Экология • 21 Ақпан, 2021

Балық шаруашылығының «бағы» жана ма?

354 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесіне сүйенсек, әр адам жылына кемінде 16 кило балық өнімдерін тұтынуға тиіс. Неге десеңіз, теңіз өнімдерінің құрамындағы омега-3 май қышқылдары қан тамырларының бітелуіне жол бермей, ағзаның қалыпты жұмысын қамтамасыз етеді. Өкінішке қарай, Қазақстанда бұл көрсеткіш 4 килоға да жетпейді. 

Балық шаруашылығының «бағы» жана ма?

Тауарлы балықтың көлемі артады

Мемлекет басшысы былтырғы ха­лыққа арнаған Жолдауында елімізде ба­лық шаруашылығын дамытудың маңыз­дылығына тоқталып, Үкіметке нақты тапсырма жүктеген еді.

Сарапшылардың айтуынша, рес­пу­б­ликаның аумағындағы су қоймаларында жылына 600 мың тоннаға дейін балық өсіруге болады. Әйтсе де бұл межелі көрсеткішке қол жеткізу адам ойлағандай оңай емес. Себебі Қазақстандағы 8 су бассейнінің 7-еуі трансшекаралық суға жататынын айта кеткен орынды. Демек, барлық су көлемінің жартысы респуб­лика аумағында қалыптасса, қалған трансшекаралық су сырттан келеді. Оның үстіне жыл санап, Жайық, Ойыл және Ембі өзендерінің қарқынды түрде тартылып бара жатқанын ескерген жөн. Міне, осындай жағдайда балық өнеркәсібі мен аквамәдениетті өркендету туралы айтудың өзі қиын. Десек те елімізде 2030 жылға дейінгі балық шаруашылығын дамытуға арналған бағдарлама дайындалып, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жанынан Балық шаруашылығы комитеті құрылды. Осыған байланысты жаңа комитеттің төрағасы Нариман Жүнісовті әңгімеге тартып, саладағы қордаланған мәселелер мен перспективалық жобалар жайына қанықтық. Ведомство басшысының айтуынша, осы бағдарламаны әзірлей отырып, бірінші кезекте халықты сапалы және қолжетімді балық өнімдерімен қамтамасыз етуге, сондай-ақ балық шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай жасауға мақсат қойылып отыр.

«Алғашқыда Премьер-Министрдің тапсырмасына сәйкес, облыс әкімдерімен бір­лесіп, балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдар­лама­лары дайындалды. Со­ның негізінде 2030 жылға дейін­гі салалық бағдарламаны әзір­леуге мүмкіндік алдық. Соған сәйкес, жылына 270 мың тонна тауарлы балық өсіру  жоспар­ланып отыр. Сондай-ақ ба­лық өнімдерінің ішкі тұтыну көлемін жылдық 67 тоннадан 134 мың тоннаға дейін арттыру көзделуде, осылайша елі­міз­дің әр тұрғыны 2030 жылға қарай жылына 8 килоға дейін балық тұтынатын болады. 2019 жылы балық өнімдерін тұтыну көлеміне жүргізілген талдау нәтижесі 1 адам жылына шамамен 4 кило теңіз өнімдерін тұты­натынын көрсетті», деді Н.Жүнісов.

 Демек, ішкі нарықта балық өндірісі мен оның сату көлемін арттыра отырып еліміздің экс­порт­тық әлеуетін дамытуға ба­сым­дық беріледі. 2030 жылға қарай балық өнімдерінің экспорты жылына қазіргі 30 мың тоннадан 181 мың тоннаға дейін ұлғайтылады. Сәйкесінше, экспорттық түсім жылына 430 млн долларға дейін өседі деп бол­жануда. Бағдарламада жаңа жұ­мыс орындарын құруға ерекше назар аударылғанын айта кет­кен орынды.

 

Табиғи популяцияны сақтау маңызды

Балық шаруашылығы коми­теті таяуда ғана құрылғаны бел­гілі. Осыған дейін аталған ве­домство Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің құрамында болып, 2014 жылы таратылған еді. Содан бері балық ресурс­тарын қорғау, өсімін молайту және ұтымды пайдалану сала­сын­дағы мемлекеттік саясатты Эко­логия министрлігінің Ор­ман шаруашылығы және жануар­лар дүниесі комитеті іске асырып келді. Алайда бұл саладағы қызметтер атал­ған комитет пен жергілікті ат­қару­шы органдар және балық шаруа­шылығы субъектілерінің өзін-өзі басқару ұйымдары арасында бытыраңқы күйде ауысып жүр­ді. Енді қайта құрылған ко­ми­теттің алдында шатқаяқтап тұр­ған шаруашылықты қал­пы­на келтіріп, өндірістік көр­сет­кіш­терді қарқындату міндеті тұр.

«Ведомство Экология ми­нистр­лігіне қарайтынын ескерсек, біздің міндетіміз – еліміз­дегі балық ресурстарының ал­уан түрлілігі мен табиғи попу­ля­циясын сақтау. Бұл жаңғыр­тылған сала екенін түсініп, сондай-ақ еліміздегі су ресурс­тарын ескере отырып, балық шаруашылығын, яғни салалық бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасауды көздеп отырмыз. Жоғарыда айтқанымыздай, халықты жоғары сапалы ба­лық өнімдерімен қамта­масыз етуіміз керек. Осы тұр­ғы­дан алғанда, саланы дамыту­дың 2030 жылға дейінгі бағдар­ла­ма­сында қамтылған негізгі индикаторларға қол жеткізу маңызды болып тұр», деді комитеттің төрағасы.

Бүгінде тауарлы балық өсіру­мен айналысатын кәсіпкер­лерге мемлекеттік қолдаудың шара­лары қарастырылған. Атап айт­қанда, оған бекіре, албырт және тұқы балық түрлерін өсіру барысында балық азығына жұмсалатын шығындарды 30%-ға дейін, сол секілді балық шаруашылықтарының техника мен жабдықтар сатып алуға байланысты инвестициялық салымның шығыстарын 25%-ға дейін өтеу кіреді. Сонымен бірге қосымша субсидиялау те­тіг­імен қолданыстағы мемле­кет­тік қолдау кеңейтіліп отыр. Бұған қоса, балық өсіруге ар­налған материалды сатып алуға, бағалы балық түрлерінің ана­лық табындарын сатып алу мен күтіп-ұстауға жұмсалатын шығындарды және азық құнын 30%-ға дейін субсидия­лау үшін балық түр­лері­нің тізбесін кеңейту қарас­ты­рылады. Инвести­ция­лық субсидиялаудың да мүмкін­дік­терін ұлғайту көзделмек. Бұл шарбақты балық шаруа­шы­лығын, сумен қамту жүйелері­не байланысты тұйық циклді балық шаруашылығын, тоған шаруашылығын, сондай-ақ азық өндіру мен қайта өң­деу кешендерін құруға және кеңей­туге жұмсалатын шығын­дардың бір бөлігін 25%-дан 30%-ға дейін өтеуді қамтиды. Жабдықтар мен техниканың жекелеген түрлеріне қатысты субсидиялау өзгеріссіз қалады, деді Н.Жүнісов.

 

Келісімшарт 49 жылға белгіленді

Салалық комитеттің ақпа­ратына сүйенсек, Салық ко­дексіне өзгерістер енгізіл­геннен кейін балық ресурстарын пай­далануға арналған жылдық төлем­нің орнына тоқсандық тө­лем жүйесі енгізілді. Бұл биз­­нес­ке қаржылық жүктемені азай­туға септігін тигізуі тиіс. Осы­ған дейін балық ресурстарын пай­­даланушылар рұқсат алу үшін алдымен биоресурстарға ар­нал­ған төлемді аудара­тын. Енді бірқатар рәсім аяқтал­ған соң, балықшылар алдын ала тө­лемсіз рұқсат алып, кәсіп­тері­мен еркін айналыса береді, деді ведомство өкілдері. Сол секілді тиісті шаруашылыққа арнал­ған су айдындарының мәртебе­сін «балық аулаудан» «балық ша­руашылығына» ауыстыру ережесі бекітілді. Өйткені бұ­ған дейінгі отандық балық өнеркәсібіне қатысты заңнама мен оның бағытында балық аулауға басымдық берілген еді. Сон­дықтан барлық су ны­сан­да­ры табиғи популяцияны ау­лау­ға ғана арналды. Тағы бір ай­та кетерлігі, балық өсір­у­ге ар­налған келісімшарт бекі­ті­­ліп, оның нақты мерзімі 49 жыл­­ға белгіленді. Бұл бизнеске ба­лық шаруашылығына сенімді түр­де инвестиция салып, ұзақ мер­зімді жоспарлар құруға мүм­кіндік береді.

 

36 ел отандық өнімді тұтынады

Ресми дерекке сәйкес, Қазақ­­станға жылына 45 мың тонна балық өнімдері импорт­­талады. Бұл негізінен мұхит­та мекендейтін балықтар (майша­бақ, скумбрия, асшаяндар және теңіз өнімдері). Импорттың едәуір үлесі Норвегия, Ресей, Ис­лан­дия, Қытай және Балтық елдеріне тиесілі. Ал Қазақстан жыл сайын шамамен 60 млн дол­лар қаражатқа 30 мың тонна балық өнімін алыс-жақын 36 мемлекетке экспорттайды. Еліміз балықтың сүбесін, сол секілді қақталып, ысталған өнім­­дер мен мұздатылған ба­лық өнімдерін сыртқы нарық­қа сатып келеді. Мысалы, көк­сер­кенің сүбесі Еуропалық одақ елдерінде, атап айтқанда, Гер­мания мен Нидерландыда қазақ­стандық бренд саналады. Қақталып, ысталған өнімдер Ресейге, Украинаға, Литваға, Қытайға және басқа да елдерге шығарылады.

 

Дрондар браконьерлерді қадағалайды

Бұл бағыттағы тағы бір қор­да­ланған проблема − браконьер­лікпен күрестің әлсіздігі. Осы­ған байланысты қазір атал­ған мәселеге басымдық беріліп, ерекше назар аударылып отыр. Біріншіден, тыйым салынған аулау құралдарын дайындау, пайдалану, сату және сақтауға қатысты браконьерлік туралы жауапкершілікті күшейтіп, тиісті заңды қатаңдату жоспарланып отыр. Екіншіден, бра­коньерлікпен тиімді күре­су үшін аумақтық балық шаруа­шылығы инспекциялары материалдық-техникалық жарақтандырумен, оның ішінде инспекторлар арнайы камералармен, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен қамтылатын болады. Бұл мақсатқа арналған қара­жат балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында қарас­ты­рылады. Сонымен қатар Цифр­лық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрлігімен бірлесіп, ақпарат­тандырудың сервистік мо­делі арқылы балық және балық өнім­дерін қадағалаудың ақпа­рат­тық жүйесін құру мәселесі пысықталып жатыр.