Қанша жерден аттандасаң да алдияр оқырман өз ұстанымын үкілеп, сана биігінде жазу иесін саралайтыны ақиқат. Біз оған бола «болмасты да болады деп арманда» деген ақын қағидасын өткізуге тырыспаймыз. Әйткенмен, неге ғана Ұзақбай Доспанбетовті оқымады деп, аязды ақпандай суық қоғамда домбыққан жанына от берер жалынды шығармалармен таныс болмағанына налимыз. Әйтсе де, әдеткі оқырмандардың жүрегінде жатталған, әдеби ортада өзінің асқақ тұлғасын тік ұстап, шығармашылық қуатымен талайды таңдандыра білген жазушыға емес, қазіргі кітапқұмар жандардың ел аузында жүрген шырайлы шығармаларды ғана оқуға әдеттенген кемшілігіне теріс қарайтынымыз жасырын емес. Бұл – үлкен өкініш.
Кіндік қаны тамған туған жердің маңғаз да майлы топырағындай ыстық пен суықты жүрегінен өткізген жазушы, Жетісудың тұмса табиғаты көзге қандай көркем де кербез көрінсе, өзі де сол табиғат-болмысына лайықты шығармалар тудырды. Жезайыр жазушы Асқар Сүлейменовтің осы бір «табиғат-болмыс» деген тіркеске берген түсінігі көңілді күй әуезімен әрлегендей әсер қалдыратыны бар. Даңғайыр жазушы «Көп естиміз: Әуезовті аса талантты дейді. Тағысын тағылар. Бекер. Себебі табиғат-болмысты талантты деуге мүмкін емес. Себебі табиғат-болмыс талант емес, ал талант табиғаттың деңгейінде болса бір сәрі», деген түсінікті әдебиет кеңістігіне сыналап кіргізіп, еркін қалықтатып жібергенімен қоймай, бұл ғажайып сөзді Мұхтар Әуезов әлемімен тоқайластырады. Пікірге ешқандай қосып-алар сын жоқ. Сол секілді қазақтың қоңыр сөзін сапырып, жүздің жүрегін толғағандай етіп бір өзі байтақ далаға үн қатқан Ұзақбай Доспанбетов те табиғат-болмысына лайық бола білген қаламгер.
Оның да өнер кеңістігінде біз жатқа оқитын классиктер секілді бос орын жоқ. Құмырсқа өтер жер қалдырмаған қырағы жазушы ұзақ жылдық шығармашылық ғұмырында барлық тақырыпты қаузады. Тарих пен тағылым, сезім мен сенім, таным мен ұстаным, адамгершілік пен мейірім, қаталдық пен қиянат деген ұғымдарды бір адамның көзқарасымен емес, адамзаттық түсінікпен бедерледі. Дегенмен әдебиетте әр қаламгердің оң жамбасына оңтайлы келетін тақырыптар болады. Оған жекелей мысал келтіріп жатудың өзі ыңғайсыз. Балалық шағы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарымен тұспа-түс келгендіктен бе, оның шығармашылығының басым көпшілігі жаугершілік заманмен астасып, байырғы батыр бабаларымыздың өнегелі ғұмырнамасына арналған. Оған дәлел ретінде «Ел есінде», «Шың мен шыңырау», «Қызыл жолбарыс», «Абылайдың ақ туы» романдарын мысалға алуға болады. Соның барлығы да ана мен бала, майдан мен қарақоныста қалған жетім-жесір, ұлан-байтақ жерін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен сақтап қалған батырлар тағдырынан сыр шертеді. Жай ғана емес, тарихты таразылап, көңілді нілдей бұзып, көкіректі шерге толтырып сөйлейді. Сол батпан жүкті арқалаған сөздің құдіреті телегей теңіз. Ол қазақтың кермек татыған сан ғасырлық жасын шығармаларына арқау ете отырып, болашаққа қолда бардың қадірін білуді ымдайды. Сонын бәрі – тарпаң тарихты шоқ басқандай ашық та айшықты бедерлеген өз қолтаңбасының көрінісі.
Шындығында, Ұзақбай Доспанбетов – тек қана жазушылық қырымен ғана емес, ұлт руханияты үшін аянбай еңбек еткен күрескер тұлға. Бірде филология ғылымдарының докторы, профессор Темірбек Тебегенов: «Ұзақбай – қазiргi ұлттық сөз өнерiндегi белгiлi қаламгерлердiң бiрi. Оның повестерi лирикалық-сыршыл, психологиялық драматизмге толы поэтикалық сипатымен ерекшеленедi», деп жазып, «Адамтану суреткері» деген баға берген екен. Орынды сөз. Күрмеуі қиын мәселелерді шешудің бастамашысы болып, қоғамдағы қайшылықтар мен жұмбақ дүниелерді ой елегінен өткізді. Рухани текетіресте сүбелі ойларын ортаға салып, дәйек-дәлелімен сөйлеп, қазақ тілінің қамы үшін от кешуге де барды. Ел аузындағы аңыз-әңгімелерді жинап, Мәскеу мұрағаттарында тапжылмай отырып, шаң басқан шежірелі деректерді елге қайтарды. Тауанды тарихқа келгенде толғақты тақырыптарға тереңдеп, Абылай ханнан бастап, Абай мен Жамбылдың құрдасы, Құнанбай мен Шәкәрімнің көзін көрген атақты Жәлменде бидің ғибратты ғұмырынан сыр тарқатты.
Иә, қоғам қайреткері ретінде атқарған игі істерін түгендеудің өзі үлкен ізденісті талап етері хақ. Ал оның қаламынан туындаған әңгіме, повесть, роман мен мақалаларды айтар болсақ, адалдықты жаны сүйетін жазушы екенін аңдаймыз. Жазушының мына бір оймақтай ойына зер салыңызшы. «11 жылдық оқу жүйесінің елу жылдағы зардабы – жаппай «отырып қалғандардың» санының артуына әкелсе, 12 жылдық білім жүйесінің нәтижесі қандай болмақ? Бұл реформа – халықтың маңдайына біткен соры. Кәрі қыздар мен сүрбойдақтардың саны бұдан екі есе артып, жастар бала тууды қояды. Содан келіп демографиялық жағдай құлдырап, халық саны кемиді. Сондықтан 10 жылдық оқу жүйесін қайта қалпына келтіру керек», дейді. Шынында, қаламгер қауым үшін осындай ең басты қасиет саналатын көрегендік пен адалдықтың шыңына шығып, сонымен қатар ұлт үшін ақиқаттың ауылына ат шалдырған шыншыл тұлға екенін сыни еңбектерінен анық байқауға болады.
Әдебиет саласында қалтқысыз қызмет еткен қаламгер мәңгілік тақырыпты қозғаудағы шеберлігі мен адам жүрегінің нәзік пернесін дөп баса білетіндігімен ерекше. Сондай-ақ барынша адамзаттық ойдың мөлдір тұнбасын туындысына салып, ғажайып оқиғаларды сабақтау арқылы сананы жаңғыртып алатын күшке ие. Сөз шеберінің қарымды қаламынан әр жылдарда туындаған «Қардағы гүл», «Сырғалы қыз», «Гауһар тас», «Ғарыш әні», «Сағым» сынды көптеген шығармасы шынайы махаббат пен іңкәрлік, адамгершілік сынды асыл қасиеттерге бойлап, өмірдің мәні мен мазмұнын көркем бейнелейді. Саны емес, сапасына мән беріп, кіл жауһарын іздейтін кемеңгер елдің әдеби қорына қосқан туындыларының барлығы – көңіл төрінен кетпейтін ерекше ыстық дүниелер. Талайлы тарихқа нұсқа болатын ерекше еңбектер десек те, артық айтқанымыз емес.
Сексеннің биігіне аяқ басқан қаламгер жайлы көп нәрсе жазуға болады. Оның көз майын тауыса жазған зерттеу еңбектері мен роман-эпопеялары, повестері мен мақалалары жыл айналып соғатын алтын қойма іспетті. Әдебиетке, әсіресе тарихқа қызыққан жас талапкер шөлін басар мөлдір бұлақ сонда ағып жатыр. Айналып келіп, қайта-қайта ішкің келе береді. Біз осы орайда қаламға серт еткен қаламгердің ғұмыр-қиссасы ізгілікпен боялып, том-том кітаптарын соңынан іздеп оқыр ойлы оқырмандары көп болсын деп тілейміз.