Аймақтар • 22 Ақпан, 2021

Қалың елдің қабырғасын қайыстырды

501 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен жұма күні Жамбыл облысында қалың жұрттың төбесінен жай түскендей қайғылы жағдай орын алды. Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласының 2-шағын ауданындағы 5 қабатты тұрғын үйдің 3-қабатындағы пәтерден өрт шығып, қызыл жалын 16 шаршы метр аумақты шарпыған. Тілсіз жаудың салдарынан үйдегі киімдер мен жиһаздар өртеніп кеткен. Пәтер ішінде ата-анасының қарауынсыз кәмелет жасына толмаған 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылы туған бес бала қалып қойған. Белгілі болғанындай, балалардың әкесі Нұрсұлтан жұмыста болған, ал анасы Меңсұлу дүкенге шығып кеткен. Өрт салдарынан бес бала да түтінге уланып, жедел түрде ауру­ха­наға жеткізілді. Өкінішке қарай, араға біраз уақыт салып, бәрі де көз жұмды.

Қалың елдің қабырғасын қайыстырды

Орны толмас қайғы қараорман қа­зақ­ты теңселтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңатас қала­сын­дағы оқиғаға байланысты Әбді­мә­лі­ков­тер отбасының қайғысымен бөлісіп, қаза болған балалардың ата-анасы мен туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Президент бұл жағдайды бір ғана отба­сының емес, бүкіл еліміздің басына түс­кен трагедия деп санайтынын айта ке­ліп, балалардың ата-анасына жан-жақ­ты көмек көрсетуді тапсырды.

Қайғылы оқиғаның себебін анықтау үшін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Оқиға орын алған күні аталған комиссия төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, облыстық полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ермек Момбаев шұғыл түрде Жаңатас қаласына аттанды. Сондай-ақ жедел топ, жылжымалы өрт-техникалық зертхана, өрт сөндіру қызметі мен апаттық-құт­қару қызметінің психологтері де оқиға орнына барды. Жалпы, комиссия құ­рамына проку­ратура, полиция де­пар­та­менті, төтенше жағ­дайлар де­пар­та­менті мен басқа да мүд­делі мем­ле­­кет­тік органдардың өкіл­дері енген. Оқиға орнында өрт сөндіру ­қы­з­метінің 6 қыз­мет­кері мен 1 техника жұ­мыс атқарды. Сол күні өрт толығымен ауыздықталды.

 Араға бір күн салып, Жаңатас қала­сын­да орын алған жантүршігерлік оқиғаның себептері анықталды. Қала­дағы тұрғын үйден шыққан өрт оқи­ға­сы тез тұтанғыш материалдың бетіне ашық от көзінің түсуі салдарынан туын­даған. Аталған мәселеге орай, өңір­лік коммуникациялар қызметінің ақпа­рат алаңында брифинг өтіп, жиында Жам­был облыстық полиция департаменті бас­ты­ғының бірінші орынбасары Бақыт Ратаев өрт фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі, өрт қауіпсіздігі талап­тарын бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. «Сот-сараптама орталығы мамандарының алдын ала мәліметтері бойынша, өлім улы газдан уланудан, ал өрттің ашық от көзі тұ­танғыш материалдың, яғни төсектік орын жабындарының бетіне тигенінен бол­ған. Өрт­тің қорытынды себептері бар­лық қа­жет­ті сараптамалардың нәтиже­ле­рі бо­йынша жарияланатын болады», деді Бақыт Ратаев.

 Сонымен қатар Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бас­шысы Ермек Момбаев өрт-тех­ни­ка­лық зертханасының алдын ала зерттеу мәліметтерін жариялады. «Өрт бес қа­бат­ты тұрғын үйдің үшінші қаба­тын­да­ғы үш бөлмелі пәтерде орын алды. От бала­лар бөлмесінде тұтанған. Жалын 16 шаршы метр аумақты қамтыған. Жылжымалы өрт-техникалық зертханамен зерттеу жүргізу кезінде оқиға орнында жанған сымдар мен электр жабдықтары, пеш немесе басқа да қосымша жылыту құ­ралдары табылмады. Үй орталық жы­лы­туға қосылған», деді Ермек Мом­­баев. Ал облыс әкімінің орынба­сары Ұлан Жазылбек зардап шеккен отбасына барлық қажетті көмек көр­се­ті­летінін атап өтті. «Оқиғаның бар­лық мән-жайын анықтау үшін облыс әкі­мі­нің өкімімен комиссия құрылды. Оның құрамына жергілікті атқарушы орган­дар­дың, прокуратураның, полиция де­партаментінің, төтенше жағдайлар  де­пар­таментінің және басқа да жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері енді. Комиссия мүшелері қайғылы оқиға ор­нында болып, жұмыс жүргізуде. Біз­дің тарапымыздан барлық қажетті көмек көр­сетіледі. Соның ішінде пси­хо­ло­гия­лық көмекті және жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қолұшын береміз», деген Ұлан Жазылбек қара жамылған отбасына көңіл айтты. Әкім орынбасарының айтуынша, отбасы толыққанды. Балалардың әкесі Жаңатас қаласында жұмыс істейтін болса, анасы мұғалім болып еңбек етеді. Алайда қазіргі уақытта декреттік демалыста екен. Сондай-ақ Ұлан Жазылбек әлеуметтік желілерде тарап кеткен өрттен зардап шеккен 60 жастағы әйел туралы қауесетті жоққа шығарды. «Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Басқа зардап шеккендер жоқ», деді ол.

Оқыста орын алған қайғылы оқиға көпшіліктің қабырғасын қайыстырып, жүрегін жылатты. Сенбі күні өрттен қаза болған балаларды Талас ауданы, Үшарал ауылында жерлеу рәсімі өтті. Қаралы жиынға арнайы келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Әбдімәліковтер отбасына Мемлекет басшысының көңіл айту жеделхатын жеткізіп, қаза болған балалардың ата-анасына, жақындарына басу айтты. Әкім Президент тапсырмасына орай, балалардың ата-анасына жан-жақты көмек көрсетілетінін жет­кіз­ді. Марқұмдардың жаназасын Қа­зақстан мұсылмандары діни басқар­ма­сының Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы Бейбіт Мырзагелдиев оқып, жұртшылықты сабырға шақырды. Бірақ баға жетпес байлықтың орнын ешкім толтыра алмасы анық. Тілсіз жау­дың тұтқынына түсіп, тылсым әлем­ге бейуақытта көшіп кете барған бала­лар­­дың бейкүнә жанары, кіршіксіз тағ­дыры әр қазақтың жүрегінде өшпес өкі­ніш, тарқамас мұң болып қалды. Бақи­ға беймезгіл бет түзеген бес бірдей бал­дыр­ған­ды жоқтағандай, сол күні аспан да жылап тұрып алды...

 

Жамбыл облысы