Экология • 22 Ақпан, 2021

Қолдағы ресурсты ақылмен игерсек игі

388 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстанда минералдық-шикізат ресурстары жеткілікті. Жасыра­тыны жоқ, ұлттық экономикадағы едәуір үлес осы пайдалы қазба­ларды игерумен байланысты. Алайда экономиканы құтқарамыз деп, экологияны құртып алмаған одан да маңызды. Сол себепті бұл бағытта тепе-теңдікті сақтап, қолдағы ресурстарды пайдалануда тұрақты даму тетіктеріне жүгінген абзал.

Қолдағы ресурсты ақылмен игерсек игі

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, еліміздегі су ресурстарын басқаруда жыл он екі ай бойы шекаралас мемлекеттермен бірлескен комиссиялардың отырыстары өт­кізілді. Мәселен, суармалы судың тапшылығын шешу мақсатында қыр­ғыз тарапымен келіссөздер жүргізіліп, электр энергиясымен тауар алмасу бойынша келісімдерге қол жеткізілді. Нәтижесінде Тоқтоғұл су қоймасынан 330 млн текше метр көлемінде суармалы су қосымша тасымалданды. Сондай-ақ осы жүйеге сәйкес, Тәжікстан аумағынан БахриТочик су қоймасынан 300 млн текше метр көлемінде қосымша су ағызу қам­тамасыз етілді.

«Сырдария өзенінің бассейні бо­йын­ша ынтымақтастық мәселеле­рін­де Өзбекстан Республикасымен әріп­тестік маңызды рөл атқарады. Был­тыр елдер арасындағы су қаты­настарының барлық бағыты бойын­ша ынтымақтастықты тереңдету жө­ніндегі жұмыс тобының 11 отырысы өткізіліп, соның аясында Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуына бай­ла­нысты мәселелер де қаралды», деді Экология, геология және таби­ғи ресурстар вице-министрі Серік Қо­жаниязов.

Ресей Федерациясымен ынты­мақтастық шеңберінде былтыр қазан айында Жайық және Ертіс өзендерінің бассейндерінде ынтымақтастық және зерттеулер жүргізу жөніндегі Жол картасына қол қойылды.

«Нәтижесінде тараптар транс­шекаралық өзендердің гидрология­лық ағынын, бірінші кезекте Жайық өзені бассейнін жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлейтін болады. Айта кету керек, су тартудың барлық рес­публикалық көлемінің 97%-ы елі­міздің оңтүстік өңірлеріне, атап айт­қанда Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарына тие­сілі. Қиындықтарға қарамастан суармалы су беру жоспары орындалды», деді вице-министр.

Былтыр орташа жағдайдағы 11 мың шақырым магистральдық және шаруашылықаралық арналардың 813 шақырымы жөнделіп, бұл тасымалдау кезіндегі шығынды 166 млн текше метрге қысқартуға мүмкіндік берді. Қалпына келтірілген суармалы жүйелердің инфрақұрылымы айналымға 53,5 мың гектар енгізуге жол ашады. К-19 магистралды каналын цифрландыруға байланысты алғашқы қанатқақты жоба іске асырылып, нәтижесінде суару режімінің 45%-на дейін суармалы судың артық шығыны анықталды.

Геология саласында алғаш рет 20 кен орны мемлекеттің қарамағына өтіп, алдын ала деректер бойынша 7,5 млрд теңгеден астам инвес­тиция геологиялық салаға тартылды. Экология, геология және табиғи ре­сурстар вице-министрі Серікқа­ли Бре­кешевтің айтуынша, 2020 жы­­лы 56 нысанда жер қойнауына мем­­­­л­е-­
­­­кеттік геологиялық зерттеу жүр­гі­зі­ліп, оның нәтижесінде пайдалы қаз­­балардың перспективалы учас­ке­лері анықталды. Атқарылған жұ­мыс­­тардың қорытындысына сәйкес, бол­жамды ресурстардың өсімі жос­парлы көрсеткіштің деңгейінде тұрақ­тады. Атап айтсақ, алтын – 12,6 тонна, күміс – 96 тонна, мыс – 65 мың тонна, қорғасын – 968 мың тонна, сондай-ақ мырыш – 1,1 млн тоннаны құрады.

Вице-министрдің сөзіне сенсек, былтыр пайдалы қазбалар қорының ұлғайғаны байқалды. Айталық, 111,5 тонна алтын, 55,4 мың тонна уран, 13,8 млн тонна темір кені және 31,7 млн тонна мұнай өндірілсе керек.

«Былтыр «Қазгеология» АҚ ин­весторлармен бірлесіп, жер қойна­уына жүргізілген геологиялық зерттеу қо­ры­тындылары бойынша ал­тын өн­ді­руге қатысты «Шекара», сол се­кіл­ді түсті және асыл металдар­дың «Арго» перспективалы учаскеле­рін анық­тады. Компанияда барлығы 47 ин­вестициялық жоба жүзеге асыры­лу­да», деді С.Брекешев.

2020 жылы геология саласында­ғы айтарлықтай жаңалықтардың бірі 2021-2025 жылдарға арналған гео­логиялық барлаудың мемлекеттік бағ­дарламасының жобасын әзірлеу. Ведомство өкілдері маңызды құжат Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ұлттық жоба ретінде қайтадан дайындалатынын жеткізді.

«Ұлттық жоба минералдық-ши­кізат базасының бәсекеге қабі­лет­тілігін арттырып, тұрақты толық­ты­руға, дамытуға және қолдауға бай­­ла­нысты еліміздің аумағындағы геологиялық зерттеулерді ұлғайтуға бағытталып отыр. Ол мемлекеттік бюджет және жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады», деді министрдің орынбасары.

Сол секілді жыл қорытындысы ретінде «Еуразия» жобасына қатысты жұмыстың қайта жанданғанын айтты. Жобаның негізгі мақсаты – тереңдігі орталық бөлігінде 18-20 шақырымға жететін Каспий маңы ойпатының тереңдігін зерттеу. 15 шақырымға дей­інгі аса терең ұңғыманы бұрғылау гео­логиялық қиманы зерттеуге және көмірсутектерді іздестіруге қа­тыс­ты бассейн әлеуетін бағалауға мүм­кіндік береді. Министрліктің ақпа­ратына сәйкес, 2021 жылы сала алдында жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеу жүргізу, 70 ны­санда ресурстарды іздеу және ба­ға­лау, «Қазақстан Республикасы мине­ралдық ресурстардың ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесін іске қосу және 2025 жылға дейін орталық және батыс өңірлерде 2 Керн сақтау қоймасын салу бойынша міндеттер қойылды.

Еліміздің жасыл белдеуін көркейту бағытында да биыл ауқымды жоспарларды атқару міндеті қойылған. Нақты айтқанда, Президенттің тапсырмасына сәйкес, орман қорын 5 жылда 2 млрд ағашқа көбейту межесі тұр. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, Қазақстанда 2019 жылмен салыстырғанда орманмен қамтылған алқап 188 мың гектарға ұлғайды.

«Мемлекет басшысының орман қорында 5 жыл ішінде 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындауға қатысты облыс әкім­дік­терімен бірлесіп, өңірлерде орманды мо­лықтыру мен өсіру жөніндегі кешенді жоспарлар бекітілді. Ағаш отырғызудың едәуір көлемі Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Семей мен Ертіс орманы резерваттарының аумағында болжанып отыр», деді Е.Нысанбаев.

Спикер айтқандай, Орман ша­руа­шылығы және жануарлар дү­ниесі комитетінің табиғат қор­ғау мекемелерінің және облыс әкім­діктерінің орман қорғау мекемелерінің күшімен 5 жыл ішінде 843 мың гектар алқапта 1,7 млрд ағаш отырғызылады. Бұл 2030 жылға қарай еліміздегі орман қорын 5%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«Мемлекеттік орман қоры аума­ғында орман өрттерінің 701 жағдайы тіркелді, оның ауданы − 41,8 мың гектар, республика көлемінде келтірілген шығын мөлшері − 2,1 млрд теңге», деді министрдің орынбасары.

Орман өрттерінің басым бөлігі Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар және Түркістан облыстарында, сондай-ақ «Семей орманы» резерватының аумағында тіркелді. Вице-министрдің айтуынша, былтыр заңсыз ағаш кесу 25%-ға төмендегенімен, тұтастай жағымсыз фактілер түпкілікті тыйылмай тұр. Бұған қоса былтыр «Өсімдіктер әлемі туралы» заң жобасының әзірленгенін айта кеткен орынды.