Әлем • 21 Ақпан, 2021

Түркия астанасында Тоныкөк саябағы ашылады

310 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ертең Халықаралық Түркі академиясы мен Анкара қаласы Алтындағ ауданы мэриясының бірлескен жобасы аясында салынған «Түркі әлемі: Тоныкөк саябағы» мен соның ішінде орнатылған Тоныкөк ескерткіші ашылады, деп хабарлайды Egemen.kz Халықаралық Түркі академиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркия астанасында Тоныкөк саябағы ашылады

Тарихи маңызы бар ескерткіштің ресми ашылуына 22 ақпан күні Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп арнайы қатысады. Осылайша Халықаралық Түркі академиясы мен Алтындағ ауданы мэриясы «Түркі тілі жылы» мен ЮНЕСКО-ның шешімімен атап өтілген Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдық мерейтойына арналған маңызды бір іс-шараға ұйытқы болды. Осы іс-шара аясында Алтындағдағы бір саябақ «Түркі әлемі: Тоныкөк саябағы» деп аталатын болды.

Саябақ ішінде VIII-ғасырда Моңғолиядағы Орхон өзенінің аңғарында орнатылған Тоныкөк ескерткішінің көшірмесі орналасқан арнайы алаң салынды.

Түркі әлемінің көрнекті мемлекет қайраткерлерінің бірі Тоныкөк абыздың есімі Алтындағдағы саябаққа берілгеніне аса қуанышты екенін білдірген Анкара қаласы Алтындағ ауданының мэрі Асым Балжы: «Өткен жылды ЮНЕСКО «Білге Тоныкөк жылы» деп жариялаған еді. Бірақ пандемияға байланысты жоспарланған көптеген жобалар аяқталмай қалды. Осы орайда Алтындағ мэриясы Халықаралық Түркі академиясымен бірлесе жұмыс атқарып, Тоныкөк ескерткішінің көшірмесі орнатылған ең көрнекті алаңды «Түркі әлемі: Тоныкөк саябағы» деп атадық. Түркі әлеміне ортақ ұйым Түркі академиясының осындай жобаларға бастамашы болғанына үлкен ризашылығымызды білдіреміз», – деді.