Спорт • 22 Ақпан, 2021

Шығыстың жігіттері қара үзді

1660 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысында ерлер арасында волейболдан республикалық «Үшқоңыр» турнирі өтіп, жүлделі орындардың төртеуін де шығысқазақстандық ойыншылар қанжығаға басты, деп жазады Egemen.kz

Шығыстың жігіттері қара үзді

Дәстүрлі турнирдің мақсаты әдеттегідей; халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақыру еді. Сонымен қатар үздік командаларды, үздік ойыншыларды анықтап, бұдан да үлкен жарыстарға дайындау. Бұл жарыстың бір ерекшелігі – турнирге әуесқой ойыншылар ғана қатысты.

Елбасының туған жері Шамалғандағы «Үш қоңыр» спорт кешенінде өткен дүбірлі додада Қазақстанның өңірлерінен келген 12 команда  бақ сынасты. Қарсылас командалар төрт топқа бөлініп, төртеуінен де суырылып Шығыстың ойыншылары шықты. Жарыс нәтижесінде IV орын Тарбағатайдың жігіттерінен құралған «Жігер» командасына бұйырды. III орынды Күршім ауданынан келген «Барақ батыр» командасы қанжығаға басты. II орынды шығысқазақстандық «Шекара Шығыс» командасы алды. Ал I орынды Күршім, Катонқарағай, Тарбағатай, Зайсан ауданының спортшыларынан құралған Алматының «Ынтымақ» командасы еншіледі.

Әділет Қадырханов, Айдар Асхатов, Шалқар Калымов, Біржан Оспанов сынды волейболшылар шеберліктерімен ерекшеленді. Ойыншылардың әзірліктеріне жаттықтырушылардың да тер төккені белгілі. 

– Ойын өте тартысты өтті. Қызылорда, Тараз, Алматы облыстарынан Алакөл, Райымбек аудандарынан келген командалардың да дайындығы мықты болды. Әу дегенде-ақ шығыстықтар әр топтан бірінші болып шығып, өзара сайысқа түсті. Доп додасының өтуіне ұйытқы болған «Аль-Азим» қоғамдық орталығына, төрешілерге рақмет. Осындай жарыстарда ойыншылар шыңдала береді, - дейді жаттықтырушы Мейір Рамазанов.

Бұған дейін де аталмыш турнирде шығысқазақстандық «Мұзтау» командасы бірінші орын, Күршім ауданының «Барақ батыр» командасы екінші орын алған-тұғын.