Медицина • 23 Ақпан, 2021

Жүректің ишемиялық ауруы кезінде керек кеңестер

4958 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жүректің ишемиялық ауруы – бұл миокардтың жүрек бұлшықеттерінің қанмен қамтамасыз етілуінің жеткіліксіздігі. Оған әртүрлі дәрежедегі коронарлық артериялардың атеросклерозы себеп болады.

Жүректің ишемиялық ауруы кезінде керек кеңестер

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиолог дәрігері, м.ғ.к. Гүлнара Үдербаеваның айтуынша, жүректің ишемиялық ауруының дамуында холестерин деңгейінің жоғарылауы секілді факторлар орын алып, атеросклероздың дамуына әсер етеді және жүректің ишемиялық ауруының болу қаупін 2-5 есеге арттырады. Артериялық қан қысымының жоғарылауы жүректің ишемиялық ауруының даму ықтималдығын 2-6 есеге арттырады. Темекі шегу жүректің ишемиялық ауруын 1,5-6 есеге арттырады. Гиподинамия мен семіздік —белсенді өмір сүретіндерге қарағанда дене қимылы аз адамдардың жүректің ишемиялық ауруына шалдығуы 3 есеге жоғары болады. Қант диабеті ишемиялық ауруға шалдығу қаупін 2-4 есеге арттырады.

Жүректің ишемиялық ауруы кезінде дұрыс тамақтанып, тағамның құрамында белок, майлар, көмірсу, микроэлементтер, витаминдерге жеткілікті болуы тиіс және холестерин, май мен тұзы аз өнімдерді пайдаланған жөн.

Гүлнар Кәрібайқызы ас мәзіріне:

  • теңіз тағамдары мен көксерке, нәлім, алабұға сияқты балық түрлерін;
  • өсімдік майы қосылған кез келген көкөніс салаттарын;
  • майсыз ет түрлері – күркетауық, жас сиыр, қоян еттерін;
  • ашыған сүт өнімдері – май пайызы төмен айран, қаймақ, ірімшік, сонымен қатар кез келген қатты және жұмсақ тұзсыз және ащы емес ірімшіктер;
  • кез келген жеміс-жидектер және олардан жасалған тағамдар;
  • тауық жұмыртқасының сарысы – аптасына кемінде 4 данадан аспауы тиіс, бөдене жұмыртқасы – аптасына кемінде 5 данадан артық емес;
  • жарма және күріштен басқа, кез келген ботқа түрлерін қосуды ұсынады.

Дәрігер ет және балықты, оның ішінде сорпа, кондитер өнімдерін, қант, жарма мен күріштен жасалған тағамдар, ащы және тұздалған тағамдар, сондай-ақ шоколад пен кофе, какаоны пайдаланбау немесе оларды тұтынуды азайту туралы атап өтті. Жүректің ишемиялық ауруында күніне 5-7 рет, бірақ аз-аздан тамақтанған дұрыс.

Жүрек жұмысы жағынан болатын аздаған өзгерістерге көңіл аударған дұрыс. Маңызды симптомдары:

  • әлсін-әлсін қол, жауырын немесе мойынға берілетін кеуде артында, кеуденің сол жақ жартысында пайда болатын ауыру сезімі;
  • кеуденің қысуы мен ауаның жетіспеушілігін сезіну;
  • жалпы әлсіздік, сондай-ақ кеуденің сыздап ауыруы немесе ауырлықтың болуы;
  • белгісіз этиологияда жүректің айнуы мен құсуы.

Стенокардия ұстамасының өршіген кезінде шұғыл түрде медициналық көмек көрсетілуі тиіс: науқас тыныш және жайлы орынға орналасуы тиіс. Дененің оңтайлы түрі – шалқалап отырғызу керек. Егер  ауыру қозғалған кезде өршитін болса, онда тоқтап, отыра тұру қажет. Науқаста қорқу сезімін болдырмас үшін тыныштандыратын дәрілер қабылдаған жөн. Киімін шешіп, кеудесін ашып  және таза ауа кіру үшін бөлмені желдету қажет. Тілінің астына нитроглицериннің бір таблеткасын салу керек, себебі ол тамырларды кеңейтеді, жүрек соғысын қалпына келтіреді және ауыру синдромын тоқтатады. Ол ерігенде қанды сұйылтып және қанайналымын жақсарту үшін аспириннің бір таблеткасын тілдің астына салу керек. Егер нитроглицеринді қабылдағаннан кейін 10 минут өткен соң денсаулық жағдайы жақсармаса, дәріні қайта қабылдау қажет. Күрделі жағдайларда 10 минуттық үзіліспен 5 таблеткаға дейін қабылдауға болады. Симптомы тоқтағаннан кейін науқас төсектен тұрмауы тиіс. Кейінгі 2 сағаттың ішінде төсекте жату режимі қатаң сақталып, тыныштық пен демалуы қамтамасыз етілуі тиіс.