Аймақтар • 21 Ақпан, 2021

Тілсіз жау тағы да бас көтерді

859 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Жұт жеті ағайынды» деген рас-ау, кеше ғана Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласындағы көпқабатты үйдің бірінен шыққан өрттен бес бала мерт болып қайғы жұтып қалып едік, бүгін Петропавл қаласындағы бес қабатты үйдің бір кіреберісі тұтастай өрттеніп, әзірге белгілі болғанындай 2 адам қаза болып, он адам жарақат алды.

Тілсіз жау тағы да бас көтерді

Өрт орнында кешкі сағат 18.00-де болғанымызда ол әлі түтіндеп жатты. Облыс орталығының өртсөндіргіш қызметтері мен жедел-құтқарушылар газға қарсы құралмен қызу жұмыс істеуде екен. Полиция департаментінің қызметкерлері айналаны қоршап, қауіпсіздік үшін ешкімді кіргізбей қойған. Біздің журналистік куәлігімізді көрген соң ғана оқиға орнына жіберді.

Сол жердегі көз көргендердің айтуына қарағанда құтқарушылар адамдарды бірнеше зембілмен шығарған. Қазір жүзден аса тұрғын сол маңдағы №2 мектепке орналастырылыпты. Құлаған төбелер мен заттардың арасында қалған адамдар іздестіріліп жатты.

Үйдің бірінші қабатында «Қара жорға» атты кафе бар екен. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамил Камаловтың айтуына қарағанда өрт осы жерден шыққан деп болжануда. Бірақ бірінші қабатта одан басқа да бірнеше кәсіпкерлік кеңселері болған екен. Өрт бәлки солардың бірінен шығуы мүмкін. Біз барған кезде далада бірнеше газ балондары жатты. Соған қарағанда үйдің тұрғындары да әкелетін газды пайдаланған сияқты.

Үйдің кіреберісі құлаған. Құтқарушылар оны сырып, жол салып қана ішке кіре алған, сондай-ақ сырттан баспалдақпен кіруде. Үйлерден қалың түтін шығып жатқандықтан құтқарушылардың жұмысын қиындата түскен. «Қазір осы жерде 14 техника мен 60-тан артық адам жұмыс істеуде», деді Р.Камалов.

Өрт маңында айғай-шу, байбалам, дүрбелең жоқ. Өртсөндіргіштер мен полиция жағдайды толық бақылауға алған. Сағат 20.00 кезінде өрт толық ырықтандырылды.