Әлем • 22 Ақпан, 2021

Құс тұмауы адамнан анықталды

477 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ресейде алғаш рет құс тұмауы вирусы­ның H5N8 штаммын адамның жұқтыруы расталды. Мұны ресейлік «Вектор» орталығының ғалымдары анықтады.

Құс тұмауы адамнан анықталды

«Роспотребнадзордың» басшысы Анна Попованың айтуынша, 2020 жылғы желтоқсан айында Ресейдің оңтүстігіндегі құс фабрикасында вирус індеті тіркелген көрінеді.

«Ғалымдар фабриканың жеті қызметкерінен осы аурудың генетикалық материалын бөліп алды. Олардың бәрі өздерін жақсы сезінеді. Ауру жеңіл өтті», деді А.Попова.

Оның айтуынша, әзірге вирус адамнан адамға жұғып үлгермеген. Бірақ мутацияға ұшырағаннан кейін мұндай тәсілді де меңгеруі мүмкін.

«Вирус әлі адамнан адамға жұға алмаған кезде оны анықтауымыз бүкіл әлемнің әзірленуіне мүмкіндік береді. Яғни өзгерістерге бейімделіп, оған жол бермеуге, тест-жүйелерін жетілдіріп, вакцина жасауға жағдай жасайды. Осылайша, вирус патогенді, адамға қауіпті жағдайға жеткенше оған қарсы тұруға мүмкіндік туады», деді А.Попова.