Әлихан Бөкейханның есімін мәңгі есте қалдыру, тарихи-мәдени мұрасын сақтау мақсатында Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Алаш» мәдениет және рухани даму институтымен және «Ауыл шаруашылығы ардагерлерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып, бірқатар іс-шараны жүзеге асыруда.
Атап айтқанда, Ә.Бөкейханның 155 жылдық мерейтойы қарсаңында Бурабай курорттық аймағында орналасқан Қазақстандағы жалғыз орман шаруашылығы және агроорман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына алғашқы ұлттық ғалым-орманшының есімі берілді.
Бүгінгі таңда бұрынғы Императорлық Орман институтының бас оқу корпусының – бүгінгі Санкт-Петербург мемлекеттік орман техникалық университеті ғимаратының қабырғасына оның үздік түлектерінің бірі – Әлихан Бөкейханға арналған мемориалдық тақта орнату мәселесі қолға алынды.
Аталған жоғары оқу орнының бай кітапханасына Әлихан Бөкейханның 15 томдық шығармалар жинағы сыйға тартылды. Ол «Әлеуметтік маңызды әдебиет» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген.
Сонымен қатар Әлихан Бөкейханның тарихи-мәдени мұрасын сақтауда ауқымды істер атқарылғанымен, оның ғылыми мұрасын зерттеу мәселесі, қазіргі жетекші ауыл шаруашылығы ғалымдарының пікірінше, жете ескерілмей отыр. Өйткені көрнекті қайраткердің қазақтардың егін және мал шаруашылығы бойынша, оның ішінде қой шаруашылығы мен жылқы шаруашылығы туралы статист-ғалымдар Ф.Щербина (1897-1901 жж.) мен С.Швецовтың (1902-1903 жж.) басшылығымен бірқатар ғылыми экспедиция құрамында жүргізген іргелі зерттеулері бар. Сондай-ақ 1926 жылы Қазақ АССР-інің Адай ауданын (қазіргі Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары) зерттеген КСРО Ғылым академиясының Антропологиялық экспедициясына қатысқан.
Әлихан Бөкейханның кейінгі ұрпаққа қалдырған бай мұрасы, әсіресе іргелі зерттеулері Қазақстан Республикасының зияткерлік меншігін құрайтыны сөзсіз. Сондықтан оның ғылыми еңбектерін жан-жақты талдау егемен еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамыту ісінде пайдасы тиюі әбден мүмкін.
Өзінің бүкіл саналы өмірін халқымыздың бостандығы, қазақ ұлттық мемлекетінің қайта өркендеуі мен тәуелсіздігі үшін күреске арнаған Әлихан Бөкейханның бай мұрасын ел игілігіне, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру ісінде барынша пайдалана білгеніміз жөн.
Майкен АЗЕНОВ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты