажетті қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруын сұрадым. Пре­зидент біздің бұл өтінішімізді қана­ғат­тандырып, Үкіметке қаржы бөлу туралы нұсқау берді. Сөйтіп, біз екі жылдың ішінде Абылай ханның ақ үйін қалпына келтірдік.

– Жоғарыда ханның ақ үйінің бастапқы қалпын барынша сақтауға мән берілгенін айттыңыз ғой. Осы мақсат қаншалықты орындалды?

– Әрине, бүгін айтуға ғана оңай. Әйтпесе, хан үйіне алғашқы бейнесін беру осы іске қатысқандардан жоғары кәсіби шеберлікті, асқан жауапкершілікті талап еткені сөзсіз. Алдымен қабырғалары ерекше берік болуы үшін темір белдіктермен бекітілді. Іргетастар қайта құйылды. Екі қабатты үйдің іші-сырты кірпішпен қапталды. Барлық бөлмелер күрделі жөндеуден өткізіліп, ХVІІІ ғасыр үлгісінде ұлттық нақышпен безендірілді. Бірінші қабатта бейне залдар, жәдігерлерді қоятын арнайы орындар орналасса, екінші қабатта ханның келушілерді қабылдайтын және жатын бөлмелері жабдықталды. Ханның жастық шағына, өскен ортасына, мемлекеттік қызметіне қатысты дүниелер де осында қойылды.

Қазақ халқының мемлекеттің аумақтық тұтастығын сақтау жолында жоңғарлармен тарихи соғысын бейнелейтін диораманың да келушілер назарын аударары сөзсіз.

Келушілер хан ордасына гранит баспалдақтармен көтеріледі. Ауладағы ханның іс кеңсесі, қонақүйі, моншасы да қалпына келтірілді.

Кешеннің алдына қойылатын Абылай ханның ескерткіші төңірегінде де қызу пікір алмасулар болды. Ақыры не керек, бір топ мүсіншілер мен архитекторларды Санкт-Петербург қаласына жіберіп, олар белгілі француз мүсіншісі Этьен-Морис Фальконе жасаған Петр І ескерткішімен жан-жақты танысып қайтты. Осы сапардан кейін орданың дәл алдына ханның арғымақ атқа мінген  ескерткішін қою туралы шешім қабылданды.

Міне, осылай біз Абылай ханның ақ үйін өмірге қайта әкелдік. Бұл құрылыс қай жағынан алсақ та мақтануға тұрарлықтай болып шықты. Оны 2008 жылы Солтүстік Қазақстан облысына келген сапарында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі ашты.

– Бүгінде Абылай ханның ақ үйі тарихи құндылық қана емес, халықтың сүйікті орнына айналып отырғаны сөзсіз. Оның қызметінің негізгі мақсаты жайлы не айтар едіңіз?

– Аталмыш кешен барлық қалалықтар мен меймандарға қазақ жерінің тәуелсіз­дігі мен аумақтық тұтастығы үшін кү­рескен Абылай хан дәуірімен танысуға мүмкіндік береді. Мұнда атақты ханның өмірі мен қызметіне қатысты құнды деректер шоғырланған. Дегенмен, менің ойымша, кешен қызметі қолда бар құжаттар мен жәдігерлерді келушілер назарына ұсынумен ғана шектелмеуге тиіс. Кешен қызметкерлерінің Абылай хан дәуіріне қатысты зерттеулерден, ғылыми ізденістерден шет қалмағаны жөн. Қазір ұлттық тарихымыз тәуелсіз жаңа көзқарас тұрғысынан түбегейлі қайта зерделенуде. Ал аумалы-төкпелі аласапыранды бастан кешкен Абылай ханның заманы – алыптар дәуірі. Өмір мен өлімнің беттескен тұсында Абылайдың қасында үзеңгілес серіктері – ақылы озған абыздар, төрелігі әділ билер, жүрегі түкті батырлары да болған. Атамекен жері үшін қасықтай қанын қиған сол бабалардың ерлік істері туралы мәліметтер толыға түссе, Абылай ханның да тұлғасы асқақтай берері анық.

Әңгімелескен

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар